Министерство труда и социальной защиты
населения Республики Казахстан
Социальная помощь детям
Специальный совместный проект
Министерства труда и социальной защиты населения Республики Казахстан
и Представительства Детского фонда ООН (ЮНИСЕФ) в Казахстане

Автор фотографии - @UNICEF Kazakhstan/2019/MeruertMuldasheva

Жастардың репродуктивті денсаулығы

Жастардың репродуктивті денсаулығы
23 Декабря 2021 12:17

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өсіп келе жатқан баланың денсаулығына бірқатар фактор әсер етеді: күн тәртібі, дұрыс тамақтану, жеке гигиена, физикалық белсенділік. Мектеп асханаларын жаңарту, дұрыс тамақтану стандарттарын енгізу, спорт алаңдарын қайта жөндеуден бөлек, оқушыларға арналған денсаулық дәрістері балалардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізеді. Жасөспірімдермен репродуктивті денсаулық туралы әңгімелесу өте маңызды. Репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту әдістері туралы білімнің аздығы үлкен проблемаға айналуы мүмкін.

Шымкент қаласындағы «ЖИТС-тен балаларды қорғау» қайырымдылық қоры 2006 жылы құрылған. Қор өкілдері АИТВ жұқтырған балалар мен жасөспірімдерге арналған семинар-тренингтерді жиі өткізеді. Кездесулер балалардың көшбасшы қасиеттерін дамытуға, кедергілерді жоятын денсаулық дәрістеріне бағытталған.

- Шымкентте өскелең ұрпақпен профилактикалық сабақтар өткізуге бағытталған әлеуметтік жобалар жоқтың қасы. Бізден волонтерлік мақсатта мектептерде ақпараттық кездесулер өткізуімізді сұрайды. Таяуда АИТВ жұқтырған балаларға арналған 2 семинар-тренинг ұйымдастырдық. Іс-шараға 80-ге жуық адам қатысты. Балалармен репродуктивті денсаулық туралы әңгімелесу маңызды әрі өте қажет. Сондай-ақ жыныстық қатынас және контрацепция мәселелерін де айналып өтпеуге тырысамыз. Жасөспірімдерге ақпарат жеткізу міндет, - дейді қайырымдылық қорының басшысы Жаннета Жазықбаева.

Қор білім беру жүйесі мен қоғамда стигма және кемсітушілікті азайту, сонымен қатар олардың алдын алу бойынша бірнеше іс-шара өткізді. Қоғамдық ұйым өкілдері қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен бірлесе отырып, АИТВ инфекциясының алдын алу және оның таралуына жол бермеу үшін шприцтер мен презервативтер таратты.

- Биыл 1 желтоқсан қарсаңында АИТВ жұқтырған жасөспірімдер халық арасында ВИЧ инфекциясы дегеніміз не және оның қалай жұғатыны туралы әлеуметтік сауалнама жүргізді. Әлеуметтік сауалнамаға 30-ға жуық адам қатысқан, соның 10-15% ғана хабардар болып шықты. Қалған қатысушылар мүлдем хабарсыз. Екінші кезеңде жасөспірімдердің жоспарлары мен бастамалары талқыланды. Соңында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай «Қызыл лента» логотипі бар шарлар ұшырылды, - дейді қор басшысы Жаннета Жазықбаева.

Жасөспірімдердің өз денсаулығын дұрыс күтуді дағдыға айналдыруы үшін мамандар олармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Ең алдымен, отбасы, мектеп және медицина мамандарының кешенді ықпал етуімен жүзеге асады. Репродуктивті денсаулықты сақтау және нығайту мәселесі бойынша мектептің міндеті - балалар мен жасөспірімдер арасында репродуктивті денсаулығына деген құндылық көзқарасын қалыптастыру. Сонымен қатар бірқатар ортақ маңызды бағдарларды нақтылау және олардың айналасындағы адамдардың денсаулығына да құрметпен қарауын үйрету.

ҚР БҒМ мәліметінше, білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес ҮЕҰ-ды тарта отырып, «Репродуктивті денсаулықты сақтау және жастар мен жасөспірімдердің қауіпсіз мінез-құлқы» жобасын оқу орындарына енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Бұдан бөлек, министрлік қосымша білім беру және мектептен тыс іс-шаралар аясында жыныстық тәрбие беру жұмыстарымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, психоактивті заттарды тұтынуға жол бермеу, АИТВ және ЖИТС ауруларының алдын алу жұмыстарын жалғастырды.

Оқу-тәрбие жоспары аясында жоғары сыныптарда адамгершілік және жыныстық тәрбие бойынша «Зиянды әдеттер және ұрпақ денсаулығы», «Ұл бала анатомиясы, психофизиологиясы және гигиенасы», «Адамгершілік және денсаулық», «АИТВ инфекциясы туралы не білу керек?», «Қыз бала анатомиясы. Отбасын жоспарлау», «Ерте жүктілік. Аборт зияны» және т.б. тақырыптарда аудиториялық сабақтар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында зиянды әдеттерге жол бермеу, зорлық-зомбылықты тоқтату, суицидтің алдын алу және т.б. өзекті мәселелер бойынша апталықтар ұйымдастырылып келеді.

* Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және міндетті түрде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігінің ресми көзқарасын білдірмейді.