Жылжымайтын мүлікке қаржы салатын үлескер нені білуі керек

Фото:
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Жылжымайтын мүлікке қаржы салатын үлескер құрылыс салушының одан қаржы тартуға рұқсаты бар-жоғын анықтап алуы тиіс. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Атырау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үлескер жылжымайтын мүлікке ақша салу туралы мәміле жасамас бұрын құрылыс салушыдан нысанға қаражат тартуға рұқсаты бар-жоғын нақтылауы керек. Рұқсат болған жағдайда ғана әлеуетті салымшының қаржылық салымдары сақтандырылады. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсат құжатынсыз қабылдауға тыйым салынады. Осы орайда, құрылыс салушыларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабымен, сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабына сәйкес кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Алдын ала брондау, резервтеу және инвестициялау, талап ету құқығын беру шарттары секілді қолданыстағы заңнамадан тыс жасалған барлық мәмле жарамсыз болып саналады, -

деп мәлімдеді басқарманың баспасөз қызметі.

Айта кетсек, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысы рұқсат құжаттарына сай жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімін жариялады. Атырау қаласында қазір 33 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Басқарма ұсынған тізімге қарағанда, 8 тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп жатқан компанияларда үлескерлер қаржысын тартуға рұқсат бар. Ал, 25 тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізушілерге мұндай рұқсат берілмеген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда рұқсатсыз салынған 4 қабатты тұрғын үй бұзылатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар