қаз рус
Қазіргі заман үрдістерімен лайықты деңгейде дамып келе жатқан Тәуелсіз Қазақстан өзінің мүдделеріне сай келетін әрі жаһандық сипаттағы түрліше бастамаларға ашық. Осындай бастамалардың қатарына, сөзсіз, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық жобасының бір бөлігі ретіндегі Жібек жолы Экономикалық белдеуінің (ЖЖЭБ) құрылысын жатқызуға болады.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Назарбаев Университетінде жариялаған баяндамасының 5 жылдығы қарсаңында назарларыңызға «Жібек Жолы: ынтымақтастықтың жаңа кезеңі» арнайы жобасын ұсынамыз.


Осыдан 5 жыл бұрын ҚХР Төрағасы Астанада Ұлы Жібек жолы тарихи бағдарында орналасқан елдерді біріктіретін Жібек жолы Экономикалық белдеуін құру стратегиялық бастамасын таныстырған болатын.

Си Цзиньпиннің айтуынша, Қытай мен Орталық Азия елдері экономиканы дамыту, мемлекеттердің қуатын арттыру және өркендету сияқты ортақ стратегиялық мақсатты көздейді. Ол «іс жүзіндегі өзара әрекеттестікті жан-жақты нығайту» және «саяси диалог, географиялық жақындық һәм экономикалық өзара толықтырушылық басымдығын ынтымақтастық, тұрақты даму, өзаратиімділік пен ортақ жетістік негізіндегі мүдделер тұтастығын құру басымдығымен алмастыру» қажеттігін атап өтті.

ҚХР Төрағасы ынтымақтастықтың жаңа модельдерін пайдалануға, Жібек жолы Экономикалық белдеуін ортақ күш салу арқылы қалыптастыруға шақырды. Ол саяси үйлестіру, инфрақұрылымдардың өзара байланысы, үзіліссіз сауда, капиталдың еркін айналымы, халықтар арасындағы жақындықты нығайту сияқты бірқатар шараларды ұсынды.

Си Цзиньпин «Жібек жолы өткен қазақ жері шығыс пен батыс өркениеттерінің интеграциясына, алуан түрлі этностар мен мәдениеттердің арасындағы байланыстар мен ынтымақтастықты дамуына елеулі үлес қосты..., ал жол бойында орналасқан елдер бір-бірінен үйрене отырып, адамзат өркениетін дамытуға өз септігін тигізді», деді.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің фотосы

ҚХР Төрағасы, осылайша, «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы Қазақстанмен ынтымақтастықтың ерекше маңызын атап көрсетті.

Бұл кездейсоқ таңдау емес, мұның бірнеше алғышарты бар. Бір жағынан, бұл Қазақстанның, жалпы Орталық Азияның Қытай сыртқы саясатындағы орны мен рөлін көрсетеді. Бұдан тыс, екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың әрі олардың басшыларының арасындағы қарым-қатынастардың достық сипатта екеніне айғақ болады.

Екінші жағынан, бұндағы таңдау басқаға емес, дәл Қазақстанға түсіп отыр. Өйткені мұнда инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалған, Қазақстан жаңа идеяларға, білімге, инновацияларға ашық. Нұрсұлтан Назарбаев көрші елдермен ынтымақтастықты нығайту бойынша сарабдал, салиқалы саясат жүргізіп отыр.

Еуразия құрлығының қақ ортасынан орын тепкен Қазақстан - түстік пен теріскейді, шығыс пен батысты біріктіретін жолдар торабы іспетті. Осындай тиімді географиялық орны да Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы негізгі серіктес ретінде Қазақстанды таңдауына алғышарт болып қызмет етті.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің фотосы

Ұлы Жібек жолы — тарихи мәні зор, қазіргі заманға сай жаңа есім мен жаңа рөлге ие болып отырған көлік магистралі. Тарихта сауданы дамыту қажеттілігі арқылы танылған жол бүгінде тартымды инвестициялық жобаға айналумен қатар Қазақстан мен Қытай экономикалық қарым-қатынастарын дамытудың жаңа кезеңін бастап береді.

Тарихи негізге арқа сүйеген өзара тиімді ықпалдастық бүгін дамытылуы тиіс, ертеңгі күнге салынған инвестиция секілді.

Ежелде Ұлы Жібек жолы бүкіл Еуразия құрлығындағы халықтардың экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарып келген. Ол сауданы дамытумен қатар, ғылымның қанат жаюына, технологиялар мен инновациялардың өркендеуіне, сондай-ақ мәдени байланыстардың нығаюына жағдай жасады.

ХХІ ғасырдағы жаһандану жағдайында Еуразияның орталығында орналасқан тәуелсіз Қазақстан үшін көрші елдермен ынтымақтастықты дамыту, тиімді көлік инфрақұрылымын орнату аса өзекті болып отыр.

