Зоолог Көлсайда шамамен қанша қар барысы мекен ететіндігін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 6-7 қар барысы мекендеуі мүмкін. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері Юрий Грачев айтты.

«Шатқалдардағы іздерді анықтай отырып, олардың саны 6-7 болуы ықтимал деген қорытындыға келдік. Мүмкін, одан да көп шығар. Оны анықтау үшін зерттеу жұмыстарын жалғастырамыз. Ол үшін фотоқақпандарды орнату кеңістігін кеңейтетін боламыз», - деді Юрий Грачев.

Естеріңізге сала кетейік, барыстар тобы Көлсай көлдерінің 2600 м биіктігінде Кіші өрікті шатқалында, ұлттық парктің қорық режимді аймағында фототүсірілімге түсіп қалған болатын. Суретке барыстың аналығы мен оның былтыр туған екі күшігі - аландар түсіп қалған.

«Бұл аң өте сақ, өте секемшіл. Оны адамдар сирек көреді. Ол тек тауешкі, марал сияқты жануарларымен қоректенеді. Сондықтан, қай жерде жемтігі жеткілікті, сол жерде өмір сүреді. Біз көктемде, қыста бір рет аң санағын жүргіземіз. Соның арқасында тау ешкілерінің саны 600-700 деп сеніммен айта аламыз», - деді деді «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директоры Әміржан Малыбеков.

Мамандар көлдегі сирек кездесетін түз тағысын сақтап қалуға бар күшін салмақ. Қорғау шараларының арқасында келесі жылы олардың саны 1,5 есеге артады деп күтілуде.

«Осыдан 30 жыл бұрын қар барыстарының саны 180-200 болатын. Адамдардың шамадан тыс аулауының салдарынан олардың саны екі есеге азайды. Кейде олар қойшы-малшылардың қойған қақпан-тұзағына түсіп қалып, мерт болып жатады. Нарықта оның терісі өте қымбат тұрады деседі. Тіпті, мифологиялық тұрғыдан өлтіріп, басын, тырнақтарын сақтап қоятындар да бар», - деді Ю.Грачев.

«Қар барысы - Қазақстанның дамуының символы. Бұл жануар ешкімге қатер төндірмейді. Біз бұл жануарларды қайткенде де қорғап, болашаққа жеткіземіз. Бұл шекарамыздың қорғалуының арқасында жүзеге асып отыр. Біздің парктің 100 км жері қырғызбен шектеседі. Бұрын ұлттық парк құрылмай тұрғанда олар емін-еркін кіріп, аңымызды атып жүретін. 2007 жылы парктің құрылуына байланысты аңдарымызды да, жануарларымызды да қатаң қорғауға алдық», - деді «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі РММ директоры Әміржан Малыбеков.

Сонымен қатар, фото обьективке Тянь-Шань қоңыр аюы, Түркістан сілеусіні де түсіп қалған.

Соңғы жаңалықтар