Жыртылған, дақтары бар Тулар үшін жауапқа тарту тетіктері әзірленеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуде Астана өзгелерге үлгі болуы керек. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада Мемлекеттік рәміздер мен ведомствоаралық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оның барысында Мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналасуын қадағалау мәселесі бойынша Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев баяндама жасады.

«Астана қаласының әкімдігі елорда аумағында Мемлекеттік рәміздердің пайдалануын бақылау жұмыстарын жүзеге асырады. Қалалық әкімдіктің мамандары заңнаманың талаптарына сәйкес тұрақты түрде талдау және мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде, Мемлекеттік Тудың материалының ескіруі, Мемлекеттік Елтаңбаның түсінің өзгеруі секілді жағдайлар анықталды. Алдымда сөйлеген әріптестерім айтып өткендей, Астана қаласында да жақында мемлекеттік комиссия тарапынан тексеру жұмыстары өтті. Ол бойынша 75 мекеме қаралды. Осы тексерістің нәтижесінде дайындалған ақпаратқа байланысты, мысалы Тудың ластануы, кейбір жерлерінің жыртылуы, түстерінің кетуі секілді фактілер бар. Олардың барлығы 1 жұмыс күнінде түгелдей қайта өзгертілді», - деді Ермек Аманшаев.

Қала әкімінің орынбасары Мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналастырылуына байланысты ұсыныстарын атап өтті.

«Түнгі уақытта Мемлекеттік рәміздерді жарықтандыру деген мәселе бар. Соған байланысты ғимараттардың, архитектуралық нысандардың ерекшелігіне байланысты, оларда қолданылған құрылыс материалдарына орай жарықтандыру мәселесінде бір стандарттау немесе алгоритмдер керек секілді. Бекітілгені дұрыс. Бұның бәрін мамандармен бірлесе қарастырған жөн шығар. Мемлекеттік рәміздерді орналастыру қағидаларына сәйкес, барлық мемлекеттік заңды тұлғалар, ұлттық компаниялар, холдингтер, АҚ-лар мен ЖШС-лар мемлекеттік нышандарға арналған экспозиция орнатуы тиіс. Іс жүзінде бұл нормаларды қадағалау үшін заңды құқық жетісе бермейді», - дейді ол.

Сол себепті Ермек Аманшаев әкімдік айыппұл сала алу үшін заңнамалық қолдау керектігін атап өтті.

«Жалпы, Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік рәміздерді қолданушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін дәл қазір мониторинг жүргізумен шектеліп отырмыз. Егер бұл мәселелер қолдау тауып жатса, қолымызда бір жақсы тетік болар еді», - деді Ермек Аманшаев.

Өз кезегінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өңірлер мен Астана билігінен түсіп жатқан ұсыныстарды Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қарау керектігін атап өтті.

«Астана өзгелер үшін әрдайым үлгі бола білуі тиіс. Қазір кір дақтары бар Тулар орнатылған. Кей жерде Тулар тіпті жыртылып жатыр. Стандарттардың бұзушылығы көрінеді. Осының бәрін Астана қаласы бойынша жөндеу керек. Өйткені, ең алдымен қонақтар, халықаралық ұйымдар, басқа да үлкен форумға келетіндер Астананы көреді. Исекешев мырзаға баяндаңыз. Бұл мәселеге жай қарауға болмайды», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Соңғы жаңалықтар