Елбасы жолы мен саяси сабақтастық жайында
«Біздің ұзақ мерзімді стратегиялық даму жолымыз бар. Қандай қиындық болса да, Елбасымыздың стратегиясын жүзеге асырамыз. Бұл – саяси сабақтастықты сақтау деген сөз. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – мемлекетіміздің негізін қалаушы, әлемдік деңгейдегі тарихи тұлға. Мұны ешқашан ұмытпауымыз қажет».
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы
«Азаматтардың өтініш-тілектерін жедел қарастыру үшін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсындым. Бұл – өте маңызды әрі қажет бастама. Шенеуніктердің міндеті – ең алдымен, халыққа қызмет ету. Олар ел-жұрттың мұң-мұқтажына құлақ аспағанда кімге құлақ асады?! Осы қағидатты барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің санасына сіңірген жөн. Қазірдің өзінде бұл бағытта оң өзгеріс бар».

«Абайдың көзқарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қалыптастырудың бірден-бір шарты деп білемін».

«Мемлекеттік құрылыстың заманауи үлгісі қазірдің өзінде элитарлық, өзгешелік тұжырымдардан алыс. Әр шенеунік өзін халықтың бір бөлшегі ретінде сезініп, халық үшін және халық арасында жұмыс істеуі тиіс екенін ұмытпауы қажет. Халық үніне құлақ асатын мемлекет дегеніміз бюрократиядан мүлде ада болып, цифрландыру негізінде жүзеге асырылатын барлық рәсімнің ашықтығы».
Шетелдегі қандастарға қатысты
«Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз».
Шенеуніктер жайында
«Қазақстан азаматтары шенеуніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі деуден еш жалықпаймын!»

«Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей».
Әлеуметтік теңдік пен адами капитал туралы
«Жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс жасауына теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз». «Көп балалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады. Яғни, адами капиталды дамыту аналардың әлеуметтік жағдайын жақсартумен тікелей байланысты. Аналарымыз отбасының ғана емес, қоғамның да ұйытқысы екенін ұмытпауымыз керек».
Ұстаздар жайлы
Жалпы, кез-келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.
Мемлекеттік басқару және реформалар жөнінде
«Бізге негізгі проблемаларды нақты пайымдайтын және оның шешу жолдарын қарастыратын жаңа экономикалық бағыт қажет. Реформа жасау үшін ерік пен жігер керек екені белгілі. Мен Үкіметті осыған шақырамын. Әзірге мемлекеттік аппарат көптеген нормативтік актілерге алаңдап, ведомствоаралық келісім керек деген сылтаумен маңызды шешімдерді жәй қабылдап жатыр. Халықаралық бәсекелестік артып, халық әділетті талап қойып отырған қазіргідей кезеңде бұлай жұмыс істеуге болмайды. Реформаларды тізеге басып отырып жасау керек».

«Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Шын мәнінде, біз мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғап отырмыз. Қазақстанға қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек»

«Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторларының ел алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ. Реформа үшін реформа – бұл дағдарысқа бастайтын жол әрі мемлекетті басқарудан айырылуға әкеліп соғады. Ешқайсымыздың мұны қаламайтындығымызға сенімдімін. Даму дәйекті әрі үдемелі болуы тиіс. Сонда ғана біз өзіміздің мемлекеттілікті сақтауға және нығайтуға бағытталған азаматтық әрі саяси борышымызды орындаймыз».