рус
қаз

Ұлттық идеяның шырақшысы, азаттық рухының қоңырауы - «Қазақ» газетіне 2 ақпан күні тура 105 жыл толады. Ескі жыл санауы бойынша 2-ақпан қазіргі күнтізбеде 15 ақпанға сәйкес келеді. Ұлт тарихында өз миссиясын орындаған «Қазақ» газетінің 105 жылдығы құрметіне «ҚазАқпарат» баспасөз тарихынан арнайы хронология ұсынады.


«Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Қазақстан» газеті, «Айқап» журналы, «Серке» газеті... Жалпыұлттық сипат пен сұранысқа ие болған «Қазақ» газеті жарыққа шыққанға дейін аталған басылымдардың барлығы бірде үкімет қысымымен, бірде қаржы тапшылығынан жабылып жатты. 1905 жылғы «Қарқаралы петициясында» қойған талаптардың бірі (петицияның 3 тарауы) - «қазақ тілінде газеттер басып шығару қажеттігі» болатын. Алаш азаматтарының мақсаты орындалып, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің 265 нөмірі жарыққа шықты. Кейбір мәліметтерге қарағанда, «Қазақ» газетінің таралымы алғашында 3000 дана болса, кейіннен ол 8000 данаға жеткен.

1913 жыл

5 қаңтар

Орал облысы Әскери Губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың апталық «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат берген бұйрығы Губернатор Генерал-лейтенант Сухомлиновтың қол қоюымен рұқсат қаулысы шығады.
«Бас Басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатты (циркулярный) қаулысына сәйкес... Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-і ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» ... Губернатор Сухомлинов.

Қаулыға сәйкес, патшалық үкімет «Қазақ» газетін 14 бағдарлама бойынша шығып тұруға рұқсат берді.

«Қазақ» газетін мынадай бағдарламамен шығарып тұруға рұқсат берілді:
  • 1. Үкіметтің бұйрық-жарлықтары
  • 2. Мемлекеттік Дума мен Мемлекеттік кеңес жұмысы
  • 3. Ішкі және сыртқы хабарлар
  • 4. Қазақтың тарихы мен тұрмыс жайы
  • 5. Этика, тарих, этнография және мәдениет мәселелері
  • 6. Экономика, сауда, кәсіп, ауыл шаруашылығы, мал шарушалығы
  • 7. Халық ағарту, мектеп, медресе, тіл және әдебиет мәселелері
  • 8. Тазалық, денсаулық және мал дәрігерлерлігі жайы
  • 9. Фельетондар
  • 10. Корреспонденциялар мен жедел хаттар
  • 11. Жергілікті хроника
  • 12. Суреттер
  • 13. Почталар (хаттар)
  • 14. Құлақтандырулар
Ары қарай

Газетті Орынбор қаласында Каримов, Хусаиновтар серіктестігінің баспаханасында басылатын болды. Газет бағасы былайша бекітілді: бір жылға жазылу - 3 рубль, жарты жылға – 1 рубль 75 тиын, 3 айға - 1 рубль, жекелеген нөмір бағасы - 5 тиын.


Қазіргі теңгемен есептегенде 1913 жылы «Қазақ» газетін жазылу шамамен (2016 жылғы есеппен):
1 жылға - 10584 теңге;
6 айға - 6174 теңге;
3 айға – 3528 теңге;
Газеттің жекелеген бір саны – 176 теңге болған.

11 қаңтар

Редакция «Қазақ» газетінің алғашқы санын дайындау жұмысына кірісті.

2 ақпан

1913 жылдың 2-ақпанында «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі жарыққа шықты.


Қазақ даласына халықаралық һәм бүкілресейлік, сондай-ақ ел ішіндегі жаңалықтардан уақтылы хабар таратып тұратын басылымның ауадай қажет екенін А.Байтұрсынұлының 1913 жылдың 2 ақпанында жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің алғашқы санындағы мақаласы жарияланды. Онда Ахмет Байтұрсынұлы:

«1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы екі мың бір жүз жетпіс үш есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның бір мың үш жүз тоқсан алтысы орыс тілінде, сегіз жүз алпыс жетісі басқа тілде басылыпты. Сол сегіз жүз алпыс жетінің ішінде біздің татар қарындастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады...», - деп жазды.

