Жылыту пештерін қалай пайдаланған жөн - мамандар кеңесі

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Өрт қауіпсіздігі айлығы шеңберінде Қостанай облысында тұрмыстық өрттердің алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта облыстың барлық қаласы мен ауданында өрт қауіпсіздігін бақылау бойынша тұрғындармен кездесулер өткізілуде. Мамандардың айтуынша, жадынамалар мен ақпараттық парақшаларды тарату да өрт қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді.

«Ақпан айының аязды күндері Қостанай облысы ТЖД қызметкерлері үйлердегі электр сымдары мен жылыту пештерінің жай-күйін байқау, жеке сектор тұрғындарына өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау туралы еске салу үшін аулаларды аралады. Комиссия құрамында өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері, сондай-ақ атқарушы органдардың және халықты әлеуметтік қорғау өкілдері бар. Мәселен, «Элеваторщик» қоғамдық саяжайы газдандырылмаған, сондықтан қыс мезгілінде негізгі жылу көзі - пеш жағу. Жылыту пештері мен электр жабдықтары талапқа сай болуы тиіс», - деп атап өтті ведомстводағылар.

Департамент қызметкерлері жүргізген рейд шаралары барысында тұрғындардың жылыту пештеріне салғырт қарайтындығы байқалды. Атап айтқанда, жеке үйлердің ішіндегі электр сымдары жаңармаған. Сонымен қатар, пештің алдында қаңылтыр парақшалары болуы керек. Көптеген ақаулықтар ұсақ-түйектерден басталады деп ескертеді ТЖД өкілдері.

«Үй-жайларды жылыту үшін электр жылыту құралдары пайдаланылады. Соның ішінде қолдан жасалған пештер үнемі қауіпсіз емес. Сымдардың оқшауламасы тұтануы әбден мүмкін. Сондықтан электр жылытқышты пайдалану кезінде барынша сақ болу керек. Арнайы зауыттардан шыққан пештерді қолдану ұсынылады. Үйден шығар кезде оларды сөндіріп отырған дұрыс»,- деп ескертеді мамандар.

Бұған дейін облыстық ТЖД боран мен аязда жолда қалып қойған көлік жүргізушілеріне барынша сақ болу керектігін ескерткен еді.

Соңғы жаңалықтар