RU
KZ
EN

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 16-17 қыркүйегінде мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасында болды. Осы сапар барысындағы келіссөздер нәтижесінде екі ел президенттері 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу туралы келісті. Ал 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жоспарға қойылды.

«Бұл бастама аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, олар бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдетуге септігін тигізеді» деді ел басшылары. Осы сапар барысында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты «Ел-жұрт құрметі» орденімен марапаттады.

Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізу туралы екі ел басшыларының шешімін жүзеге асыру аясында экономика, туризм, мәдени-гуманитарлық салаларда 200-ге тарта іс-шара жоспарланды. Бұл шаралардың ауқымына қарай олардың біразы 2019 жылы да жалғасын табады.

2018 жылдың 17 қаңтарында

Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан ғалымдарының құрылтайы өтті. Жиында Жібек жолының рөлі мен рухани мұраның жаңғыруы талқыланды. Құрылтайға Қазақстан мен Өзбекстанның жүзге жуық ғалымы, әлеуметтанушылары мен мәдениеттанушылары қатысты. Өзбекстан ғалымдары екі елдің мұрасын бірлесіп зерттеу маңыздылығын атап өтті.

2018 жылдың қаңтар айы.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев Өзбекстанның «Өзбектуризм» компаниясымен бірлескен туристік маршруттарды жасап жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, Қазақстандағы Өзбекстан жылының аясында Ұлы Жібек жолы бойынша трансшекаралық турларға ерекше көңіл бөлініп, екі елдің туристік операторларының бизнес-форумы мен кездесулері өткізіледі.

3 ақпанда

«Өзбеккино» ұлттық агенттігі бас директорының орынбасары Шухрат Ризаев Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісімен өткен екіжақты кездесуде екі елдің сценарийшілері, кинорежиссерлері және операторларының қатысуымен шығармашылық топтар құруды ұсынды. «Біз фильмдерімізді тек ірі қалаларда емес, облыстарда да көрсеткіміз келеді. Оған қоса, биылғы жыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жарияланған, біз паритетті негізде Өзбекстандағы Қазақстан киносының күндерін және Қазақстандағы Өзбекстан киносы күндерін ұйымдастыра алатын едік», - деді Шухрат Ризаев. Кездесу қорытындылары бойынша тараптар кинематография саласындағы деректі, көркемдік-публицистикалық және көркем кино бағыттары бойынша жобаларды іске асырудың бірлескен жол картасын әзірлеуді жоспарлады.

14 наурыз күні

Қазақстандағы Өзбекстан жылының қарсаңында, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бірлескен тарихи фильмді түсіру жоспары туралы жариялады. «Өзбек әріптестерімізбен бірлескен тарихи фильм түсіру мәселесін қарастырамыз. Біздің тарихымыз ортақ, егер ұлы моғолдардың тарихын сөз етсек, ол екі елдің тарихына тікелей қатысты болады. Қазіргі кезде сценарий дайындау керек, одан кейін әрі жалғастырамыз», - деп хабарлады Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 17-ші отырысы барысында.

Отырыс аясында ҚР МСМ басшысы мен Өзбекстанның Мәдениет министрі Бахтиер Сайфуллаев Қазақстандағы Өзбекстан жылын өткізу бойынша іс-шаралар жоспарына қол қойды. Бұдан басқа, ҚР Индустрия және туризм комитетінің төрайымы Майнұра Мырзамадиева мен Өзбекстан Республикасының Туризмді дамыту мемлекеттік комитетінің төрағасы Әзиз Абдухакимов Қазақстанда Өзбекстан туризмі жылын өткізу бойынша шаралар жоспарына қол қойған.

