Жыршылық мұраның ұлағаты ұрпақ тәрбиесіне ауадай қажет - Ұлжан Байбосынова

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Ұлы Дала елі» халықаралық этнофестивалі түркі халықтары жыршыларының басын қосты. Айтулы шарадан кейін, «ҚазАқпарат» тілшісі жыр кешін ұйымдастырушылардың бірі, өнер жанашыры, жыршы Ұлжан Байбосынова сұхбаттасқан болатын.

- «Ұлы дала елі» тек қана көне мұраны насихаттау емес, алыс-жақындағы түркі халықтары өнерпаздарының басын қосатын ерекше жоба. Бүгінгі заман тыңдаушысына асыл мұраның жауһарларын теріп, ұсынудың салмағы қаншалықты? Себебі, бұл жобаның жылдан жылға беделі артып келеді, демек жауапкершілігі де жоғары болмақ қой...

- Әрине, оңай деп айта алмаймын. Бұл жерден біріншіден, жобаның жауапкершілігі жоғары. Жыршылық, жыраулық өнердің қаншалықты терең екенін жақсы білесіздер. Терең мағыналы сөздің салмағын жоғалтып алмай халыққа жеткізу - жобаның басты ерекшелігі әрі мақсаты. Екіншіден, бұл бүкіл өңірде сақталған жыршылық өнер ғой, соның барлығын қамту керек. Бірде біреуін қалыс қалдыруға болмайды. Барлық қазаққа ортақ өнер болғандықтан бүгінгі дүниедегі ұрпақтары, орындаушылары бұл жиында көрінуі тиіс.

Жалпы, жыраулық өнер сақталған Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Сыр бойын айтуға болады, сондай-ақ, Жетісу, Арқа өңірлерінде бұл өнерді жаңғыртқымыз келеді. Бұқар жырау, Ақтамберді, Қазтуған сияқты батыр-жыраулардың қазынасын қайтадан халықтың құлағына жеткізгіміз келеді. Жоғалтып алған мұраларымызды тірілтіп, барымыздың басын біріктіріп халқымызға жеткізсек дейміз. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы - басты темірқазығымыз. Сол бағдарламаны іске асыру бағытында, соның аясында кенжелеп қалған жыраулық, жыршылық өнерді жаңғыртсақ деген айқын мақсат бар.

- Қала әкімі Бауыржан Байбек «Ұлы дала елі» жыр кешінің тұрақты тыңдарманы. Бұл жолы қала басшысымен бірге шетелдік қонақтар, Францияның Қазақстандағы Елшісі Филипп Мартинэ мырза қатысты. Шетелдің мәртебелі меймандар қандай баға берді?  

- Өте жоғары бағалады. Бұл қазақ үшін мақтануға тұрарлық аса құнды өнеріміз. Расында да бұндай жыраулық, жыршылық өнер әлем халықтарының көбінде болған. Бірақ, ондай әзіз өнер сақталмай қалған. Ал біздің қазақта бұл мұра тек қуалап, атадан-балаға, ұстаздан шәкіртке мұра, мирас болып келе жатыр. Мысалы, менің ұстазым Бидас Рүстембековтің әкесі Рүстембек жырау, оның арғы атасы Жиембай жырау, оның арғы атасы Түзбембет жырау, ары қарай да солай жалғасып кете береді. Қазақ елінің ең ұтқаны осы өнерді тегінде сақтап қала білгені. Өйткені, қазақтың басында небір нәубет, зұлмат жылдар өтті. Бірақ, соған қарамастан жыршылық өнеріміз өлмей қанымызбен жасап келеді.

Осылайша, біріншіден, бұл тек қуалайтын өнер десек, екіншіден бұл өнердің сақталуы халқымыздың арқасы деп есептеймін. Өйткені, тыңдаушысы, тыңдарманы жоқ жерде өнер өледі. Ондай өнердің болашағы болмайды. Бүгінгі кеште де халықтың сусап қалғанын байқадық. Сонымен қатар, қазіргідей жаһандану заманында жыршылық мұрасы ұрпаққа керек, аса қажетті уақытында тұр деп есептеймін. Себебі, жыршылық мұраның ұлағаты жас ұрпақтың бүгінгі тәрбиесіне ауадай қажет. Жаһандану заманында түрлі жанрдағы музыкалар пайда болды, бұл әлі де тез өзгерістерге түсіп жатыр. Ондай құбылыс жалпы әлемді жаулап алды. Осы тұрғыдан келсек, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да өзекті тұсында көтерілді деп ойлаймын.

- «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалі биыл бір жылда екінші рет ұйымдастырылды. Бұл қатысушы өнерпаздардың көптігінен бе әлде көрермен ықыласы ма?

- Ең алғаш басталғанда жылына 1 рет өткізіліп келген болатын. Қала әкімі Бауыржан Байбек өзі келіп көргеннен кейін бұл өнердің қазақ үшін соншалықты маңызды екенін байқады. Осыдан кейін әкім мұны жылына бір рет өткізу аздық қылатынын айтып, жылына екі рет Астана күні және Тәуелсіздік қарсаңында өткізу қажеттігін тапсырды. Әкім жыршылық, жыраулық өнер сол мерекелеріміздің мақсатын, мүддесін ашады деп тапты. Расында, бұл өнер елдігімізді, қандай мемлекет, қандай ұлт екенімізді таныта біледі.

- Сұхбатымызды қорытындылай келе, тағы да репертуар мәселесін сұрағым келіп отыр. Жыршылардың репертуарын қалай таңдадыңыздар?

- «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінің кешегі өткен тақырыбы, Астананың 20 жылдығына арналып, «Бағаналы ордам - басты ордам» деп аталды. Сол тақырыпқа қарай іріктеп аламыз. Әрбір орындаушының репертуарын сүзіп шығып, тақырыптың өзегін ашатын шығармасын ұсынамыз. Айта кетейік, жырауларымызды репертуарында жырлар көп. Жыршыларымыздың шығатын сахнасы аз болғанымен де, қиындыққа мойымай, репертуарын молынан сақтап жүргеніне қатты қуандық.    


null null null null

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.

***

Айта кетейік, Алматыда М.Әуезов атындағы драма театрда өткен «Ұлы дала елі» халықаралық этнофестивалінде Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі Филипп Мартинэ танымал қазақ жыршысы Ұлжан Байбосыноваға Франция Мәдениет министрлігінің «Әдебиет және өнер кавалері» орденін табыс етті. Этнофестивальға Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің жыраулық өнерінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Қатимолла Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев бастаған жыршы-термешілерімізбен қатар, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақ елдерінен келген жыршылар да қатысты.

Соңғы жаңалықтар