Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру жобасы

2017 жылдың 26 қазанында «Қазақ тілі әліпбиін кирилл қарпінен латын графикасына ауыстыру туралы» Жарлыққа қол қойылды. ҚР Үкіметі жанынан қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды.

Орфографиялық, терминологиялық, әдістемелік, техникалық және ақпараттық қолдау бойынша 4 жұмыс тобы құрылды.

Орфографикалық жұмыс тобы –Жоспарға сәйкес қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық ережелерін латын графикасы негізінде жасаумен айналысады.

2018 жылы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің орфографиялық ережелер тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдама негізінде А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының ғалымдары «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелері» жобасын жасап шықты.

Терминологиялық жұмыс тобы – соңғы 40 жыл ішінде қазақ тіліне бейімделген немесе аударылған жиі қолданылатын 2000 терминнің тіркелімі дайындалды. 500 беттік ағылшын, орыс және қазақ тілдерінде шет тілдер терминдерінің сөздігі жобасы әзірленді.

Әдістемелік жұмыс тобы - 2019 жылы қазақ тілінің латын графикасындағы ережелері бекітілгеннен кейін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, барлық білім беру деңгейіндегі типтік оқу бағдарламаларын аудара бастайды. Латын графикасындағы қазақ тілі ережелерінің жобасын апробациялау үшін білім беру мекемелері анықталған.

Техникалық және анықтамалық қолдау жөніндегі жұмыс тобы - латын графикасын ІТ технологиялар мен ақпараттық кеңістікке бейімдеу жұмыстарын атқарады, жаңа әліпбидің техникалық, Windows және басқа да ірі операциялық жүйе жеткізушілеріне бейімдеу мәселелерін шешеді.

Тұтастай алғанда, «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасының аясында оқулықтарды іріктеу бойынша іс-шаралар жоспары жүзеге асты. Мемлекеттік тілге аударылатын үздік оқулықтарды іріктеу бойынша нұсқаулық әзірленді. Оқулықтарды іріктеу критерийлері анықталды.

Қазіргі уақытта 48 оқулық қазақ тіліне аударылды.

2018 жылдың 1 қыркүйегінен 17 оқулық «Философия», «Мәдениеттану», «Экономика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Тарих», «Дінтану» пәндерін оқу кезінде базалық оқу құралы ретінде қолданылады.

2017 жылы аударылған 17 оқулық бойынша 850 видеодәріс жасалып, олар «Қазақстанның ашық университеті» порталына жарияланды.

2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қазақ және орыс тілдерінде 57 видеокурс пайдалануға берілді. Видеоматериалдың жалпы көлемі 1500 сағат. Сондай-ақ, философия, антропология, әлеуметтану, дінтану, кәсіпкерлік, менеджмент, тарих, психология, құқық, педагогика, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениеттану, әдебиеттану бойынша дәрістерге мәтіндік және тесттік материалдар дайындалды.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық»
«Туған жер»

«Туған жер» жобасы «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани Қазына», «Ақпарат толқыны» атты төрт қосымша бағдарламадан тұрады.

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында 2018 жылы еліміздің меценаттары 38 млрд теңгеге 923 жоба мен іс-шараларды жүзеге асырды.

«Туған жер» жобасын жүзеге асыру барысында:

- 19 мектеп, 80 балабақша, 93 мәдени нысан, 30 денсаулық сақтау нысаны, 256 спорттық нысан, 32 балалар алаңы, 44 басқа да нысандар салынды;

- 108 мектеп, 39 балабақша, 92 мәдени нысан, 62 спорттық нысан, 21 денсаулық сақтау нысанына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүкіл республика бойынша жаңа инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» мамандандырылған ғылыми орталығы құрылды. Орталықта Ғылыми-сараптамалық кеңес жұмысы ұйымдастырылған.

Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі нысандар бойынша этномәдени экспедициялар (археологтар, этнограф, мәдениеттанушы, өлкетанушылардың және басқа да мамандардың зерттеулері) жүргізілді.

Елдің тарихи-мәдени мұрасын кең ауқымды жүйелеу нәтижесінде жалпыұлттық маңызға ие 100 кешен (185 нысаннан тұратын) және өңірлік маңызға ие 456 нысанды қамтитын Қазақстандағы киелі жерлердің тізімі анықталды. Киелі жерлерді анықтау жұмыстары жалғаса береді.

Аталған экспедицияның нәтижесінде «Жалпыұлттық маңызы бар Қазақстанның киелі нысандары» (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жалпы саны 1000 дана) және «Қазақстанның өңірлік киелі жерлері» (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жалпы саны 1000 дана) кітаптары басылып шықты.

Есептік кезеңде Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Түркістан өңіріндегі киелі жерлердің аңыздарын негізге ала отырып, «100 аңыз» кітабын басып шығарды.

Қазақстанның киелі жерлері тізіміне енген нысандар болып саналатын 42 тарихи және республикалық маңызы бар мәдени ескерткіштердің ғылыми-жөндеу жұмыстары аяқталды.

«Ұлытау», «Отырар» және «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайларының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталды. Солтүстік, Батыс өңірлермен қатар Нұр-Сұлтан қаласындағы мәдени-туристік кластерді дамыту мақсатында үш республикалық қорық-мұражай құрылды: «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық».

