Златан Ибрагимович Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде жасы ең үлкен ойыншы атанды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Швеция құрамасы мен италиялық «Милан» клубының шабуылшысы Златан Ибрагимович футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде жасы ең үлкен ойыншы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболшы 41 жас және 172 күнге толғанда, 2024 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу турнирінде Бельгиямен өткен матчта 73-минутта алаңға шықты.

Швециялықтар өз алаңында Бельгияға 0:3 есебімен есе жіберді. Златанға дейін Еуропа чемпионатының іріктеу матчында ойнаған ең жасы үлкен ойыншы Италия құрамасының қақпашысы Дино Дзофф еді. Ол 1983 жылы Швециямен өткен ойында алаңға шыққанда, 41 жас және 3 айға толған еді.

З.Ибрагимович Швеция сапында барлығы 122 матч өткізіп, 62 гол соқты.

Швеция, Бельгиямен бір топта Аустрия, Эстония және Әзербайжан құрамалары өнер көрсетеді.

2024 жылғы Еуропа додасы Германияда өтіп, оған 24 команда қатысады. Финал Берлиндегі «Олимпиаштадионда» болады.

2020 жылы финалда Англия құрамасынан айласын асырған Италия чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Криштиану Роналдудың бірінші болып ұлттық құраманың ресми матчтарында 100 гол соққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Лионель Месси спорт мансабындағы 800-інші голын соқты.

Фото – Сhampionat.com


Соңғы жаңалықтар