Зиянды ойыншықтар Қазақстанға контрабанда арқылы жеткізілуі мүмкін - Жамаубаев
2022 жылғы 19 мамыр 11:22

Зиянды ойыншықтар Қазақстанға контрабанда арқылы жеткізілуі мүмкін - Жамаубаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зиянды ойыншықтар Қазақстанға контрабандалық жолмен өткізілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар балалардың ойыншықтарына қатысты радиациялық бақылау қалай жүзеге асырылатынын сұрады.

«Кеден қызметкерлері елімізге жеткізіліп жатқан кез келген тауар мен қондырғыны радиациялық бақылаудан өткізеді. Бұл тұрғыда ойыншықтар да назардан тыс қалмайды. Егер осындай тауарлардың радиациялық көрсеткіші жоғары болса, тауарлар қайтадан тексеріледі. Осы орайда бұл көрсеткіштер нақтыланса, иондаушы сәулелену деңгейі анықталса, тауарлар сол елге қайтадан қайтарылады», - деді Е. Жамаубаев.

Оның пайымынша, егер зиянды ойыншықтар нарыққа өтіп кетсе, бұл өнімдер контрабандалық жолмен өткізілуі мүмкін.

«ЕАЭО аясында бес мемлекет арасында кедендік бақылау жүргізілмейді. Осы орайда басқа мемлекет арқылы өтіп кетіп жатса, мұндай фактілер болуы мүмкін екенін жасырмаймыз. Бірнеше жыл бұрын сондай фактілер болған. Бұл тұрғыда тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе бақылау күшейтілген, тиісті тексерулер ескерілген. Қаржы министрлігі тарапынан қондырғыларды жиі ауыстырып отырамыз, себебі олардың ресурстарын ескеру керек. Алдағы уақытта өткізу бекеттерін жаңғыртып, арнайы қондырғыларды жаңартамыз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы Ядролық материалдарды, радиоактивті материалдарды, радиоактивті қалдықтарды және радиациялық-қауіпті заттарды заңсыз өткізуді болғызбаудағы өзара іс-қимыл жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT