Жылыту маусымына дайындық: Семей тұрғындары үшін 260 мың тонна көмір жеткізілмек

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жылыту маусымына қызу дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта Семейде жер үйлер тұрғындары үшін отын көзі дайындалуда. Биыл халықтың мұқтаждығын қамтамасыз ету мақсатында 260 мың тонна көмір жеткізу жоспарланған. Бұл туралы қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амантай Өтелбаев мәлім етті.

«Көмір жеткізуді «Жігер» және «Семей көмір» ЖШС жүзеге асырады. Сондай-ақ сатылымда сұрыпты көмір бар. Көлікпен жеткізу қызметін қоса есептегенде, оның құны тоннасына 12 700 теңгені құрайды. Көмірді белсенді сатып алудың негізгі кезеңі – тамыз-қыркүйек айлары. Шаһарда орталықтандырылған жылуға 1187 үй қосылған. Оның ішінде 423 үй жылу беру маусымына дайын. Бұл аз көрсеткіш. Десе де арнайы топтар құрылып, бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Білім беру нысандарына көмір жеткізу бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Семей өңірінде барлығы 66 мектеп бар. Оның 51-і қалада орналасқан.

«Орталық жылу жүйесіне 43 мектеп, автономиялық жылу жүйесіне 8 мектеп қосылған. Қазіргі уақытта 19 мектеп бойынша 125 247 мың теңгеге көмір жеткізуге шарттар жасалды. 12 мың тоннадан астам көмір сатып алу жоспарланған. Жұмысты 1 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда», - деді Амантай Өтелбаев.


Соңғы жаңалықтар