14 наурызда

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасында автобус, әуе және теміржол қатынастарының көлемі артқан. «Былтыр тұрақты автобус сапарлары мүлдем жоқ еді. Өткен жылдың күзінде біз Ташкент-Шымкент бағытындағы рейсті іске қостық. Бұл автобустардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Сондықтан қазіргі кезде Ташкенттен Астана мен Алматыға қатынайтын рейстерді ашуға келістік, сондай-ақ біз Таразды қосуды, өзбек тарапы бізге Самарқан мен басқа туристік қалаларды қарастыруды ұсынды. Астана мен Ташкент арасындағы әуе қатынасы төрттен жетіге дейін, Алматы мен Ташкент арасында – жетіден он рейске дейін көбейген», - деп хабарлады министр.

Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек «Алматы-Ташкент» бағытындағы пойыздардың қатынау мерзімін арттыру қажеттігін еске салды. Осыған байланысты 18 наурыздан бастап аталған пойыз аптасына үш мәрте қатынайды. Ал сәуір айынан бастап Самарқан-Астана бағыты бойынша теміржол жолаушылар пойызы жүйелі түрде жүретін болады.

15 наурызда

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеев «Астана-Опера» театрында Өзбекстанның Қазақстандағы жылының ресми түрде ашылғанын жариялады. Салтанатты шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанның басшылары қатысты. «Қазақстандағы Өзбекстан жылы біздің халықтарымыздың сонау ғасырлардан келе жатқан, тамырлары ортақ тарих, ата-бабаларымыздың бай рухани мұрасымен ұштасқан қатынастарының нағыз бауырлас сипатын танытып отыр. Біздің дүниетанымымыз, дүниеге көзқарасымыз, мәдениетіміз, дініміз, дәстүрлеріміз ортақ. Ал мәдениет, тіл, дәстүр қашанда байланыстырушы құрал болып, халықтарды жақындастыруда маңызды рөл атқарған», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде, Шавкат Мирзиеев қазақстандық және өзбекстандық мәденниеттің тарихи тұтастығын атап өтті. «Алдымен бүгін берекелі әрі қолы ашық Қазақстан даласында өзімізді туған үйімізде жүргендей сезініп отырғанымызды айтқым келеді. Арманы мен мақсаты бір отбасының мүшелері тәріздіміз. Әбу Рейхан әл-Бируни, Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Әлішер Науаи және Абай Құнанбаев тағы басқа көптеген ғалымдар, ойшылдар мен ақындардың қалдырған мұрасы – біздің ортақ игілігіміз», - деді Өзбекстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевті І-дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Салтанатты кеш мерекелік концертке ұласты. Онда Өзбекстан мен Қазақстанның халық әртістері Фаррух Закиров және Өзбекстанның еңбек сіңірген ансамблі «Ялла» бастаған халық әртістері Нормумин Султонов, Самандар Алимов, Севара Назорхон сынды сахна саңлақтары өнер көрсетті.

24 наурызда

Өзбекстан астанасында Ташкент-Шымкент веломарафоны басталды. Веложарыс Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен, сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. 125 шақырымдық верошеруге 130-дан астам адам қатысқан.

27 наурыз күні

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Өзбекстанға жасаған ресми сапары аясында екі елдің діни мерекелеріне қатысты пәтуа шығару құжатына қол қойды. «Тараптар діни мерекелер (ораза, құрбан айт және т.б.) мұсылмандар күнтізбесі - Хижра бойынша атап өтуге, сондай-ақ маңызды діни мәселелер бойынша ортақ шешімдер, пәтуаларды қабылдауға міндетті», - делінген Өзара ынтымақтастық және әрекеттестік меморандумының мәтінінде.

Қазақстанның Бас мүфтиі бұрын екі елде діни мерекелер әр түрлі күндері тойланғанын атап өтті. Меморандумға сәйкес, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарына екі елдің аумағында орналасқан мәдени-тарихи құндылығы бар киелі жерлерге бару мүмкіндігі қарастырылған.

10-14 мамырда

Оңтүстік Қазақстан облысында Өзбек ұлттық академиялық драма театрының гастролі өтті. Шараны аймақтық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған. Өзбек шығармашылық ұжымы орыс драма театрында Эркин Хушваковтың «Күнгіл» («Симпатия») комедиясын қойды. Спектакль сондай-ақ Сайрам ауданының Мәдениет үйінде, және Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында көрсетілген.

