Зымыранның бөлігі құлаған жердегі өрт 12 сағатқа созылған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Союз-2.1а» зымыран тасығышының бөлігі құлау барысында шыққан дала өрті кезінде қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айтты.

Министрліктің ақпаратынша, өртті сөндіру кезінде қаза тапқан 1964 жылғы Хатюшин Юрий Андреевич, сонымен бірге зардап шегуші 1968 жылғы Тыц Вячеслав Павлович екеуі Қазақстан азаматтары, олар ресейлік «ВПК «НПО машиностроения» АҚ-ның жер бетінде іздеу жүргізу тобында жұмыс істеген. Вячеслав Тыц Жезқазған орталық ауруханасының травматология бөліміне 2-3 дәрежелі күйікпен жатқызылған. Қазір оған қажетті медициналық көмек көрсетілуде.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада, зымыран тасығыштың құлаған бөлігіндегі гептилге қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. «Союз-2.1а» зымыран тасығышының қозғалтқышына отын ретінде сұйық оттегі мен керосин пайдаланылады.

Төтенше оқиғаның жай-жапсарын келтіре отыра баспасөз қызметі,  «Союз-2.1а» зымыран тасығышын ұшыру Байқоңыр айлағында 31 алаңнан Астана уақытымен 14 маусымда 15.20-да жүргізілгендігін еске салды.

Зымыранның ұшуы қалыпты режімде өткен. 117 секундта бастапқы бөлік ажыраған. Оның бөлшектері белгіленген тұсқа Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Талап кентінен 20 шақырым жерге құлаған.

Зымыран бөліктерінің құлауы салдарынан дала өртенген. Екпіні 18 м/с-ға жеткен қатты жел кезінде өрт 10 мың гектар аумаққа таралған. Жалын тек 15 маусымда сағат 03.31-де он екі сағаттан кейін толық сөндірілген.

Фото: РИА Новости

Соңғы жаңалықтар