Зырян қаласына және ондағы 28 көшеге жаңа атау беріледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Зырян ауданына жасаған іссапары барысында кеңестік кезеңнен қалған көше атауларын өзгерту мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Зырян шаһарында көптеген көшелердің заман талабына сай еместігін сынға алды.

«Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неліктен жабысып қалдық? Нақ осы «қайраткерлердің» кесірінен миллиондаған адамдар қырылды. Біз өскелең ұрпақты достыққа, еркіндікке баулуымыз керек. Ендеше көшелерді Достық, Тәуелсіздік деп атайық. Бізге өз заманымыздың қаһармандарын дәріптеу қажет. Мысалы, Сағадат Нұрмағамбетов осындай құрметке әбден лайық. Зырянның өзінен қаншама соғыс батырлары мен еңбек ардагерлері шықты! Адамзатқа есімі ортақ Абай, Әуезов, Жамбыл бар, Лермонтов пен Пушкин бар. Қаншама даңқты жұмысшылар мен инженерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің есімдері ескерусіз қалып жатыр. Осы бағытта жұмыс істейік», - деді Даниал Ахметов.   

Жуырда бұл қаланың 28 көшесі жаңа атау иеленеді деген жоспар бар. Жергілікті қоғамдық кеңестің ұсынысына сай, Советская көшесі Тәуелсіздік болып, Ленин көшесі Астана болып ауыспақшы.

Сондай-ақ, Лениногорская көшесін - Шиелі, Комсомольская көшесін соғыс батыры Павел Кольцов көшесі деп өзгерту ұсынылған.

Канавная, Пролетарская, Ворошилов көшелері - Бастау, Спорт, Еңбек деген атау алса, Советская тұйық көшесі Көлеңкелі болып қайта аталуы мүмкін.

Қазір қала тұрғындарының арасында Зырян қаласының өз атауын ауыстыру мәселесі де қызу талқылануда. Кеншілер шаһарын Алтай деп атау ұсынылып отыр.

Соңғы жаңалықтар