Жылжымайтын мүлік бағасы қымбат аймақтар аталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның қай өңірлерінде жылжымайтын мүлік бағасы қымбат? Бұл сұраққа ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде маусым айында жылжымайтын мүлік бағасының өсуі бойынша Түркістан көш бастап тұр, аталған аймақта 4,5 пайызды құрайды. Одан әрі Қостанай 2,9 пайызға өскен. Қалған өңірлерде біркелкі баға деуге болады, тек Нұр-Сұлтан қаласында жылжымайтын мүлік бағасы 1,3 пайызды көрсетіп отыр», - деді Қ. Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, дегенмен елімізде бүгінде тұрғын үй бағасы тұрақтанды.

«Тұрғын үй бағасына келсек, барлық өңірлер 0,9 пайызды құрайды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан 1,5 пайыз, Алматы 0,4 пайыз, Шымкент 0,5 пайыз, Ақтау 2,6 пайыз. Қалған аймақтар бойынша 0,5-0,7 пайызды көрсетті», - дейді ол.

Бұған дейін министрдің бірінші орынбасары елімізде тұрғын үй бағасы өсуінің себебін түсіндіріп өткен болатын.

Одан бөлек, Қ. Өскенбаев Қазақстанда тұрғын үй бағасының арзандауына қатысты болжам жасады.

«Біздің болжам бойынша тұрғын үй бағасы маусым-шілде айларында тұрақтанды. Ал бұған дейін орын алған баға өсімі зейнетақы жинағын баспана алуға рұқсат етілуімен байланысты. Бүгінде ол мәселе де бір ретке келді. Менің жеке болжамым бойынша алдағы қыркүйек айында елімізде тұрғын үй бағасының төмендеуі күтіледі», - деп деп атап өтті ол.


Соңғы жаңалықтар