Бұл идея 2014 жылы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында нақты айқындалды.

Қазақстан үнемі өңірде өзіне басымдық беретін интеграциялық жобаларды қолдап келді. Теңізге шығу жолының болмауы елдің тауар экспорттау және импорттаудағы көлік-логистикалық мүмкіндіктерін едәуір қысқартады. Осыған байланысты, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік тартымдылығын мейлінше арттыра түседі.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің фотосы

«Нұрлы жол» Жаңа экономикалық саясаты мен ЖЖЭБ құрудың ұштасуы бойынша ынтымақтастық жоспарына Қазақстан мен Қытай үкіметтері 2016 жылы қол қойды. Екі ірі инфрақұрылым жобаларының үйлесімі екі елдің мүдделеріне сай келеді әрі өзара тиімділік сипатына ие.
САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Жібек жолы Экономикалық белдеуі орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан экономикасын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін береді. Металлургиядан мал шаруашылығына дейінгі өндірістің түрлі салалары үшін тауар сататын жаңа нарықтар керек, ал Қытай, ауқымының кеңдігі мен орналасқан жерін ескерсек, тиімді нарық болып табылады. Қазірдің өзінде көптеген кәсіпорындар бірінші кезекте Қытайға өнім экспорттауға бет бұра бастады.
Қазақстанның Тынық мұхитқа шығуына мүмкіндік беретін, 2014 жылы пайдалануға тапсырылған Ляньюньган портындағы Қазақстан-Қытай логистикалық терминалы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы маңызды транзиттік-көлік орталықтардың біріне айналды. Ляньюньган портында логистикалық және сауда алаңы орталығының құрылуы Қазақстан арқылы Еуропаға баратын және кері бағыттағы жүк тасымалы көлемінің артуына жағдай жасады.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

2017 жылы Қытай-ЕО-Қытай бағытында 201 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент — контейнер тасымалдаушылар мен контейнер терминалдары сыйымдылығын өлшеудің шартты бірлігі) контейнер тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 96,5 мыңға немесе 92%-ке артық.

Ағымдағы жылдың 6 айында осы бағдар бойынша контейнер тасымалдау көлемі былтырғы осы кезеңмен (76 мың ЖФЭ) салыстырғанда 43%-ке артып, 109 ЖФЭ болды. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2020 жылға қарай, терминал жылына 500 мыңнан астам контейнерге қызмет көрсету мүмкіндігін береді.
Қытай инвестицияларының негізгі іс жүзіндегі нәтижелерін өңірдегі ең ірі көлік хабы құрылған «Қорғас — Шығыс қақпасы» Еркін экономикалық аймағының базасынан көруге болады. Мұнда клиенттерге бүкіл көлік-логистикалық қызметтерін, соның ішінде кедендік және делдалдық қызметтерін «бір терезе» принципімен көрсету мүмкіндігі қарастырылған.

Тау-металлургия кешені, машинажасау, агроөнеркәсіп кешені, энергетика және жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым, мұнай өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру сияқты салаларда жалпы сомасы 27 миллиард АҚШ долларын құрайтын 51 ірі жоба іске асырылып жатыр.

Атырау облысы әкімдігінің фотосы

Аталған жобалардың бір бөлігі аяқталған. Сондай-ақ ұнтақты полипропилен өндіру, JAC брендімен автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, т.б. салалардағы ынтымақтастық іске асырылып жатыр.

Қытай — энергия ресурстарының әлемдегі ірі тұтынушысы. Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық Қазақстан мұнайын, Ресей транзиттік мұнайын өндіру және экспорттау, транзиттік (Түрікменстан мен Өзбекстан) және Қазақстан газын ҚХР-ға экспорттау, жаңартылатын энергия көздері салаларында қарқынмен дамып келеді. Қазақстан Республикасынан ҚХР-ға мұнай экспорттау («Атасу-Алашанькоу» мұнай құбыры) көлемі 2,3 миллион тоннаға жетті.

Қазақстан мен Қытай ауыл шаруашылығы саласында да мейлінше табысты ынтымақтастықты жүзеге асырып отыр. 2018 жылдың қаңтарынан мамырына дейінгі аралықта ауылшаруашылық өнімдері және оларды өңдеу саласындағы тауар айналымы 175,4 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстан Қытайға бидай, майдың бірнеше түрін, ұн, ет, балық және басқа да азық-түлік өнімдерін экспорттайды.

Қазақстан-Қытай индустриялық-инновациялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында Қытайдың АӨК саласындағы компанияларымен ынтымақтастықта рапс майын өндіру, қымыз және шұбат өндіру, Алматы облысында заманауи ет өңдеу кешенін салу, биохимиялық кластер құру және жетілдірілген химиялық материалдарды өндіру бойынша көптеген инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.

