Гүлмира Пармышева: Ерекше адамдардың қолынан бәрі келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Kishkentai» әлеуметтік жобасының авторы Гүлмира Пармышева кәсіпкерлікке жеке тәжірибесі арқылы келді. Баласының дамуынан тіл кемістігі байқалған соң, ол үйде отырып арнайы топтамалар жасай бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

- Баламның нәтижесін көргеннен кейін осындай қиындықтарға тап болған басқа ата-аналарға көмектесу керек деп шештім. «Kishkentai» жобасының идеясы осылай пайда болды. «Kishkentai» жобасында біз емдейтін ойыншықтар шығарамыз.

Алматыда бір бөлмелі пәтерде басталған жоба инклюзивті шеберханада жалғасын тапты. Гүлмира жобаның жұмыстарына ерекше қажеттіліктері бар жастарды тартты. Олар арнайы оқудан өтіп, Қазақстанда балалардың сөйлеу қабілетін жақсартуға көмектесетін арнайы ойыншықтар шығара бастады. Бастапқыда ата-аналарға арналған өнімнің бүгінде логопедтер мен басқа да мамандар арасында сұранысы мол. Жоба Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған 2019 жылғы әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесінде жеңіске жеткен.

– Ерекше баланың анасы болғандықтан логопед-дефектолог мамандардың қымбат қызметінен бастап, оңалту бөлімдеріндегі ұзын-сонар кезек, мамандандырылған арнайы өнімдердің тапшылығы және басқа көптеген проблемаға тап болдым. Сондықтан баланың денсаулығын қалпына келтіру қаншалықты қымбат және шығыны көп екенін жақсы білемін.

Үш жыл бұрын айына 200 мың теңге жұмсайтын Гүлмира мен оның жолдасы демалыс күндерін асыға күтетін. Сол сәтте басқа ата-аналардың жағдайы қалай екен деп ойлай бастады. Өйткені емге жұмсалатын ақшаны табу үшін қолынан келген жұмыстың барлығын істейтін. Кейде ата-аналар балаларына көңіл бөлуге уақыт таппай жатады. Ал біздің жоба аясында жасалған арнайы оңалту тренажерлары мен ойыншықтардың белгілі бір дағдыларды үйретуге көмегі тиіп жатады. «Kishkentai» логопедиялық жиынтықтары сөйлеу тынысын, ұсақ моториканы, ономатопея дағдыларын, тіпті балаларды көру қабілетін дамытуға көмектеседі.

– Кезінде менің жобама ешкім сенбеді. Ал қазір елімізде ғана емес, шетелде де мықты серіктестеріміз бар. Өнімдеріміз басқа елдерде де танымал. Ең үлкен мақтанышымыз – 10 мыңнан астам баланың тілін дамытуға көмектесе алғанымыз. Қазір олардың басым бөлігі мектепте оқиды.

Жобаның ерекшелігі оның кешенділігінде, сараптамалық мүмкіндігінде және қолжетімділігінде. Әрбір тренажер 4 айдан 6 айға дейін еліміздің үздік орталықтарының түзету кабинеттерінде тестіленді. Біз кері байланыс орнаттық, функционалымызды өзгерттік, сапамен жұмыс істедік. Ең бастысы, қадамдық нұсқаулық дайындадық: бала өзін қалай сезінуі керек, анасы тоғыз жасар балаға екі тілде түсінікті болу үшін қалай сөйлеуі керек, т.б. Жинақтарды әзірлеуге логопедтер мен дефектологтар қатысты, бірнеше ай бойы құралдарды Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының абилитациялық орталықтары мен түзету кабинеттерінде тестілеуден өткіздік.

Әлеуметтік жобада жеке тұлғаны қалыптастыру үшін кәсіби терапия маңызды рөл атқарады. Бұл үшін орталықта жасөспірімдермен тәрбиеленушілердің моторикасы мен когнитивтік жүйесін дамытуға бағытталған сабақтар қарастырылған. Сонымен қатар жоба сараптамасымен құнды. Гүлмира кәсіби біліктілігін арттыру үшін сенсорлық интеграция, логопедия, логоритмика, нейрогимнастика бойынша көптеген түрлі тренингтен өтеді. Сонымен қатар оның қызметкерлері де үнемі біліктіліктерін арттырып тұрады.

– Бағасы да, мазмұны да қол жетімді өнім жасаймыз. Топтама бірнеше курстан тұрады. Әрине, ойыншықтар маманмен өтетін дәрістерді алмастырмайды. Кешенді топтама нәтижеге тезірек қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Kishkentai» жобасының бірегейлігін қорытындылаған Гүлмира, оның негізгі тұстарына тоқталды: өнімнің баламасы жоқ; екі тілдегі ойындар 9 жастағы балаға түсінікті, яғни, маңызды нәрселер түсінікті тілде жазылған; қолжетімді баға; өнім жоғары сапалы шикізаттан жасалған. Мәселен, Италияда жасалған бояу экологиялық таза.

Гүлмира үшін жұмыстың қандай жағдайда, қалай дамитыны маңызды еді.

- Өнімдерді оңалтумен айналысатын тәрбиешілер жұмыс істейтін инклюзивті шеберханада жасаймыз. Жұмыспен қамтылғандардың 70 пайызы есту, сөйлеу қабілеті бұзылған және аутист жандар. Жастармен, аутизммен ауыратын балалармен жұмыс істеп көрдік. Әлеуметтік бизнес жолында мен үшін «ерекше адамдар әрқашан қолмен жұмыс жасайды» деген түсініктен айырылу маңызды болды. Олар үлкен жұмыстарды атқара алады. Маркетологтарды, презентация жасай алатын және жобаларымыз туралы айта алатын менеджерлерді, SMM мамандарын оқытып жүрміз.

Өнімдерді онлайн және офлайн сатып алуға болады. Шеберханада балаңыз өнімдермен танысып, қызықтап жүргенінде, өзіңіз кофе ішіп, оған қандай тренажер қажет екенін байқай аласыз. Ал https://kishkentai.kz/ сайтында сөйлеу қабілетін дамытуға, сенсорлық дамуға арналған өнімдер туралы мәліметтер мол.


Наиля Әбдухалықова


Сейчас читают