Дәмеш Мұратова: Мені әлемге өзгеше қарауды үйретті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлемде 17 миллионнан астам адам церебралды сал ауруы диагнозымен өмір сүреді. Церебралды сал ауруын «емдеу» мүмкін емес, бірақ өзін өзгемен тең сезінудің жолдары бар.

19 жастағы Дәмеш Мұратова өмірге көзқарасы ерекше жан. Ерейментауда дүниеге келген сәбидің мойын жүйкесі зақымданған. Соның салдарынан ол аяқ-қолын қозғалта алмай қалды.

– Мұны естіген туған-туысым шошып кеткен. Әкем жағынан ата-апам бірден бас тартып, балалар үйіне өткізіп жіберсе, бәрі үшін жақсы болатынын айтқан.

Бірақ нағашы апасы үмітін үзбей, өз тәрбиесіне алған. Сәбиді оңалту үшін апармаған ауруханасы жоқ, бәрінің қойған диагнозы бір - церебралды сал ауруы. Баланың жетілу сатысына сай диагноздың формасы өзгеріп отырды.

- Мен қыли болып тудым. Көру қабілетім нашарлап кетпеуі үшін дәрігерлер маған көзілдірік жазып берді. 8 жасымда көзіме операция жасалды. Отадан кейін жақсы көре бастадым. Дәрігерлер оқыс қимыл жасауға болмайтынын, көзге ауыртпашылық түсірмеу керек екенін айтты. Алайда, балалықтан айтқан кеңестерін орындамадым. Соның салдарынан көзімнің көру қабілеті қайта нашарлап, көзілдірік таға бастадым. Көру қабілетім қалпына келсе деп армандаймын.

Ол балалармен бірге асыр салып ойнағысы келгенімен, өзгелерге ұқсамағаны үшін қатарластары одан бойын аулақ ұстайтын. Дәмеш мектепке бармады, әлеуметтік қызметкерлер мен мұғалімдер үйіне келетін.

- Менің алғашқы әрі сүйікті ұстазым Ирина Сергеевна көп еңбек сіңірді. Басқалар менің жаза алатыныма, оқи алатыныма күмән келтірді. Ал ұстазым кәміл сенді. Менің дамуым үшін қолынан келгеннің бәрін жасап, оқу мен жазуды үйретті. Бұл маған өте көңілді әрі қызық болды. Үзілісте түрлі ойын ойнайтынбыз. Ол маған әлемге өзгеше қарауды үйретті.

Дәмештің әкесі ерте қайтыс болған. Бүгінде анасы мен әжесі оған үлкен қолдау көрсетеді.

- Жалғыз қалған сәттерде барлық баланың әкесі бар, ал менде неге жоқ деп ойлаймын. Кейде әке махаббаты қандай екенін, ол қасыңда болса, қалай болатынын білгім келеді. Өкінішке қарай жауап таба алмаймын.

Есейе келе Дәмеш өзіне қойылған диагнозға үйрене бастады. Бірақ ол өзін қажетсіз санап, Жаратқанның неге мұндай сынақ жібергені туралы ойланатын.

- Көбі мені мазақ етіп, келемеждесе де, мен өзімнің көп нәрсеге қабілетті екенімді дәлелдедім. Өйткені, менің өмірге деген көзқарасым мүлдем басқа. Мен көп нәрсені армандаймын, өзімнің ең үздік нұсқам бола алатынымды дәлелдегім келеді!

Ол бала кезден танымал болғысы келді. Көгілдір экранға шығып, сұхбат бергенін және тағы да басқа нәрселерді армандайтын.

- Қазір мен блогер болғым келеді. Қолымнан келгенше өзім сияқты, өзгелердің де өзіне деген сенімін арттыруға көмектескім келеді. Көп ұзамай миллиондаған аудитория жинап, оларға пайдам тиеді деп үміттенемін. Менің Instagram парақшама - @dameshaas жазылсаңыз, қатты қуанамын.

Дәмеш Қазақ технология және бизнес университетінің «графикалық дизайнер» мамандығының екінші курс студенті. Мамандық кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені ол өте шығармашыл жан. Бала кезден сурет салғанды сүйетін. Бүгінде сұранысқа ие мамандықтың бірі. Сонымен қатар Дәмеш ITEACHME қорының «Leader Z» жобасына қатысады. Қордың жұмысы мүгедектердің, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарындағы адамдардың құқығы мен мүддесін қолдауға, ілгерілетуге және қорғауға бағытталған.

- Қыркүйек айының соңында мен «ерекше» жасөспірімдерге арналған онлайн мектепке экскурсияға бардым. Мұндай мүмкіндік болғанына қатты қуандым. Жаңа таныстар тауып, тың мәліметтерге қанық болдым. Компьютерлік сауаттылығымды тексеріп, пайдалы бағдарламаларды үйрендім.

Бірнеше бағыт арасынан ол мобилографияны таңдады. Блог жүргізіп, болашақ мамандығына бір қадам жақындауға ұмтылады. Дәмештің айтуынша, ол бар үйренгенін өмірде пайдалануға тырысады.

- Курсты аяқтағаннан кейін жұмысымызды қорғаймыз. Мұнда бізге жұмыс іздеу үшін портфолио жасауға, тіпті жұмыс тауып беруге көмектеседі. Жоба өте қызықты. Оқуға келгеніме еш өкінген жоқпын. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенемін.

Ол оқудан тыс өлең де жазады. Бір өлеңі мынадай:

Аударма:

«...Көз жасым қаншама рет төгілді,

Өзіме өзім бой үйрете алмадым,

Ерекшемін, өзгелерден бөлекпін

Көкейімде бір сұрақ: неге?

Жауап біреу: бұл өмір...

Жылдар өте есейдім. Ұққаным сол,

Тағдыр осы, бойұсын!

Қолдан келер қайран жоқ

... Ұққаным сол, мықты бол!».

Түнұсқа:

«…Было пролито столько слез тогда мною,

Никак не могла я привыкнуть к себе,

К тому что, я особенна и не такая как все,

Постоянно задаваясь вопросом: зачем я такая?

Тогда мне просто ответили, ведь это все-таки жизнь.

Спустя повзрослев я одно поняла,

Это судьба, значит так суждено,

Ведь я даже не чувствую, что не могу…

…Я поняла, что особенность эта, делает ещё сильнее меня».

Әңгіме соңында Дәмеш баршаға тек өзіне шын жүректен сенуін тіледі.

- Көңілің түсіп, сағың сынған сәтте, бұл жолды не үшін бастағаныңды ойла! Қаласа, әр адамның қолынан кез келген нәрсе келеді. Ешкімді тыңдамастан, тек алға жүре бер!

Наиля Әбдухалықова

* Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және міндетті түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.


Сейчас читают