«Қазақ» газетінің алғашқы санында шыққан «Құрметті оқушылар» мақаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы газеттің не үшін керектігі туралы негізгі төрт себепті атап өтті. Ахаңның сондағы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деуі – қазақ баспасөзінің ұранына айналды.

«Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды.... Екінші, газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе, олай болатын мәнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтады. Үшінші, газет – халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетікпекші. Төртінші, газет – халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықты арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шоқытпасқа тырысады»
Ары қарай

Редакциядан: «Газетімізге қай тілмен болсын жазылған сөздер, хабарлар алынады. Газетамыздың көп мақсұдының бірі: басқадан да алып, өзімізде барын да жиын қазақ тілінің бетін жөндеп, жолын ашпақ, сондықтан қазақтың мақалдары, жұмбақтары, тақпақ сөздері, билерінің, шешендерінің айтқан сөздері, басылмаған өлеңдер, қиссалар – бәрі де қабыл алынады. Басылмай қалған сөздер қайтарылмайды» («Қазақ» газеті, №1, .1913 жыл 2-ақпан)


«Қазақ» газетінің рәміздік-бейне ретінде киіз үй белгіленген. Киіз үйдің түндігі батыстан ашылып, есігіне «Қазақ» деп жазылды. Мұны түсіндірген ұлт зиялылары газетте «Қазақ ішіне Еуропа ғылым-өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазды.

«Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп, газетіміздің есімін

қойдық».

«Қазақ» газеті алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәсеселерді қаузады.

«Қазақтың тарихы»,
«Дін таласы»,
«Жер іздеген қазақтар!»,
«Қазақтан солдат ала ма?»,
«Земство не нәрсе?»,
«Ұры тию»

секілді көптің көкейінде, халықтың аузында жүрген тағдырлы тақырыптар - осының дәлелі.

1913 жылы басылған сандардың біріндегі «Қазақ» тақырыбындағы мақалада қазақтардың саны туралы мәлімет берілген:


«Біздің қазақ орыс патшасының қол астында тоғыз болыс, бір гудернияда:


Семей облысында - 655 мың 971 адам

Ақмола - 484 мың 456 адам

Торғай - 422 мың 401 адам

Орал 466 мың - адам

Закаспийский - 71 мың 367 адам

Сырдария - 888 мың адам

Жетісу – 844 мың адам

Ферғана – 37 мың 981 адам

Самарқанда – 79 мың 83 адам

Астрахан губерниясында – 213 мың адам

Бәрі – 4 миллион 499 мың 664 адам

Желтоқсан айы

«Қазақ» газетінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін «Азамат» серіктестігін құру туралы бастама көтерілді.

«Қазақтың кесек сома шығарарлық байлары аз болғанмен аз сомасымен, адамгершілігімен серіктікке жарайтын азаматтары аз емес. Сондықтан «Азамат» серіктігін ашып, «Қазақ» газетасын мұнан былай Алаш азаматтарының серіктесіп қосылған пұлымен жүргізбекшіміз», - деп жазды Қыр баласы. Бұдан кейінгі «Алаш азаматарына» атты мақаламен халыққа үндеу жариялаған Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы ««Азамат» серіктігіне кіретін адамдар жұрт жұмысы турасында жалғыз ақшасымен серіктес болмай, көңілімен, ниетімен де серіктес болу қажет» екенін жеткізді. «Азамат» серіктігінің негізгі мақсаты — мүшелік жарна (әр адамнан — 100 сом) есебінен «Қазақ» газетінің үзіліссіз шығып тұруына жәрдемдесу болды.
Ары қарай
Ұлт баспасөзінің жаңа қадамына сол кездегі көзі ашық қазақ баласының қуанбағаны кем де кем еді. Мәселен, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Қазақ» газетінің шығуына байланысты «Қазақ құтты болсын!» деген өлеңі басылды.

Қазақ құтты болсын!

Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,
Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап,
А, құдай! Құтты, өмірлі, бақытты қыл.
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты: қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.
Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп.
Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң,
Тірілді өлген үміт қаным қызып,
Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай,
Жақындап жан шығарға шөлдегенде
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.
Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып,
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым.
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы,
Ағайын қырғыз-қазақ, түгел қолдас!
Ойлама газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп!
Көл болар көп түкірсе деген қані
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?..
Шәкәрім Құдайбердіұлы
Ары қарай
«Қазақ» газетінде ішкі және сыртқы жаңалықтармен бірге, бұрынды-соңғы әрі сол тұстағы белгілі тұлғалар туралы да мақалалар беріліп тұрды. Мәселен, «Палуан қазақ» атты жарияланды.
«Мұқан Мұңайтпасұлы былтыр Қазан шаһарында Никитин циркінде (тамашахана) күресіп 17 кісіні жыққан екен. Биыл тағы сол мырза Панай бақшасында күресіп 10 күн ішінде 13 кісін жығып, нағыз палуандыққа қалған. 28 июньде «Әлемнің палуаны» лақабын алған Лорих деген палуанмен күреспекші. Мұқан палуан 10 күн ішінде 700 сом ақша тапқан. «Талапты ерге нұр жауар»
Ары қарай

1913 жылды «Қазақ» газеті 3 мың таралыммен аяқтады.

1913 жылы «Қазақ» газетінің 44 саны шықты. (1-44)

1914 жыл

Ақпан

Ақпанындағы «Қазақ» газетінің санында «Дума маңайында неге кісіміз жоқ» деп жазған Ахмет Жанталиннің мақаласы жарық көрді. Зиялылар «Реседегі Думада қазақ болмағасын, ондай жоғары мемлекеттік билікте қазақтың мүддесі де айтылмайды» деген мәселені көтерді.

«Осы думада біздің кейбір кірісіміз болатыны мынау: матғұбат, земство, оқу (мектеп-медресе) һәм школа, жер, дін (мүфтилік) һәм билік низамдарының өзгерілуі һәм бұлардан басқа не керекті істеріміз ретімен шығып тұрса керек қой. Міне, осы мәселелерден думада сөз қозғала қалса, біз де текке қарап қалмай, өз мұңымызды көпке естіртіп, қалуымыз тиісті болатын шығар», - деп жазады Ахмет Жанталин.
Ары қарай

«Қазақ» газетінде ұлттың белгілі тұлғалары туралы да мақалалары жалғасты. Мәселен, №45 санында Міржақып Дулатұлының «Шоқан Шыңғысұғлы Уәлихан» атты мақаласы шықты.

«Шоқанның кім екенін көп қазақтың білмеу себебі оның опатына биыл 49 жыл өтті. Қазақ сияқты өнер-білімнің асылын танымаған, қаламмен қызмет етушілердің қадірін білмеген жұртқа 49 жыл ұмытарлық көп заман. Қылышынан қан тамған батыр болмаса, Қарымбайдай ертегі болып қалған бай болмаса, оқушысы жоқ біздің қазақ ғылым жолында еңбек сіңірушілерді тең ұмытшық келеді. Бірақ, заман өткен сайын халықтың көзі ашылып, әдебиеті гүлденіп, матбуғаты жайыла бастаған кезде естен шыққан Шоқандардың артында қалдырған сөзі тіріліп кім екендігін, білдірмей қоймайды. Міне, қазақ үшін сол дәуір 50 жыл дегенде туып отыр», - дей келе оқырманға Шоқанның өмірін баян етеді.
Ары қарай
17 мамыр

«Қазақ» газетінің 62-санынан бастап уақытша редакторы Міржақып Дулатұлы болатыны хабарланған.


19 мамыр

Орынбор Губернаторы Кеңсесі Баспасөз істері жөніндегі бас басқармаға «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторлығына Мыржақып Дулатұлының тағайындалуына рұқсат беру туралы хат жолданады. Онда «Қазақ» газетінің және «Азамат» баспа серіктестігінің басшысы Ахмет Байтұрсыновтың ауырып қалу немесе болмай қалу жағдайында оның міндетін Міржақып Дулатұлының атқаратыны көрсетілген.


51 санында

1914 жылғы – №51 санында Міржақып Дулатұлының «Абай» атты мақаласыжарық көрді.

«Абайға шейін қазақта қолға алып оқырлық, шын мағынасында қазақ әдебиеті дерлік бір нәрсе болған жоқ еді. Абайдың бізге қымбаттығы сол. Бәлки мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғарғы, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай» деп жазды Міржақып.
Ары қарай
11 қазан

Орынбор генерал губернаторының «Қазақ» газетіндегі «Закон жобасының баяндамасы» атты 80-санындағы мақаласы үшін газет редакторы Ахмет Байтұрсыновқа 1500 рубль көлемінде айыппұл салу немесе үш айға абақтыға жабу туралы бұйрығы шықты. Тағылған айып: «газет қазақ халқын үкіметке қарсы үндеп отыр...». «Осы қаулының орындалуын Орынбор Полиция-Мейсторына жүктеймін» деген бұйрықтың соңына Генерал-лейтенант Сухомлиновтың қолы қойылған.