23 мамырда

Шымкентте Қазақстан-Өзбекстан бизнес форумы өтті. Онда 62 млн АҚШ долларынан асатын 8 құжатқа қол қойылған. Атап айтқанда, ОҚО әкімдігі мен Alliance textile өзбек компаниясы арасында аймақтың тоқыма саласын инвестициялау ниеті туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан басқа, «Оңтүстік» АЭА мен «Қазтехинпекс» ЖШС «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы тоқыма кәсіпорнын оңалту туралы меморандумын жасасты. Облыс әкімдігі мен «Дентафиль плюс» өзбек компаниясы медициналық бұйымдарды шығаратын зауыттың құрылысы туралы келіскен. Сонымен бірге, Шымкент қаласы әкімдігі мен «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларының халықаралық орталығы» ҰАҚ арасында Шымкентте барлық «жасыл» жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылған. Сондай-ақ екі елдің сегіз кәсіпорнына экпорттық өнімдерді жеткізу туралы келісілген.

28 маусымда

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі елдерінің Ұлттық-мәдени орталықтары форумының аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбекстан Республикасы Министрлер кабинетінің жанындағы Ұлтаралық қатынастар мен достық байланыстар комитетінің ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумда Қазақстанда өзбек тілін және Өзбекстанда – қазақ тілін оқытуда бірлескен көмек көрсету көзделген. Өзбекстанда қазақ тілінде оқытатын 100-ге жуық мектеп, қазақ тілі мұғалімдерін даярлайтын педуниверситеттегі үш факультет бар, ал Қарақалпақстанда тілді меңгеріп қана қоймай, математика, физика және басқа пәндерді қазақ тілінде оқытатын педагогтар даярлануда. Меморандум бұл жұмысты кеңейтіп, оны жаңа мазмұнмен толтыруға мүмкіндік береді.

6 шілдеде

Түркістанда әйгілі тимуридтер музейінің көрмесі ашылды. Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Тимуридтер тарихы мемлекеттік музейі ұйымдастырды. «Тимуридтер тарихы» мемлекеттік музейі Өзбекстан Республикасының Тұңғыш Президенті Ислам Каримовтың бастамасымен 1996 жылы Әмір Темірдің 660 жылдығына орай құрылған. 1000-ға жуық жәдігері бар «Тимуридтер тарихы» музейі қорында Өзбекстан тарихын көрсететін бірегей бұйымдар жинақталған. Олардың қатарында түрлі қолжазбалар мен хаттар, алтын, күміс және мыс монеталар, керамикалық, қола және мыс бұйымдары, Әмір Темір және Тимуридтер дәуірінен сыр шертетін жәдігерлер сақтаулы. Көрменің мақсаты - өңірлер арасындағы мəдени байланыстарды нығайту жəне музей ісін дəріптеу.

16 шілдеде

Қазақстан мен Өзбекстан армиясы бірлескен оқу-жаттығу өткізді. Өзбекстанның әскери делегациясының ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жасұзақов пен Өзбекстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-майор Абдусалом Азизов «Ерік дала» бірлескен арнайы тактикалық оқу-жаттығуына қатысты. Жаттығулар барысында Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы операциялық күштерінің бөлімшелері түнгі уақытта барлау және жауынгерлік операцияларды жүргізу бойынша тапсырмаларды орындады.

