Зың-зың, дың-дың: Сөзден де, әннен де қадір кетті - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*  *  *

Зың, дың, saebiz: сөзден де, әннен де қадір кетті-  Атырау газеті

null 

«Атырау» газеті бүгінгі қоғам арасындағы қадірі кетіп бара жатқан сөзге қатысты ой қозғапты. «Әнді алсақ, қазір ән деуге ауыз бармайтын, бірақ еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін аузынан тастамайтын «вирус» әндер көбейді. Қайсыбір күні көліктегі радиодан «Сүймейтін, сүйіспейтін, қазақтың қыздары-ай» деп бір жігіт ышқынып жатыр. Сөйтсем осы күні мұндай әнсымақтар қалыпты жағдайға айналыпты ғой, көз көндіккен, құлақ үйренген», деп жазады гаазет. Сонымен қатар, мақала авторы бүгінгі күні бейнеклипін 30 миллионнан астам адам тамашалап, әуені мұхиттың арғы жағын да жаулай бастаған ерке Есмаханның танымал әніне де назар аударады.

 

null

Әлеуметтік желідегі кең таралған «вирус»-қа қатысты да тоқталады. «Артынша едел-жедел әлеужеліде «зың-зың» деген топ құрылып, «Зың самса, дың нан» деген дүкен ашыла қойыпты (қай қалада екенін белгісіз). Ол ол ма, Алматыда  бір пысықайлар «Saebiz» деген ресторан ашып үлгеріпті», - деп жазады газет..

 

Әлімтаудағы екі әулие ұмыт қалмасын - «Оңтүстік Қазақстан» газеті

null 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде оқырман Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына сүйене отырып, «жастар біле жүрсін» дейтіндей ұрпаққа аманат ретінде мақала жариялаған екен. Газеттің оқырманы, зейнеткер ақсақалдың әңгімесі негізінен Сарыағаш ауданы Әлiмтау ауылындағы «есепке алынбаған қасиеттi екi әулие туралы»  болып отыр. Жазуынша, Әлімтау қыратының шығысындағы 6-7 шақырымдай бөлiгi басталар тұсында үлкен ойпаң шұңқыр кездеседi. Шұңқырдың қырат басталар жерiндегi беткейiнде Пәрпi ата деген әулие бар. Аумағы екi бөлмелi үйдей, төменгi жағында еңкейiп өтуге болатын тесiгi бар, жоғарғы жағы шығыңқы, ернеуi үгiлмелi ақ шағыл тас. Еспе құмның ортасында жалғыз өзi орналасқан. Төменiректегi ескi зираттағы қабiрлердiң үйiндi топырағы тегiстелiп кеткен. Бастарына белгi қойылмаған.

«Бұл әулие Арыстанбаб, Ойсылқара (осы жерден бес-алты шақырым жерде), Түлкiшi ата, Зеңгi ата атты әулиелердiң тұсында өмiр сүрген дейдi (шамамен VII-VIII ғасырларда). Қай жылдары, қанша жыл жасағаны туралы нақты дерек жоқ. Оралбек Арынов қарияның айтуынша, Пәрпi ата 40 жасында дүниеден өтiптi. Көне аңызда ислам дiнiн насихаттау мақсатында араб елдерiнен келген делiнедi», деп жазады автор. Мақалада жас балалар әулиесі атанған Пәрпі ата туралы аңыз да айтылады. Атына сай мінәжат етушілердің де үзілмейтініне назар бөлінеді.