20 қазан

Ахмет Байтұрсынов газетте жарияланған мақала бойынша «Жаңа заң жобасына түсініктеме тілхатын» жазады. Онда мақаланың түпнұсқасы мен орысша аудармадағы қателіктерді келтірген Ахмет Байтұрсынов айыппұл салу туралы бұйрықтың күшін жоюды сұрайды. Бірақ қаулы өзгеріссіз қалдырылады.

Айыппұл төлемес үшін Ахмет Байтұрсынұлы абақтыға отыруға келісім береді. Алайда Ахметтің денсаулығы нашар болғандықтан мың жарым сом айыппұл төленіп, Байтұрсынұлы абақтыдан шығарылды. Бұл туралы «Газетімізге штраф» атты мақалада айтылады.

«80 нөмір «Қазақта» жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф салды, төлемесе үш ай абақты. Шығарушы Ахмет Байтұрсынов жаңа шыққан газетке мың жарым сом төлеу ауыр болатындығын ойлап, 3 ай отыруға риза болғаннан кейін, 20 октябрьде кешкі сағат 10-да полиция абақтыға отырғызған еді. Былтырдан бері денсаулығы нашар болғандықтан абақтының ауасына 3 ай отыруға шыдамайтындығы білініп, 22 октябрьде мың жарым сомды төлеп, абақтыдан шықты».
Ары қарай

Ахмет Байтұрсынұлы Орынбор губернаторының шешіміне риза болмай, Ішкі істер министрлігіне, Сенатқа «біздің ниетіміз халықты құтырту емес, сынау» деп арызданады. Ақыры Сенат кеш болса да Орынбор губернаторының үкімін бұзуға мәжбүр болды.
1914 жылғы 78-санында басылған «Алашқа» және 79-санында басылған «Россиядағы ұйымшылдық» деген мақаласы үшін де «Қазақ» газетін шығарушылар жауапқа тартылды. 91-санындағы «Бұ қалай» атты мақала үшін 50 сом айып немесе 2 ай түрмеге кесу туралы үкім шығарылған.


1914 жылы «Қазақ» газетінің 55 саны шықты (45-100)

1915 жыл

Қаңтар

Қаңтардан бастап «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады. Орынбор губернаторы «Қазақ» газетінің аптасына екі рет шығуына рұқсат бере отырып, оны бақылауға алынғанын атап өтеді. Газетті бақылау Торғай облыстық басқармасының татар тілінен аудармашысы Тунганчинге тапсырылған.


«Қазақ» газеті арқылы Алаш зиялылары аумалы-төкпелі заманда қазаққа пайдалы ақыл-кеңес айтып, қоғамды дұрыс жолға бағыттауға тырысты. Мәселен, 1915 жылғы газеттің алғашқы санындағы мақалада қазақ жастарының солдатқа баруы маңызды екендігі туралы жазылған еді. Алаш арыстары қазақтардың әскери машық пен тактиканы, ел қорғанысының қыр-сырын меңгеруін қалаған еді.

Военный министр Куропаткин 1900 жылы Ертіс қазағына Д.И.Левкин деген офицерді жібереді. Он шақырымнан казак-орыс қалыбына түсіп, қызмет қылып, қазаққа енші ал деді. Солдат боламыз деп, қазақ мұнан қашты. Оренбург казак-орысында казак-орысқа жазылып, жер алған татар бар. Бұларды ұтылды деуге болмайды. Біздің қазақ әуел бастан солдат берген болса, біздің жұрт кім біледі мәдениет жолында ілгерірек болар ма еді?», - деп жазады Әлихан Бөкейхан.
Ары қарай

«Қазақты» аптасына екі мәрте шығарудың шығыны ауыр болды. Себебі, оған дейін алушының (бүгінше айтқанда жазылушының) аздығынан «Айқап» жұрналы тоқтап қалған болатын. «Қазақ» газетінің алқасы басылымды ұстап тұру үшін жұрттан көмек сұрауға да мәжбүр болды. 1915 жылы «Ауқатты Алаш азаматтарына» атты редакция алқасының мақаласы шықты.

