Зырянда ер адам өрттен құтқарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Зырянда өрт сөндірушілер ер адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Зыряндағы 3 қабатты тұрғын үйде өрт шығып, ұлымен бірге тұратын зейнеткердің пәтері жанды. Өрт сөндірушілер жеткенше қарт ананың үйден шығуына көршілері көмектескен. Ол қалалық ауруханаға жеткізілді.

Тұрғын үйден сәбиі бар әйелді қоса санағанда 4 ересек пен 4 бала қауіпсіз жерге көшірілді.

«Баспалдақтан түсу мүмкін емес еді. Өйткені кіреберіс қою қара түтінге оранды. Өрт сөндірушілер тұрғындарды сатымен түсірді», - дейді №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы Ержан Өмірбаев.

Қарт ананың ұлы екінші қабаттың еденінде ес-түссіз күйде табылды. Оны құтқарушылар жылдам сыртқа шығарды. Таза ауаға шыққан соң ол есін жиды.
Жалын 16 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, өрттің шығуына темекінің тұқылы себеп болуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар