12 маусымда
Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті. Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігі тапсырылды.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгілеп, олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас-жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ, жастарды қолдау көзделді.
13 маусымда
Мемлекет басшысы Бішкекте өткен ШЫҰ саммитіне қатысып, Қырғыз Президенті Сооронбай Жээнбековпен, Ауғанстан Президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.
14 маусымда
Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысу үшін Душанбе қаласына келді. Сол сапарында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен кездесіп, Қазақстанның сайланған Президенті ретіндегі алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні бар екенін айтты. Сондай-ақ, Президенттің Қатар Әмірі Тамим бен Хамад Әл Танимен кездесуі өтті.
19 маусымда
Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты.
25 маусымда
Қасым-Жомарт Тоқаев Арыс қаласын аралап шықты. Ондағы халықпен кездескен Президент: «Қазір біз ең бірінші кезекте адамдардың, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Екінші – көрсетілетін көмектер. Арнайы қор құрылды» дей келе Арысқа бүкіл Қазақстан көмектесетінін жария етті.
2 шілдеде
Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы Сотының ғимараты мен Халықаралық арбитраждық орталығын ашты. «Біз реформалардан қорықпаймыз. Сондықтан, бұрынғы КСРО аумағында алғаш рет ағылшын құқығы сот төрелігінің жалпы жүйесі аясында елімізде табысты қолданылып отыр», – деді Қазақстан Президенті ашылу салтанатында.
4 шілдеде
Елордада Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-пленарлық отырысына қатысты. Мемлекет басшысы қатысушыларға Үкіметтің білім беруді және ғылымды дамытуға бағытталған жаңа Мемлекеттік бағдарламасы әзірлеп жатқанын атап өтті.
7 шілдеде
«Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай», «Әлқисса» күйлері – ұлттық рухымызды көтеретін таңғажайып туындылар. Домбыраның пернесінен шыққан күйде халқымыздың терең тарихы бар. Біз атадан балаға аманат болған асыл мұрамызды сақтап, қадір тұтуымыз қажет» Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық домбыра күніне арналған елордадағы концертте айтқан сөзі.
16 шілдеде
Мемлекет басшысының қатысуымен Тамыз конференциясы өтті. Жиында Президент 12 жылдық білім беруге көшу жұмыстарын оңтайлы жүргізу, апатты және шағын жинақты мектептерді ретке келтіру, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуды оқушылар мен ата-аналардың қалауына қалдыру, мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыру, ғылымды қаржыландыру ашықтығын қамтамасыз ету тапсырмаларын жүктеді.
22 шілдеде
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі құрылымында Өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылды. Осы бөлімнің меңгерушісі ҚР Президентінің көмекшісі қызметін қоса атқарады.
21 тамызда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
24 тамызда
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында сөз сөйлеп, Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында Ұлытауды халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырды.
29 тамызда
Қазақстан Президенті «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсыру рәсіміне қатысты. Жиында Президент әлем елдерін ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісіндегі бірлескен күш-жігерді жалғастыруға шақырды. Оның айтуынша, Елбасының антиядролық бастамалары жаһандық қауіпсіздікті нығайту үдерісінің маңызды бағдары болып қала беруі тиіс.
2 қыркүйекте
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың құқықтарын, еркіндіктері мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дамыған және инклюзивті экономиканы қалыптастыру, халықты әлеуметтік қамту саласын жаңғырту, сондай-ақ өңірлердің әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларын ұсынды.
4 қыркүйекте
Мемлекет басшысы Азия қаламгерлерінің І форумына қатысты. Аталмыш жиында Қасым-Жомарт Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындап, Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құруды ұсынды.
6 қыркүйекте
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысының жұмысына қатысты. Жиында Ұлттық кеңестің мүшелері – Рахым Ошақбаев, Мұхтар Тайжан, Айдос Сарым, Асылбек Қожахметов, Қазыбек Иса, Саясат Нұрбек, Айман Омарова, Ермек Тұрсынов, Сейдахмет Құттықадам, Ораз Жандосов сөз сөйледі. Жиын қорытындысында Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында елді жаңғырту бойынша мазмұнды, тиімді әңгіме болғанын атап өтті.
11-12 қыркүйекте
ҚР Президентінің ҚХР-ға екікүндік мемлекеттік сапары өтті. Сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, Қытайдың іскерлік орта өкілдерімен, «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті. Мемлекет басшысы сондай-ақ, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқып, «Hikvision» компаниясының офисіне барды.