Тағы бір киелі мекен: Қожатоғай мен Әлiмтау елдi мекендерiнiң түйiскен тұсында дөңгелек қазаншұқыр, айнала жиегi тiк 2-3 метр биiк керiш тасты, табиғи қоршаулы жер кездеседi. Сол тас кемердiң күнбатыс жағалауының төменгi жағында кермек сулы құдықтар бар. Бiр ғажабы, құдық суы ернеуiне дейiн толып тұрады. Кей-кездерi тасып ағып жатады. Тас кемердiң осы бетiнiң орта тұсындағы үңгiрдiң бiраз қабаты құлап, кiреберiсiн басып қалған. Үңгiрдiң қаншалықты терең екенi белгiсiз. Оралбек қарияның айтуынша, кей кездерi кешкiлiк үңгiрден екi серке шығып, тастан-тасқа секiрiп ойнайды екен. Сондықтан бұл әулиенi жұрт Серкелi әулие деп атайды. Iндетке ұшыраған малды осы жерге түнетедi. Сондай-ақ, ауру-сырқау кiсiлер осында Алладан медет тiлеп келедi.

Мақала авторы Әлімтаудағы осы киелі екі мекенді тiркеуге алып, жол, су, баспана жағдайын ретке келтiру мәселесін көтереді.

Өңірдегі ең қарт ақсақал һәм Жарас мергеннің мылтығы - «Ақтөбе» газеті

null 

«Ақтөбе» газетінің жазуынша, Шалқар ауданының Бегімбет ауылында облыстағы ең қарт адам тұрады. Жұрт Қарашолақ деп атайтын Құдайберген Дүзімовтің жасы 108-де екен. Құжатында 1909 жылдың 9 мамырында туған деп таңбаланыпты.

«Біз барғанда қария өз бөлмесінде демалып жатыр екен. Көзге бірден төрде ілулі тұрған мылтық түсті. Біз көріп жүрген көп қарудың бірі емес. Кейін білгеніміздей, бұл атақты Жарас мергеннің мылтығы болып шықты», деп жазады облыстық газет. Мақалаға мергеннің мылтығын ұстаған 108-дегі қарияның суреті қоса беріліпті. Мылтық Құдайберген атаның бабасы Жарас мергенге тиесілі екен. «Қарадан хан шыққан Қалдыбай Қарақалпақты билеп тұрған кезінде, бір топ жігітті шақыртып алып, сынағанда, қай тұста да Жарастың мерейі үстем болып шыға беріпті. Сонда сыйлаған мылтығы екен. Жарас осы мылтықпен анау бір қиын жылдарда рулы елді баққан. Бұл күнде құнды жәдігерге айналған отты қару бірнеше ғасыр бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, Құдайберген қарияға жеткен».

Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында 100-ден асқан 53 тұрғын бар көрінеді.

  

Жидебайға барсаң, желікпей бар! - «Дидар» газеті

null 

Дарақылық, даңғазалық туралы, өскелеңнің ондай әдеттен аулақ болуы керектігі жайлы Елбасының бағдарламалық мақаласында жазылғаны белгілі. Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде оқырман дәл осыған ұқсас мәселе көтергне екен. Автор бүгінгі жастардың үйлену тойындағы бір кемшілікті алға тартады.  Ол - той шеруі. Шындығында, бұл соңғы кездері өңірлердегі әртүрлі баспасөзде жиі көтеріле бастаған әңгіме. Мақалада жастар шеруінің келеңсіз тұстары тізбектеле келе, негізгі мәселеге ден қойылады. Ерсі көрініс  ұлы Абайдың мәңгілік мекені Жидебай басында болған оқиға екен. «Басқа-басқа, үйленіп жатқан жастар шоғыры Жидебай басында желөкпелік жасап, айғай-шуға, даңғаза-дуға ерік берсе не болғанымыз?».

Мақалада ашынтатын тұс «Бұл ұлылар жатқан киелі жер, мұнда ел көңіл көтеру үшін емес, зиярат, тағзым ету үшін келеді. Қасиетті жерде артық қылық жасамаңдар, қайта үйленіп жатқан жастардың болашағына ұлылардың әруағы жар болсын деп тілек қосып, дұрыс келіп-дұрыс қайтыңдар» деп жөн сілтегенімен аға сөзіне құлақ асқан ешкім болмаған.

