Зияткерлік меншік саласындағы заңнамада қандай өзгерістер болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заңнаманы одан әрі жетілдіруге қатысты ҚР Парламентінің депутаттары зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді ұсынды. Түзетулер Парламентте барлық мүдделі тараптар: авторлық қоғамдастықтар, патенттік сенім білдірілген өкілдер, кәсіпкерлер, халықаралық және ұлттық сарапшылар шақырылатын жұмыс топтары барысында қаралады және талқыланады», - деді А. Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, түзетулер ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, «географиялық көрсеткіш» жаңа өнеркәсіптік меншік объектісін қорғауды енгізуге, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерге қатысты қысқа мерзімді қорғауды ұсынуға, тауар таңбалары, географиялық көрсеткіштер және тауар шығарылған жердің атаулары бойынша «оппозициялық» жүйені енгізуге (өтінім сатысында тіркеуге қарсылық білдіру мүмкіндігі), патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеуге бағытталған.

Құқықтарды ұжымдық басқару саласында:

- авторлардың немесе құқық иеленушілердің құқықтарын бір ғана ұйымның немесе көлемі, аумағы және басқару салалары бойынша шектеуі бар бірнеше ұйымның құқықтарды ұжымдық басқаруға беру;

- пайдаланушылармен жасалатын шарттар және аудиторлық қорытындылар туралы егжей-тегжейлі ақпаратты интернет-ресурста орналастыру жөніндегі міндеттер;

- ұйымның нақты шығыстарын жабуға арналған, сондай-ақ арнайы қорларға жіберілетін соманы нақтылау (жиналған сыйақының жалпы сомасының 30% - ынан аспауы тиіс)

- ұйымдарды аккредиттеуден айырылуы тиіс заң бұзушылықтардың түрлері толықтырылады;

- ұйымның интернет-ресурстарындағы жеке кабинеттер арқылы авторлар мен құқық иеленушілерге жиналған сыйақы, ұсталған сомалар туралы есептерді жіберу бойынша ұйымдар міндеті енгізіледі.

Заң жобасында «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 19-бабына цифрланған оқу материалдарын оқу процесі барысында сыйақы төлемей еркін пайдалану мүмкіндігіне қатысты толықтыру енгізу ұсынылады.

«Қазақстанның заңнамасына «географиялық көрсеткіш» географиялық көрсеткіштер ұғымын енгізу тауарлар шығарылған жерлердің атауларынан бөлек тіркеуге мүмкіндік береді. Осы өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша Қазақстанның екі жеке мемлекеттік тізілімі жүргізілетін болады. Географиялық көрсеткіштер мен тауар шығарылған жерлердің атауларын бөлек қорғауды ұсыну отандық өндірушілердің құқықтарын іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді және ұлттық брендтеуді дамытуға оң әсер етеді», - деді Ақерке Ахметова.

Оның сөзіне қарағанда, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерге қысқа мерзімді қорғау ұсыну құқық иеленушілерді бірегей бұйымдардың сыртқы түрін тікелей көшіруден қорғау мақсатында жүзеге асырылады. Тіркелмеген өнеркәсіптік үлгіні қорғау құжаты Қазақстан Республикасында алғаш рет жарияланғаннан (ашылғаннан) кейін 3 жыл бойы тіркелмей және берілмей қорғалатын болады.

«Сонымен қатар, «Оппозициялық» жүйе деп аталатын тауар белгілерін, географиялық көрсеткіштерді және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге өтінімдерді қарау сатысында қарсылықтар енгізу мүмкіндігі көптеген озық елдердің тәжірибесіне сәйкес келеді. Бұл өзгерістер 2018 жылғы іске асырылған заңнамалық түзетулерден кейінгі келесі қадам болып отыр. Бұл осы объектілерді тіркеуге байланысты даулар санын азайтуға ықпал етеді және зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын сақтауды және қорғауды жетілдіруге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.


Соңғы жаңалықтар