«Қазақстанның киелі жерлері»

Қожа Ахмет Яссауи және Қарахан кесенелерінің 3D форматындағы модельдері жасалып, «Қазақстанның киелі жерлері» энциклопедиясының бірінші томы жарыққа шықты.

Қазақстанның киелі нысандарының атлас және виртуалды картасы құрылып, туристік бағыттарды дамытуға басымдылық берілді.

Қазақстанның киелі нысандары туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әлеуметтік желілерге арналған 60-қа жуық бейнеролик түсірілді. BBC WorldNews телеарнасының қатысуымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Алтын адам», «Қожа Ахмет Ясауи және Қарахан кесенелері» фильмдерінің топтамасы түсірілді.

Барлық фильмдер субтитрлермен және БҰҰ-ның алты тілінде дубляжбен шығарылады, сондай-ақ 700 миллионнан астам адамды қамтитын аудиториясы бар Discovery, Viasathistory, NationalGeographic арналарында таратылады.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі»

Қазақстандықтардың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына еркін қатысуын қамтамасыз ету үшін 2017 жылдың 7 маусымында арнайы «100esim.el.kz» жобасы құрылды. 2017 жылдың 15 қыркүйегінде порталға 2112 өтініш орналастырылды.

2017 жылдың 18 қазаны мен 10 қарашасы аралығындағы дауыс беру нәтижесінде жобаның 102 қатысушысының тізімі анықталды.

2017 жылдың 1 желтоқсанында Елбасы Н.Назарбаев «100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесті.

2018 жылы жобаның екінші кезеңі жүзеге асты.

Жеңімпаздарды анықтау үшін іріктеу үш кезеңде жүргізілді: бірінші кезеңде 2388 өтінім келіп түсті, оның ішінде 1109 қатысушы барлық талаптардан өтіп, сайтта жарияланды.

Келесі кезеңде 200 үміткер іріктеліп алынып, 100esim.el.kz сайтында қатысушыларға ашық дауыс беру жүргізілді. Дауыс беру қорытындысы бойынша 309481 интернет пайдаланушы дауыс бергені анықталды.

Осылайша дауыс беру нәтижесінде 2018 жылы жобаның 29 жеңімпазы анықталды.

2019 жылдың 14 ақпанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарымен салтанатты кездесуі өтті.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы

Жоба Қазақстан мәдениетін шетелге таныстырудың жүйелі жұмысын құруға, мәдени тәжірибе алмасудың тұрақты арналарын қалыптастыруға бағытталған.

Арнайы жоба 2 кезеңмен жүзеге асуда:

I кезең - 2017-2018 – елімізде және шет елдерде таныстыру үшін үздік авторлар мен туындылардың short- және long-тізімдерін жасау;

II кезең - 2018-2021 – елімізде және шет елдерде заманауи мәдениет бойынша имидждік іс-шараларды жүзеге асыру.

2017 жылы еліміздің сакралдық белдеуін көпшілікке таныстыру аясында Қазақстанның сакралды нысандары туралы 4 отандық ғылыми-танымал фильм түсіріліп бітті. Ол БҰҰ 5 тілінде дубляждалып, субтитрлармен берілді.

2017 жылдың 17 қазанында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Парижде «Қазақстанның киелі жерлері» энциклопедиялық басылымының тұсауы кесілді.

Киелі жерлерді кеңінен таныстыру аясында әлемге танымал ғылыми және деректі фильмдер, соның ішінде «Алтын адам», «Қазақстанның киелі жерлері», «Көшпенділер жері» («Landofnomads»), «Күлтегін», «Ұлытау», «Жетісу»,«Қатонқарағай» және басқалары ұсынылды. Осы фильмдерді беделді шетелдік арналарда, NationalGeographic, BBC және тағы басқаларда кеңінен көрсету жоспарланып отыр. «Castlefilm» америкалық компаниясымен бірлесіп түсірген «Көшпенділер жері» («Landof nomads») фильмі түсіріліп болды. Онда актер Марк Дакаскос ойнайды. Фильмде Қазақстандағы бірегей қасиетті жерлер мен көшпенділердің өмірі бейнеленген.

NationalGeographic, ViasatHistory, Discovery-мен бірлескен «Күлтегін. Жаңа көзқарас» ғылыми-танымдық деректі фильмді түсіру басталды.

Шетелдерде – Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Венгрия, Швецияда 22 қазақ әдебиеті орталығы ашылды.

2017-2018 жылдары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры 4 мемлекетке түрлі қойылымдармен гастрольдік сапарға шықты. Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театры Италия, Грузия қалаларын гастрольмен аралады. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының шығармашылық ұжымы Италия, Франция, Германия, Ресей қалаларына гастроль жасады.

2018-2020 жылдары заманауи қазақстандық мәдениет жетістіктерін шетелдерде әрі қарай таныту мақсатында «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» ұлттық операларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Грузия және т.б. қалаларында қою жоспарда бар.

2018-2020 жылдары Ұлыбритания, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстанда Мәдениет және кино күндерін өткізу, ал республикалық мәдени ұйымдар Испания, Үндістан, Люксембург, Швейцария, Германия және тағы басқа елдерге гастрольдік сапармен бару жоспарланып отыр.