2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ауылшаруашылық өнімдері тауар айналымы және оларды өңдеу көлемі 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 32%-ке артып, 345 миллион АҚШ долларын құрады. 2017 жылы Қытайға АӨК өнімдерін экспорттау көлемі 34,3% артып, 180,5 миллион АҚШ долларына жетті.

Қазақстанда өндірілетін ауылшаруашылық тауарларының барлығына Қытайда сұраныс бар. Өйткені Қытай өз нарығына сапалы, экологиялық таза өнімдердің кіруіне мүдделі.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қытай - Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі. Ол елімізге тартылған шетелдік инвестициялар ішінде Нидерланды, АҚШ және Ұлыбританиядан кейінгі 4-орында тұр.
КӨЛІК ЖҮЙЕСІНІҢ ДАМУЫ
Қашанда сауда және экономикалық қатынастарды дамытудың маңызды факторы жүктерді алыс жерлерге сенімді, жылдам әрі тиімді жеткізу мүмкіндігін беретін жолдар болып келген. Нұрсұлтан Назарбаевтың «жол — шын мәнінде, Қазақстан үшін өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі» деуі тегін емес.

Бүгінгі таңда бұл идея ауқымды көлік жобалары — автомобиль және теміржол магистральдары, республика ішіндегі заманауи инфрақұрылымға ие жол желілері, логистикалық орталықтар, т.б. арқылы іске асырылып жатыр. Осының бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, жер-жерде жұмыссыздық проблемасын шешуге жағдай жасап, кәсіпкерлік қызметті ынталандырады.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің фотосы

Екі бастама бір-бірін толықтырып, ұқсас міндеттерді шешуге қызмет етеді. Бұдан бөлек, 2017 жылы Қазақстан Президенті айтқандай, Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигманы қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өйткені Қазақстан «Жібек жолы Экономикалық белдеуі» жобасының белсенді қатысушысы ғана емес, сонымен қатар маңызды құрылымдардың, атап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, әрі Қытай мен Еуропа арасындағы өзіне тән байланыстырушы буын іспетті.

ҚР Президенті баспасөз қызметінің фотосы

Осы жолда белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. 2017 жылға қарай 1500 км теміржол, 3000 км автомобиль жолдары салынды. «Қытай — Еуропа — Қытай» және «Қытай — Орталық Азия — Қытай» бағыттары бойынша көлік-логистикалық бағдарлары толыққанды қызмет етіп жатыр.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Бағдарламаны іске асыру жылдарында басқа инфрақұрылыммен бірге, қытай тауарларын құрлық арқылы мейлінше тиімді бағдармен тасымалдауға мүмкіндік беретін бірыңғай транзиттік жүйе құрылды.

Былтыр «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің Қазақстан бөлігінің құрылысы аяқталды. Бірегей дәліз жүктерді 10-12 күн мерзімінде тасымалдайтын, Еуропаға баратын ең қысқа автожол бағдары болды. Жүк тасымалдау шығындары бірнеше есе азаяды, бұл тұтынушы үшін тасымалданып жатқан өнімдердің құнына тікелей ықпал етеді. Ал Қазақстан осы транзиттен табыс алудың тағы бір мүмкіндігіне ие болады.
Жуырда Құрық порты мультимодальды көлік хабы ашылды. Құрлықтағы Қорғас портынан Құрық порты арқылы, ары қарай — Транскаспий дәлізімен Еуропаға баратын тұрақты контейнер пойызының қатынауы үшін жаңа көлік мүмкіндіктері пайда болды.

portkuryk.kz фотосы

Осы бағдардың тартымдылығын арттыру үшін тауар ағындарының өту қауіпсіздігі мен сапасын көтеруге ұмтылу қажет. Бұған сервис деңгейін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді жою, цифрлық және интеллектуалдық технологияларды енгізу арқылы көлік-логистикалық қызметтер спектрін кеңейту жолымен қол жеткізуге болады.

Екі бағдарламаның ұштасуы көлік инфрақұрылымы, индустрияландыру, инвестициялар, сауда, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытумен қатар, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарға да кең жол ашты.
МӘДЕНИ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
Мәдени өлшемдер - Жібек жолын жаңғырту жобасының тағы бір құрамдас бөлігі. Мәдени байланыстар түрлі халықтардың дәстүрлерімен, тарихымен, қазіргі өмірімен танысуға, гуманитарлық байланыстарды жандандыруға, жинақталған тәжірибелер мен білімдерді бөлісуге мүмкіндік береді.

2015 жылы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасында Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы да өзара байланыстардың кеңеюіне жағдай жасады.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Екіжақты қарым-қатынастар аясында туризмді дамытуға ерекше назар аударылады. Елдер бүкіл Жібек жолының бойында туризм кластерін дамытуға күш салып келеді.

