Зура Жұманова: Ауырып келген адамға қолдау көрсету - борышым

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Адамды дәрімен емес, бірінші кезекте сөзбен емдеу керек. Гиппократтың осы ұстанымын өмірлік қызметінде ту етіп ұстап келе жатқан мамандық иелерінің бірі - медбикелер. Қазақстан медициналық қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Алматыда 42 жыл ғұмырын медицинаға арнаған тәжірибелі медбике Зура Жұмановамен тілдестік.

Қадірлі ана, абыройлы қызметкер Зура Жұманова қазірдің өзінде №20 мемлекеттік емханасының жұқпалы аурулар кабинетінде медбике қызметін атқарып келеді.

«Еңбек жолымды 1977 жылы Қостанай облысы Жітіқара қаласының перзентханасында медбике болып бастадым. 1978 жылдан бастап 1995 жылға дейін Алматы қалалық №3 балалар емханасында медбике болып жұмыс істедім. 1995 жылдан бастап 2011 жылға дейін жұқпалы аурулар ауруханасында аға медбике болып қызмет еттім. 2011 жылдан бері Түрксіб ауданындағы №20 емхананың жұқпалы аурулар кабинетінде медбике болып жұмыс істеп келем», - деді Зура Жұманова.

Білікті маманның бір күнгі жұмысы індетке қарсы профилактикалық шаралардан басталады. Одан кейін келуші пациенттердің мұң-мұқтажын тыңдап, талдауға жіберіп, тексеруге бағыттайды.

«Мен үшін ең басты бақыт - пациенттерімнің қажетті ақпаратты алып, көрсетілген қызметке көңілі толғаны. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаныма байланысты пациенттер мені кейде дәрігермен тең көреді. Ақыл сұрайды. «Дәрігер адамды бірінші дәрімен емес, сөзбен емдейді» деген сөздің жаны бар. Біз қобалжып келген адамдарға басу айтып, оларды сабасына түсіруге тырысамыз. Кейде артық әрекет етпеуін өтініп, мерзімінен бұрын көңіл түсірмеуге кеңес беремін», - деді Зура Жұманова.

Өмір жолында көпті көрген маман жас медбикелерге өз ақыл-кеңесін айтты.

«Жас медбикелерге таңдау жасаған мамандығына адал болуын тілеймін. Адамдарға мейірімді, қайырымды болуға шақырамын», - деді ол.

Зура Жұманова - отбасында екі қыз, екі немере тәрбиелеп отырған бақытты отанасы.

«Қыздарым жолымды қуған жоқ. Бірақ жақын туыстарымның көпшілігі медицина саласында», - деді Зура Жұманова.

Соңғы жаңалықтар