10 тамызда

Өзбекстан Жазушылар одағында «Шетелде өзбектің классикалық және заманауи әдебиетін оқыту және таратудың маңызды мәселелері» атты халықаралық конференция өтті. Онда Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы С.Сайиди мен Ұ.Есдәулет екі ел басшыларының достық байланыстары екі халықтың арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуда маңызды рөл атқарып отырғанын, оның әдеби байланыстарды нығайтуға септігін тигізгенін атап өтті. «Қазақстанда Өзбекстан жылының жариялануы, Президент Шавкат Мирзиеевтің Абайдың әдеби мұрасын зерттеу және насихаттау туралы қаулыны қабылдауы бауырлас халықтар арасындағы достықтың нығаюын көрсетіп отыр. Біз, Қазақстан жазушылары, бұл жағдайға өте қуаныштымыз. Бұл - Өзбекстан басшысының әдебиетке көңіл бөлуінің жарқын көрінісі. Өзбек және қазақ әдебиетшілерін одан әрі жақындастыру жолындағы бұл бастама шығармашылық ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді», - деді Ұ.Есдәулет.

8 қыркүйекте

Астана әкімдігінің жанындағы алаңда Қазақстандағы Өзбекстан туризмі жылы аясында өзбек және ұлттық тағамдар көрмесі болып өтті. Көрме қонақтарына шуақты Өзбекстанның бай дастарханы мен Қазақстанның ұлттық тағамдары ұсынылды. Өзбекстаннан келген танымал аспаздар дәстүрлі тағамдарды даярлау бойынша шеберлік сабақтарын өткізді. Көрмеге келушілер дәмді тағамдардан, сондай-ақ ыстық тандыр наннан тегін ауыз тиді.

9 қазанда

Таразға өзбек әйелдері комитеті төрағасының орынбасары Мукарам Нұрматова бастаған Өзбекстан әйелдерінің делегациясы келді. Достық үйінде «Атамекен» ҰКП іскер әйелдер кеңесі аймақтық филиалдары мен «Қазақстанның іскер әйелдері» РҚБ басшылығымен кездесуі өтті. Онда Қазақстан-Өзбекстан шекара маңы ынтымақтастығының мүмкіндіктері, туризм және fashion-индустрияны дамыту болашағы талқыланды. Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және жаңадан іс бастаған дизайнерлер үшін платформа құру, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру бағытындағы қауымдастықтың рөлі қозғалды.

15 қарашада

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында Қазақстандағы Өзбекстан жылының құрметіне түсірілген «Бауырлас ел» атты деректі фильмнің салтанатты көрсетілімі болып өтті. ҚР Президенті телерадиокешенінің, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы мен Қазақстандағы «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің қолдауымен түсірілген фильм бауырлас қазақ және өзбек халықтарының Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері туралы баяндайды. Фильмде ҚР Президенті Н.Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиеевтің келіссөздері арқасында басталған бауырлас елдердің арасындағы өзара қатынастардың жаңа кезеңі көрсетіледі.

15-16 қарашада

Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстанның І Өңіраралық ынтымақтастық форумы болып өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин және Өзбекстан Республикасы вице-премьері Ачилбай Раматов әріптестікті дамыту туралы меморандумға қол қойды. Алғашқы өңіраралық форум барысында екі тараптың ауыл шаруашылығы техникалары, өнеркәсіп, жеңіл және тағам өнеркәсібі, құрылыс, жиһаз өндірісінің көрмесі өтті. Көпшілік назарына асыл тұқымды шаруашылық, тоқыма бұйымдары, фармацевтика өнімдері ұсынылды.

18 қарашада

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 90 жылдық мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Ғасырға бергісіз уақытта тарихи кезеңдерді өткерген ауданның айтулы күніне жергілікті тұрғындармен қоса Өзбекстан Республикасы Сырдария облысынан ат арылтып келген делегаттар қатысты. Мақсат - той тойлау емес, бір ғасырға жуық уақыт аралығындағы оқиғаларды ой елегінен өткізу. Елдің бірлігін нығайтып, игі іске жұмылдыру. Мерейтой «Терме - бойтұмарым» атты термешілер байқауына, «Палау фестиваліне», сонымен қатар аудан өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

26 қарашада

ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин мен Өзбекстанның Олий Мажлисі Заң шығару палатасының Спикері Нурдинжон Исмоилов Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум - Қазақстан-Өзбекстан парламентаралық ынтымақтастығының жаңа кезеңін ашатын тарихи құжат. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин мен Нұрдинжон Исмоилов соңғы екі жылда Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті.