«Күйеу жігітті қаусыра аспанға атып, өздерімен-өздері мәре-сәре. Барлық көріністер бір ғана қаршадай оператор қыздың «сценариімен» жалғаса түсуде. Шеру құрамындағы қауым әлгі оператор-режиссердің «өйтіңдер-бүйтіңдер» дегенін бұлжытпай орындап, айқай-сүреңге баса түсуде. Сыртымыздан бөгде адамдар қарап тұр-ау деген қымсыныс та байқалмайды. Сонда, бұл өңірді басқарып отырған ел ағалары, жастар тәрбиесімен жұмыс жүргізетін мекемелер, құқық қорғау саласының басшылары идеология мен тәртіп мәселесіне жете мән бермей келгені ме?» делінген мақалада.

Түйінінде автор, киелі жерге, қасиетті орынға не үшін барамыз деген сауал тастайды. Жастар туралы «бәлен-түген» деп бейтарап отыра бермей, артық кеткенін түзеп, кемшін түскеніне кеңес беріп отыруға  үлкендерді шақырады.

Абылай ханның күйшілік қыры - «Сыр бойы» газеті

null 

«Халық Абылайды үш жүздің баласы ақ киізге көтерген хан ретінде таниды. Ол - саналы ғұмырын қазақтың тәуелсіздігіне арнаған кемең­гер басшы ғана емес, сондай-ақ, талай қанды қырғында елге пана болған батыр, жауға қарсы қол бастаған қолбасшы. Жаужүректігін даналықпен ұштастырған Абылайханның өз заманының дәулескер күйшісі екенін біреу білсе, біреу білмейді»,  деп жазады Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті.

Мақала авторы ғалым Ақселеу Сейдімбектің Абылайды ХVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілердің бірі ретінде атағанын алға тартады. Жазуынша, ханның күйлерін ең алғаш нотаға түсірген орыс ғалымы Затаевич екен. Ал Затаевичтың өзі «Менің ойымша, «Абылайдың қара жорғасы» осы тектес күйлердің ішінде тәуірі» десе, Шоқан Уәлиханов «Сыбызғыда, қобызда тартылатын күйлердің басым көпшілігі оның заманы мен өмірінің қилы кезеңдеріне арналған» деген екен.

«Шаңды жорық» деген күй шапқыншылық кезде ержүрек Баян батырдың қаза табуына орай шығыпты. Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда «Қоржынқақпай» күйі туған. Бұл күйді күйшілеріміз күні бүгінге дейін тартады. «Қара жорға» арқылы Абылай күйлерінің белгілі бір оқиғаға арналатыны байқалады. Мұндай ерекшелік «Садақ қақпай», «Майда жал», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт» сияқты күйлерінен де аңғарылады. Оның «Ақ толқын»», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Сары бура» секілді өз дәуірін терең суреттейтін басқа да күйлері бар» деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Көрерменсіз өткен көкпар - «Қостанай таңы» газеті

null  

«Қостанай таңы» газеті облыста ұлттық ат спорты ойындары өз маусымын аяқтағанын жазыпты. Қызығы өңірдегі ат спорты ойындарының жабылу шарасына ресейлік шабандоздар да келіп, ат қосқан көрінеді. Тіпті ауыздығымен алысқан алуан жүйріктің арасынан дәл осы Ресейдің аты бәйгенің көмбесіне бірінші жеткен екен. Әйтсе де маусым аяқталар тұста біршама келеңсіздіктер де болған. Мысалы, бастапқыда белгіленген он алты шақырымдық аламан бәйге мен сегіз шақырымдық тоқ бәйге қатысушылардың аздығына байланысты өтпеген.

«Әттеген-айы, алдын ала хабарламағандықтан атжарысты көруге санаулы ғана адам жиналды. Оның үстіне, бәйгеге демеушілік болуға ешкім құлық таныта қоймаған сияқты. Атбегілер жүлде қорына ақшаны өз қалталарынан қосқан», - деп жазады «Қостанай таңы» газеті.

Соңғы жаңалықтар