2017 жылы Қазақстандағы Қытай туризмі жылы деп аталды. Ал ҚХР-да Ұлы Жібек жолы жылы және Халықаралық туризмді тұрақты дамыту жылы болды.
Екі елдің туристік мүмкіндіктеріне арналған көптеген форумдар мен көрмелер өткізіліп келеді.

Атап айтқанда, 2017 жылғы 27-29 қыркүйек күндері Астанада «Astana-Leisure 2017» Қазақстанның 14-ші халықаралық туризм көрмесі ұйымдастырылып, оған Қытай делегациясы да қатысты. Шара аясында отандық туроператорлар мен қонақүйлердің өкілдерінің қатысуымен өңірдің туристік әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. B2B форматында кездесулер өткізілді.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

2017 жылғы 27-30 қазан күндері Бейжіңде өткен 6-шы халықаралық туризм өнімдері көрмесіне 30-дан астам елдердің қатарында Қазақстан да қатысты. Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің қолдауымен өткен көрме аясында еліміздің туристік мүмкіндіктері туралы толыққанды ақпарат берілді. 2017 жылғы 3-4 қараша күндері Халықаралық туризм индустриясы форумы болды. 2017 жылғы 10-11 қараша күндері Алматыда «Қазақстанның Ұлы Жібек жолымен саяхат» халықаралық фестивалі өтті.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Бүгінгі таңда тиісті жобалар пакеті қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы маңызды құжат ретінде Стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы бірлескен декларацияны айтуға болады.

Қазіргі кезде Орталық Азия және Қытай мемлекеттерінің аумағына кіру үшін «Жібек жолы» («Silkroad») арнайы виза режимі әзірленіп жатыр. Жаңа механизмнің қолданысқа енгізілуі туризмді одан әрі дамытуға жағдай жасап, Шенген визасының баламасы болады. Бұдан бөлек, Қытай және Үндістанның Астана және Алматы әуежайлары арқылы үшінші елге ұшып бара жатқан азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз режим енгізілген. Соның нәтижесінде, былтыр Қазақстанға келген қытайлық туристердің саны 257 мың адамға жетті, ал Қытайға Қазақстанның 109 мың азаматы саяхаттаған.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында Конфуций институттары жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда Қытайда 14 мыңнан астам қазақстандық білім алуда. 2015 жылдан бері Қытай университеттерінде Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігінің қолғабыс етуімен Қазақстан орталықтары және қазақ тілі кафедралары ашылған.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

2017 жылы ҚХР аумағында 16 бірлескен мәдени шара өтті. Соның ішінде Қазақстан фильмдерінің қойылымы, кітаптардың таныстырылымы, Абай оқулары өтіп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері өнер көрсетті.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Екі халық арасындағы өзара мәдени ықпалдастық кинематография саласында да кенже қалған жоқ. 2017 жылы жазда Астанада ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сапары аясында ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасында Бірлескен кино өндірісі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

ҚР Ұлттық музейінде «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында «Император Цинь Шихуандидің терракота әскері» экспозициясы ұсынылды.

«ҚазАқпарат» ХАА фотосы

Қытайда қазақстандық музыканттардың гастрольдері табысты өткізіліп келеді. 2018 жылдың басында Сиань қаласында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары академияылық оркестрі «Жібек жолы. Көктем мейрамы-2018» халықаралық фестиваліне қатысты.

Осылайша, табысты Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы тарихтағы және болашақтағы экономикалық дамумен шектелместен, тату көршілік және дипломатияның тарихи дәстүрлері деңгейіне көтерілді. Мәдениет пен білім беру саласындағы өзара ықпалдастық көрші отырған екі елдің халқын байыта түседі. Осындай ынтымақтастықтың арқасында ғылым да, технологиялар да, мәдениет те, жалпы көптеген өзге де салалар қарқынмен дамып келеді.

Екі елдің басшылары — Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің бастамалары барлық саладағы барлық деңгейдегі екіжақты достық қатынастарын ерекше дамытуға бағытталған. Бұл екі халықтың өркендеуіне ықпал етеді.

Ғасырлар бойы тату көршілік және тиімді ынтымақтастық дәстүрлері сақталып, бұл ендігі күні Қазақстан мен Қытайдың жаһандық жобалары мен бастамаларында оларды дамытуға жаңаша серпін беріп келеді. Осы ынтымақтастық пен өзара ықпалдастық экономика мен қоғамда оң бейнесін тауып та жатыр.
Материал ҚР Президенті Баспасөз қызметінің және
ҚР Президенті Телерадиокешенінің қолдауымен дайындалды.

Гүлмира Байзақова