Петропавлдық мұғалім «күн» балаларға арналған орталық туралы: Елге пайдалы болу – жүрек қалауы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бір жыл бұрын Петропавлда Даун синдромы бар, тіл дамуы тежелген, тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған балаларға арналған «Жүрек жылуы» орталығы ашылды. Бұл орталықта «Күн» балаларға сабақ тегін жүргізіледі. Ал олардың ата-анасына психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі.

«Жүрек жылуы» орталығында инклюзивті кабинет ашу Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі, PhD докторы Дина Құдабаеваның идеясы. Ұстаз ғылыми ізденісі мен қоғамдық белсенділігін тиімді үйлестіре біледі. Биыл Дина Құдабаева «Әлем мұғалімі-2021» жаһандық сыйлығына ұсынылған. «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында ұстаз арманын қалай жүзеге асырғаны жайлы айтып берді.

– Дина Айтжанқызы, өзіңіз, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз? Мамандық таңдаудауда не әсер етті?

- Алтыншы сыныпқа дейін ауылда оқыдым, кейін әке-шешем Петропавл қаласындағы «Дарын» мектеп-лицейіне берді. Ол кездері көптеген жақсы мұғалімдер ауылдан кетіп қалып, бір мұғалім үш-төрт пәннен сабақ беретін. Ата-анам Троицктегі ветеринария институтын бітірген. Әкемнің «ғылым кандидаты» ғылыми дәрежесі бар. Мен соларға қарап бой түзедім. Облыс орталығына көшу болашағыма бастау болды. Осында мен өз ұстазымды кездестірдім. Жаңа мектепте физика пәнінен облысқа белгілі физика-математика ғылымдарының кандидаты, астрономия кафедрасының доценті Солодовник Андрей Андреевич дәріс бере бастады. Кейін университетте «Астрономия» мамандығы ашылып, аса қызығушылықпен оқыдым. Университетті қызыл дипломмен бітіріп, бірден магистратураға грантқа түстім. Солтүстік поляр шеңберінің тысындағы Кируна қаласында Швеция ғарыштық физика институтында тағылымдамадан өттім. «Физика ғылымының докторы» академиялық дәрежесін алып, аспирантураға түсуге дайын сәтімде Швециядан Ресей ғылым академиясының А. М. Обухов атындағы Мәскеу атмосфералық физика институтының аспирантурасында бос орын бар деген хат келді. Институттың атмосфераның жоғарғы қабаты зертханасында ғалымдар күміс түсті бұлттарды зерттеумен айналысатын. Мен ойланбастан Мәскеуге барып, емтихан тапсырдым. Нәтижесінде, бес жылға тегін оқуға қабылдандым. Қазір Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып қызмет етемін.

- Сіздің бастамаңызбен Петропавлда ерекше білімге қажеттілігі бар балаларға арналған «Жүрек жылуы» кабинеті ашылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға не түрткі болды?

- Біз, «Қазақстан мұғалімі-2020» ұлттық сыйлығының финалистері, бір жыл ішінде тек ұстаз ретінде ғана емес, мектеп қабырғасынан тыс жерде де жұмысымызды көрсетуіміз керек болды. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған кабинет ашу туралы арманым орындалды. Неге дәл осы идея? Өйткені мен Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмысыммен қатар волонтерлік қозғалысқа да қатыстым. Бізге «Күн үйі» қорының балалары, сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар жиі келетін. Ол кезде Даун синдромы бар балалардың сабақ оқуына қолайлы жағдай жоқ, тіпті жертөлелерді жалға алуға тура келді. Осының бәрін көрген соң оларды қуантуды армандадым. Психолог пен дефектолог сабақ өткізетін, сурет салу, би, театр өнерін үйренетін және т.б. қажеттіліктеріне керек кең, жылы әрі жарық кабинеті болса деп армандадым. Бірақ мұны қалай жүзеге асыра аламыз деген сұрақ мазалады. Өйткені ауқымды қаржы керек, моральдық тұрғыдан да оңай шаруа емес. Ақырында мен бұл ойымды мектебіміздің басшылығына жеткіздім. Олар мені қолдады. Санаулы күндердің ішінде демеушілер табылды. Білім басқармасымен, Оқушылар сарайымен келісіп, балалар мен олардың ата-аналарына, қамқоршыларына арналған «Жүрек жылуы» деп аталатын тегін кабинет аштық.

– Бұл кабинетке қанша бала келеді және «Жүрек жылуы» орталығының тәрбиеленушілерінің бір жылдағы жетістіктері қандай?

– Кабинет ашылғаннан бері үлкен шаруалар атқарылды. Бізге Даун синдромы бар, психикалық дамуы тежелген, аутизм спектрі бар 30-ға жуық бала келеді. Жастары да әртүрлі, 3 жастан жоғары. Мынау демалыс бөлмесі, мұнда балалар бимен, театр өнерімен, сурет салумен, музыкамен айналысады. Бұдан бөлек, психолог та жұмыс істейді. Балалардың дамуын, бұйымдар жасауын, түрлі көріністерді сахналауын, би билеуін біздің жетістігіміз деп айтар едім. Осылайша күнделікті дайындықтың нәтижесінде балалар жуырда «Шекарасыз шығармашылық» байқауында бірінші орын иеленді. Кабинетімізде кітап көп, мектепке дайындалуға арналған түрлі материал бар. Мектеп жасына дейінгі балалар «Шұғыла кітап» баспасы сыйлаған оқу құралдарымен дайындалғанды ұнатады, үлкен топтағы балалар көп оқиды.

– Бұл кабинеттің негізгі миссиясы қандай?

– Біздің кабинетіміздің миссиясы – мүмкіндігі шектеулі балалардың бос уақытын ұйымдастыру, сонымен қатар оларды шығармашылық бағытта дамыту. Менің ойымша, мұндай кабинет барлық жерде болуы керек, бірақ әлі аналогтарын көрген емеспін. Бұған дейін балалар мен олардың ата-аналары тұрғын үйлердегі жертөлелерді жалға алып жүрген. Өйткені жеке ғимаратты жалға алу өте қымбат. Ал балалардың көбінің денсаулығы әлсіз. Қант диабетімен ауыратындар бар. Сол себепті осындай демалыс орталығының ашылуы балалар мен олардың ата-аналары үшін үлкен көмек болды деп ойлаймын.

– Жұмысыңыздың нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

Біз бұл кабинетті 2020 жылдың желтоқсанында аштық. Кабинет әлі күнге жұмыс істеп тұр, жұмыс кестесі бар. Ең бастысы, балалар мәз, олармен бірге мен де дән ризамын. Өзгелер «Мұның бәрі маған не үшін керек?» деп сұрауы мүмкін. Ал мен не деп жауап берерімді де білмеймін. Бұл менің жүрегімнің, көңілімнің қалауы. Әлемге, елге пайдамды тигізіп, мағыналы өмір сүру мен үшін маңызды. Осындай ізгі істер маған күш-қуат береді. Жолымда жақсы адамдар кездесіп, көмегін беріп жатады. Егер тағдыр арманыңыздың орындалуына қажет барлық мүмкіндікті беріп тұрса, демек, оның бір мәні бар.

- Сұхбатыңызға рақмет және кәсіби қызметіңізге табыс тілеймін!

* Суретті түсірген Дина Құдабаева

* Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.


Сейчас читают