Зымыраннан шыққан от жалынына саз балшық керамикасы ғана шыдас береді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Аспан әлеміне жол тартқан зымыранның моторына саз балшық керамикасы пайдаланылады. Себебі ғарыш кемесі ұшқан сәттегі күшті от жалынына саз балшықтан өзге ешқандай зат төтеп бере алмайды. Бұл саз балшықтан жасалған бұйымдардың мықтылығын көрсетеді. Қызылордалық қолөнер шебері Ескендір Сарманов осындай деректің шетін шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ескендір Сарманов Қызылорда қаласындағы оқушылар үйірмесінде жас өрендерге саз балшықтан құмыра жасау өнерін үйретеді. Біраз жылдан бері осы кәсіптің қыр-сырына қаныққан шебер қызықты деректер жинаумен де айналысып келеді.

«Ерте кезден бастап құмыра жасау өнері кеңінен дамығаны белгілі. Шеберлер оның сапалы болуына маңыз беріп қараған. Сол себепті құмыралардың жасалуына ерекше көңіл бөлген. Мәселен, құмыралар мың жылдан астам уақыттан бері мұрты бұзылмастан сақтала береді. Оны мың градустан жоғары температурада қыздырса, сапасы арта түседі», - деді Ескендір Сарманов.

Тағы бір айта кетерлігі, көзді ашып-жұмғанша мың шақырымнан астам жерге зулап жететін зымыранның моторы саз балшық керамикасынан құйылады екен. Мұндай деректерді біреу біліп, біреу біле бермейді. Әдетте, ғарыш кемесі мыңдаған градус жалын шығаратыны белгілі. Сондықтан оның моторына ешқандай зат төтеп бере алмайды. Ал керамика ыстық күшейген сайын қатая түседі. Сол себепті ол ғарыш саласында жоғары бағаланады.

Мұндай дүниелерді жасаумен біздің ата-бабамыз да кеңінен айналысқан. Отандық археологтар көне шаһарларды зерттеу барысында қыш ыдыстарды көптеп кездестіреді. Біздің халқымыз оны кейде көзе жасаушылар деп те жатады.
null

«Қыш құмыралар бедеріне қарап, оның қандай балшықтан жасалғанын аңғару қиын емес. Кейбір жағдайда оларды жасауға қажетті шикізат мыңдаған шақырымнан астам жерден арнайы алдырылғаны жайында айтылып жатады. Оған жаз бойы көптеген қоспалар қосылып, әбден иі қандырылатыны жайлы да деректер бар. Содан кейін ғана тұрмысқа қажетті бұйымдар жасалған», - дейді Ескендір Сарманов.

Қазіргі таңда оқушылар үйінің көркем қыш және мүсін өнері үйірмесіне келетіндер қатары көбейді. Ол осыдан 3-4 жылдай бұрын ашылған еді. Жергілікті өрендер аптасына екі мәрте осы кәсіптің қыр-сыры туралы жан-жақты мағлұмат алады. Мүсін өнеріндегі алғашқы туындыларын да бірге жасайды.
null

«Бұл салаға ынта білдірген балаларға әрдайым есігіміз ашық. Дәріс бергенге ақы алмаймыз. Икемі бар балалар бір-екі рет бағыт-бағдар бергеннен-ақ әрі қарай алып кетеді. Бастысы, қолы жаттығу керек. Тепе-теңдікті, дәлдікті, көз жоба бойынша есептей алуы шарт. Бұл өнер түрінің артықшылығы бір жағынан жастарды шығармашылыққа, эстетикалық көркемдікке, өнерге баулыса, екінші жағынан еңбекке, қол қимылының дамуына жәрдемдеседі. Біз қажетті шикізатты Алматы қаласы мен Жаңақорған ауданынан арнайы алдырамыз. Алдын ала әзірленіп қойылған саз балшықты полиэтиленді пакет пен дымқыл матаға орап тастаса, ұзақ уақытқа дейін қолдануға жарайды», - деді аталмыш үйірме жетекшісі Ескендір Сарманов.
null

Соңғы жаңалықтар