«Газетаны екі шығарудың ендігі шарасы баспахана ашуда болған соң, енді сол баспахананы ашудың жағындамыз. Бұл үшін қолымыздағы қазір бар сома мынау: 3 мың бір жүз сом «Азамат» серіктігінің ақшасы: 1 мың сом он жарнаға ие болып Сағындық мырза Досжанов бермекші болып тұр. Орынборда тұрған қазақтар өз арамыздан жиыстырып 2 мыңға жақын ақша шығармақпыз. Сөйтіп, 6 мың сом қолымызда бар деп есеп етеміз. Ендігі ең аз болғанда 4 мың сом табу қажет... ...Далаға айтылған сөз болар, әйтпесе саңылаулы санаулы ауқаты бар адамдардың ескерерлік төрт мырза табылар деп үміт күтеміз», - деп жазады. Газеттің келесі санында азды-көпті көмек бергендер табылады. Көздеген қаражат жиналмаса да, үміт күткен соманың төрттен бірі жиналады. «Ойламаған жерден «Қазақ» төтенше шығындарға ұшырап, халі ауырлағанын байқаған азаматтар азды-көпті көмек берісті. Бұлар көмектерін әрқайсысы айрықша әр уақытта жіберген еді. Біз бәрін жиып, бірақ жариялап отырмыз. Халыққа көз-құлақ болғандай ортасындағы бір газетасын бұлайша көтермелеген заттарға шын көңілден тәңірі жарылғасын айтамыз. Бейбітшілік заман кешікпей қайта айналар, мезгілді ауырлықтар ұмытылар, сол кезде инша алла, ісіміз де ілгері басар. Бізге қымбаты халықтың ықыласы еді, мұны міне көріп отырмыз», - деген газет алқасы жиыны 1274 сом 40 тиын ақша жиып берген азаматтардың есімін тізіп шыққан.
Ары қарай
Шілде

«Қазақ» газетін аптасына қайтадан бір рет (екі реттің орнына) шығару туралы шешімі қабылданады. Орынбор губернаторы Кеңсесі Баспа ісі жөніндегі бас басқарманың мәліметіне сәйкес, газет бағасы сол жылы бір жылға жазылу - 4 рубль, жарты жылға – 2 рбль 50 тиын, 3 айға – 1 рубль 50 тиын, жеке сатылымда – 5 тиын болып белгіленген.


1915 жылы «Қазақ» газетінің 62 саны шықты (101-163)

1916 жыл

9 қаңтар

1916 жылдың 9 қаңтарында Ресей мұсылмандарының газет шығара бастағанына 10 жыл толды. Осыған байланысты «Қазақ» газетінің редакциясына Мәскеу мұсылмандарының тобынан құттықтау телеграммасы келіп түсті. «Қазақ» газеті осы құттықтауды басып, редакция атынан да әріптестеріне құттықтау арнады.


1916 жыл бойы «Қазақтан солдат алу» мәселесі «Қазақ» газетінің ең жиі көтерген тақырыбына айналды. Себебі, дәл сол жылы Бірінші дүниежүзілік соғыстың керегіне қазақтарды жұмысқа алу туралы Патша жарлығы шыққан болатын. Ел іші бұл жарлыққа үрпиісе қарап, мұның арты көтеріліске ұласады. Халықтың босқа қырылып қалатынын білген зиялылар «Алаштың азаматына» атты мақала жазды. Онда қазақтардың соғыс машығы мен әрекеттерін білетіндей дәрежеге жету үшін жарлыққа көнуге үндейді.

«Ал ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамды әділдікпен спискті өздері түзеп беруі керек. Мынауы жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай, дұрыстықпен іс қылу керек. Бұл іске қулық-сұмдық кіргізу, алалықты-партиялықты қосу зияннан басқа түк пайда әпермейді. Ерікті өздеріңе бергенде дұрыстап іс қыла алмасаңдар, үкіметке соңынан өкпелеуге болмайды. ...Екінші істейтін нәрсе, көніп отырып сұрайтын кеңшілік – льгота. Бұларды толымды, сыйымды дәлелмен үкіметтен сұрау керек», - деп жазады Әлихан, Ахмет, Міржақып.
Ары қарай
Шілде

11 шілдеде «Қазақ» газетінде Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтың «Алаш азаматтарына» атты Үндеуі жарық көрді. Онда: «Отандастырымыз – орыс халқы, діндестеріміз – мұсылмандар, татар халқы, сондай-ақ, басқа да көрші халықтар өрттің жалынында лаулап жанып жатыр. Бізге бұдан сырт қалуға болмайды. Өзіміз боданы болып отырған өкіметтің бұйрығынан бас тарту, басымызды сауғалап үйден шықпау, мемлекетті қорғауға ат салыспау дұшпанға көмек көрсетумен бара-бар» делінді.


30 шілдеде «Қазақ» газетінің басқармасы мен Міржақып Дулатұлының пәтерінде тінту жүргізіліп, біршама хаттар, телеграммалар тәркіленді. Тінту жүргізуге негізгі себеп «Ахмет, Әлихан мен Міржақып қазақ соғысқа кісі бермесін деп хат жазған» деген өсек болған тәрізді. Кейін, үш қайраткердің дәл осы мәселе туралы газетте «Қазақ жұртына» атты тақырыппен мақаласы жарық көрді. Онда Ахмет, Әлихан мен Міржақып өсек сөзге емес, «Қазақ» газетінде басылған нақты мақалаға сенуге шақырады.

Алаш қайраткерлері Ресейге соғысқа жұмыскер ретінде алынған қазақтардың тағдырына белсене араласты. Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай, Хәкім Кекин, Әмір Қаталұғлы секілді басшылар солдатқа жұмысшы болып алынған қазақтар мәселесімен айналысты. Осыған байланысты «Қазақ» газетінде соғысқа кеткен қазақтар жағдайына байланысты «Жұмысшылар жайынан» атты мақалалар сериясы жарияланып тұрды. «Жігіттердің амандық хабарлары» жеткізілді. «Тыл жұмысындағы қазақтар» атты тақырыппен мақалалар жазылып тұрды.

29 қазанда

«Қазақ» газетінде Әлихан мен Мұстафа Шоқайдың тыл жұмысшыларының жағдайына қатысты мақалалар сериясы жарыққа шығып тұрды. «Жұмысшылар жайынан» атты 1916 жылдың 29 қазанында шыққан мақала да осы туралы.

«Список бойынша 15 жасар бала, бір үйдегі жалқы, 3-4 ағайынды жігіттер тегіс алынып кеткен. Елдегі байлар, мүше тістеп жүрген мырзалар туралықтан тайып, малының арқасымен от басында қалса керек. Екібас заводына жаздырамыз, сөйтіп «аман» алып қаламыз деп ақшаға арын сатқан мырзалар да болыпты... ...Жұртқа жол тауып беріп, «еңбегіне» пұл алды деген батырлардың аты-жөні бізге мағлұм, керек уақытында «Қазақ» бетіне жазылар», - дейді Әлихан мен Мұстафа.
Ары қарай

1916 жылы «Қазақ» газетінің 45 саны шықты (166-211)

1917 жыл

1917 жылдың басында «Қазақ» газеті «Азамат» серіктестігі арқылы баспахана сатып алу туралы мәселе көтереді. Бұған себеп газет басылып келген Хусаинов баспаханасының сатылатындығы туралы жарнама болып отыр. Осыған байланысты «Баспахана туралы» атты мақала жарияланады. Онда алаш азаматтарына «Қазақтың» өз басына жеке баспахана сатып алу туралы үндеу жасалады. Бұған қазақ даласының әр түкпірінен үн қосушылар табылады. Мысалы газеттегі мақалалаларда «Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары 600 сом жіберген».

1917 жылғы Ақпан төңкерісін Ресейдегі барлық ұлттар үлкен үмітпен қарсы алды. Алаш зиялылары да бұл кезеңді Қазақ мемлекеттілігін қалпына келтірудің керемет мүмкіндігі деп ойлады. Осыған байланысты «Қазақ» газетінің 1917 жылғы алғашқы сандарында «Алаш ұлына» атты Үндеу хат жазылды

Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе, оны артып, ақырында Россия қол астындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айрымасына қарамай азаттық әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп отыр. Бұл күнге жеткізген құдайға мың шүкір! Бұл бостаншылық кілтін ашқан ерлерге сансыз рахмет! Әлихан, Ахмет, Міржақып
Ары қарай
Сәуір

«Қазақтың» 12 сәуірдегі санындағы Бас мақала Орынборда 1 сәуірде ашылған қазақ съезіне арналды. 27 сәуірден 7 мамыр аралығындағы Омбыда болған Ақмола қазақтарының съезі «Ішкі хабарлар» айдарымен беріліп тұрды.