27 қарашада

Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» Өзбекстанның Навои облысынан келген өнерпаздар жергілікті жұртшылыққа өз тартуын жасады. Көршілес қонған туыс халық «Қаны бір елім, жаны бір елім» атты концерттік бағдарламасында өзбек әндері мен билерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, сол елдегі қазақ өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашты. Концерттік бағдарламада 20-ға жуық өнерпаз елдің қошеметіне бөленді.

28 қарашада

Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісі заң шығарушы палатасы делегациясы Астанаға ресми сапары аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық орталығы, Достық үйі және 2007 жылы құрылған Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының жұмысымен танысты. Айта кетерлігі, Өзбек этномәдени орталығы - қаладағы өте белсенді орталықтардың бірі. Қазіргі таңда орталықта екі өнер ұжымы бар. Олар: «Пойтахт» ВАА және «Астана Ғунчалари» би ансамблі.

3 желтоқсанда

Ташкентте өзбекстандық кинематографтар түсірген «Абай сөзі» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді. Өзбек тіліндегі туындыда ақынның балалық шағы мен өскен ортасы, шығармашылығы мен мұрағат құжаттары кеңінен көрсетілген. Бұл бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулысы аясында жүзеге асты. Қаулының негізінде Ташкент қаласындағы Деректі фильмдер студиясының ұжымы Абайдың туып-өскен жеріне арнайы барып, Жидебайдағы ақынның музейінде болған. Қазақтың кең даласын аралап, ұлы ойшыл ақынның өмірімен етене танысқан. Деректі фильмнің сценариін Розика Мергенбаева жазды.

12 желтоқсанда

Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында Қазақстандағы Өзбекстан Республикасы жылының аяқталуына арналған Өзбекстан өнерпаздарының концерті өтті. Іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Өзбекстан Мәдениет министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.

«Қазір біз ерекше заманда өмір сүріп жатырмыз. Біз түркі әлемінің, Ұлы Жібек жолының жаңаруының куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшыларының арқасында Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасына әлем қызығады. Бұл тек тиімді экономикалық байланыстар ғана емес. Бұл - тығыз қарым-қатынастың арқасында әлемдік жетістіктерге қол жеткізген мемлекеттер. Бауырлас елдерге тек қана алға қадам басуды тілейміз», - деді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Концертте Өзбекстан және Қазақстан халық әртісі Фаррух Закиров, «Ялла» ансамблі, Өзбекстанның еңбек сіңірген әртістері Фуркат Ашуралиев пен Элмурод Ахмедов, Юлдуз Турдиеваның орындаған қазақ және өзбек халық әндері шырқалды, сондай-ақ «Узбегим» тобының, «Тумор» және «Навбахор» би ансамбльдерінің өнері көрерменнің көңілінен шықты.

26 желтоқсанда

Қазақстандағы Өзбекстан жылының аясында Ә.Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің орталығы ашылды. Орталық өз оқырмандарына қазақ халқының дәстүрлері, мәдениеті және өнерімен танысуды ұсынады. Кітапханада танымал қазақстандық жазушылар мен ақындардың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі шығармалары бар.

29 желтоқсанда

Алматы қаласындағы үлкен көшенің біріне Өзбекстанның тұңғыш президентінің есімі берілді. Алматы қалалық мәслихаты VI шақырылымының кезектен тыс XXXIV сессиясында 183 көшенің атауы өзгертілді. Осылайша, Қазақстанның ең ірі қаласында Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті – Ислам Каримов атындағы көше ашылды.

Қазақстандағы Өзбекстан жылы бастамасының арқасында елдер арасындағы байланыстар руxани жағынан байып, күшейе түсуде. Мәдениет, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық нығаяды. 2019 жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы өтеді

2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 2 млрд 365 млн долларды құрады.

Қазақстан мен Өзбекстан басшылары 2020 жылға қарай тауар айналымын 5 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма жүктеді.