Жылыту маусымы: Қазақстанда жер үйлер жылдағыдан бір ай бұрын тексерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер биыл жер үйлердің жылыту жүйелері мен электр желілері былтырғыдан 1 ай бұрын тексеріле бастағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда тіркелетін өрттердің үштен бірі жылыту маусымы кезінде жеке секторда тіркеледі. Бізде ол 15 қазаннан басталып, 15 сәуірде аяқталады. 2018-2019 жылдың жылыту маусымында еліміздің жеке секторларында 4382 өрт тіркеліп, оның салдарынан 192 адам көз жұмды. Иіс тию салдарынан 51 адам көз жұмды», - деді Владимир Беккер елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасы жылыту маусымында елді тілсіз жаудың қаупінен ескерту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

«Елордада осы жылдың 4 сәуірінде бес баланың өлімімен аяқталған қайғылы жағдайды барлықтарыңыз білесіздер. Осыған байланысты біз талдау жұмыстарын жүргізіп, жұмыс барысына өзгеріс енгіздік. Бұрын өрт қауіпсіздігі айлығын 20 қыркүйектен бастайтынбыз. Биыл бұл жұмысты екі кезеңге бөлдік. Бірінші кезең 15 тамызда басталады. Онда жеке секторды аралаймыз. Жылыту маусымының алдында үйлердің жылыту жүйесінің дайындығын, электр желісінің дұрыстығын тексереміз. Яғни, жылыту маусымына дейін уақыт барын ескеріп, үй иесі кемшіліктерді түзейтіндей уақыт бар. Екінші кезең 15 қазанда басталады. Демек, жылыту маусымы басталғанда жылу жүйесі, қауіпсіздік ережелерінің сақталуы тексеріледі», - деді комитет басшысы.

Үйдегі пеш пен электр желілерін тексеру жұмыстарын бұрын ТЖД қызметкерлері ғана тексерсе, қазіргі уақытта бұл жұмысқа басқа да мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, білім басқармаларының, халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының қызметкерлері жұмылдырылуда.

«15 тамызда біздің бөлімшелер 260 мыңнан астам адамды қамтитын 154 725 жеке үйді тексеріп, нәтижесінде 39 мың бұзушылықты анықтады. Оның 19 мыңы электр желілерін пайдалану жүйесіне қатысты болса, 12 мыңы жылу жүйесін монтаждау жұмысына байланысты болып отыр. Өткен жылдан бері әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жеке секторға ысты газ туралы ескертетін датчиктерді орнатуды насихаттай бастадық. Зейнеткерлерге, көпбалалы аналардың отбасыларына датчиктер жергілікті бюджет есебінен сатып алынады», - деді ол.

Сонымен бірге, комитет төрағасы халыққа үндеу тастады.

«Жылыту жүйесіне, электр желілеріне ерекше мән берген абзал. Жылыту маусымы басталмай тұрып, олардың бәрін ретке келтіру керек», - деді Владимир Беккер.


Соңғы жаңалықтар