Мамыр

19 мамырда Ақмола облыстық қазақ съезінің қаралған мәселелері мен қаулылары жарияланды.


Шілде

21-26 шілде аралғында Орынборда І Жалпықазақ съезі өткізілді. Съезде Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарының өкілдері болды. Съез төрағасы Халел Досмұхамедұлы. Төрағаның серіктері: Ахмет Байтұрсынұлы, А. Көтібаров. Хатшылары: Міржақып Дулатұлы мен Ақылбек Сейітов.


«Қазақ» газетін жиі шығару туралы мәселе де көтеріле бастады. «Азамат» серіктестігі арқылы аптасына екі немесе үш рет шығару туралы ұсыныстар газет бетінде басылды.


Орынбордағы Съездің программасы (бағдарламасы) бойынша Алаш зиялылары бірқатар мақсаттарды белгіледі

1. Мемлекет билеу түрі
2. Қазақ облыстарында автономия
3. Жер мәселесі
4. Халық милициясы
5. Земство
6. Оқу мәселесі
7. Сот мәселесі
8. Дін мәселесі
9. Әйел мәселесі
10. Учредительное собрание сайлауына даярлану һәм қазақ облыстарынан депутаттар
11. Бүкіл Россия мұсылмандарының кеңесі (Шорай ислам)
12. Қазақ саяси партиясы
13. Жетісу облысының уақиғасы
14. Киев шаһарында болатын бүкіл Россия федералистерінің съезіне һәм Петроградта болатын оқу комиссиясына қазақтан өкіл жіберу.
Ары қарай

Қазақ халқы Алаш партиясының құрылғанын, ел ішінде және бүкіл Ресейде қандай саяси оқиғалар болып жатқанын «Қазақ» газеті арқылы біліп отырды.

«Съез қаулысы (21-26 шілдеде өткен Бірінші Жалпықазақ съезі – авт.) халыққа мағлұм. Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сүйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою әуре болмастан ауызға түсіп тұр. Жалпы қазақ съезінің қаулысын қабыл етіп, қазақ өз алдына саяси партия болуын қостайтындар сайлауда кандидат списогін «Алаш» партиясының списогы деп жүргізулері керек» - деп жазды «Қазақ» газеті 1917 жылғы санында.

Тамыз

11 тамызда Міржақып Дулатұлының «Қазақ» баспаханасын сатып алынғаны туралы мақаласы жарық көрді. Онда «Азамат» серіктестігі атынан «Қазақ» газеті үшін 30 мың сомға баспахана алдық. Баспахананың екі машинасы бар, орысша хәріптері мол, саймандары түгел қарулы» деп жазады. Кейіннен «Қазақ» баспаханасы әртүрлі «заказдарды қабыл ететіндігі» туралы, баспаханаға көмек бергендер туралы да ақпарат шығып тұрды.


Желтоқсан

«Қазақ» газеті Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезі туралы жанжақты мағлұмат жариялады. Газетте Алаш Автономиясы жария етілгені туралы мақала шықты. «Алаш Автономиясы... территориясы дөңгелек пішіндес, 10 миллион халқы бар саяси бірлік» деп жазды Әлихаи Бөкейхан. 1917 жылдың 20 желтоқсаны күні Әлихан Бөкейхан Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, «Алаш» автономиясының және «Алаш-Орда» Уақытша комитетінің құрылғанын хабарлады.


1917 жылы «Қазақ» газетінің 33 саны шықты (212-245)

1918 жыл

1918 жылғы «Қазақ» газетінің сандарына Жанұзақ Жәнібеков редакторлық жасады. Ресейдегі саяси күштердің қақтығысы салдарынан 1918 жылдың қаңтар айының 17-нен бастап «Қазақ» газеті алты ай мерзімге шығарылмай қалды. Ақыры, қайта басылып тарала бастағанымен, басылым ғұмыры ұзаққа созылған жоқ.


1918 жылғы санында негізінен елдің ішкі мәселелері, Алаш Орда жұмысы туралы мақалалар жазылып тұрды. Бірқатар мақаланың соңында «Алаш орда председателі Бөкейханов» деп көрсетілген.


1918 жылы жарты жылдық үзілістен соң «Қазақ» газетіндгі соңғы сандарының бірінде Мадияр (Міржақып Дулатұлы) былай сөз арнады:

ЖАСАСЫН, АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ! КӨРКЕЙСІН АЛАШ!

«Көрмегелі көп айдың жүзі болды. Алты жылдан бері Алты Алашты аралаған «Қазақ» тоқтап, арамыздағы қатынас үзілгеніне жарты жылдан асты. Сонан бері зор өзгерістер болды, халқымыздың басынан қайғылы күндер өтті. Енді біраз бұлт серпілгендей болып, халқымыздың басынан қайғылы күндер өтті. Енді біраз бұлт серпілгендей болып, жұрт есін жиып, ойдағы-қырдағылардың бастары қосылып, әркім дағдылы қызметіне кірісе бастады... Сібірде большевик жоғалысымен Алаш Орда іске кірісті. Алаш Орданың көркеюі, Алаш автономиясының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: Милиция һәм қазына. Соның үшін Алаш Орданың алдымен қолға алған қызметі милиция һәм ұлт қазынасы болды. Бұл екі жұмыс әр жерде әр түрлі орындалып жатыр. Милиция һәм ақша жиналып біткен елдер де бар. Біздің жұрт қатарына қосылып қалатын күніміз осы. Алаш билігі Алашта болса дейтіндер мұндай заманның екі айналып келмейтініне анық көздері жететіні рас болса, малды-жанды автономия жолына салу керек».
Ары қарай

1918 жылдың 16 қыркүйегінде «Қазақ» газетінің ең соңғы саны шықты.


1918 жылы «Қазақ» газетінің 7 саны шықты (258-265)


1913-1918 жылдары «Қазақ» газеті 26 рет жабылды, ал Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше рет тұтқындалды.


Газеттің соңғы нөмірлеріндегі жарияланымдар шығарушылардың келешекке үлкен сеніммен қарағандығын байқатады. Алайда билік басына келген большевиктердің келуімен алдымен «Қазақ» газеті жабылды, ақырында қазақтың қамы үшін ұлт зияларының бәрі атылып, аман қалғаны сотталып кетті.

«Қазақ» газетінің авторлары:


  • 1) А.Байтұрсынұлы
  • 2) Ә.Бөкейхан
  • 3) М.Дулатұлы
  • 4) Б.Айбасов
  • 5) Ж.Аймауытов
  • 6) Ж.Ақбаев
  • 7) И.Арабаев
  • 8) М.Әуезов
  • 9) Г.Байгурина
  • 10) А.Бірімжанов
  • 11) А.Досжанова
  • 12) Х.Досмұхамедов
  • 13) С.Дөнентайұлы
  • 14) Ғ.Дулатова
  • 15) Ә.Ермеков
  • 16) І.Жансүгіров
  • 17) Т.Жомартбаев
  • 18) Қ.Жұбанов
  • 19) М.Жұмабайұлы
  • 20) М.Көпейұлы
  • 21) Ғ.Қараш
  • 22) Ш.Құдайбердіұлы
  • 23) Н.Құлжанова
  • 24) Б.Майлин
  • 25) М.Малдыбаев
  • 26) А.Мәметов
  • 27) Ғ.Мұсағалиев
  • 28) М.Шоқай
  • 29) А.Оразаев
  • 30) М.Оразаев
  • 31) Б.Сәрсенов
  • 32) Ж.Сейдалин
  • 33) А.Сейітов
  • 34) М.Сералин
  • 35) Б.Серкебаев
  • 36) С.Торайғыров
  • 37) М.Тынышбаев
  • 38) Ж.Тілеулин
  • 39) С.Хасенов
  • 40) С.Шорманов

және тағы басқалары




1913 жылдан бастап Қазақстандағы азаттық қозғалысының «Қазақ» газетінің қызметіне байланысты жаңа кезеңі басталды... «Қазақ» қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуға аз үлес қосқан жоқ, өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін көтерді, ағартушылық идеяларын насихаттады, қозғалыстың және болашақ «Алаш» партиясының баспа органы болды.

Қазақстан республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев
(«Тарих толқынында» кітабы. «Алаш мұрасы және осы заман» тарауы)



Дайындаған: Аян Өрібаев, Тоқабаев Қанат