Жылыту маусымы: Алматыда жеке сектордағы үйлерге бақылау күшейеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің зілзала қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Талғат Дүйсебаев онлайн брифингте жеке секторда өртке қарсы қауіпсіздікті бақылауды күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылыту маусымына дайындық барысында аудандық әкімдіктермен бірлесіп, үй тізімі жасақталды. Қазір қалада 145 471 үй бар. Әлеуметтік осал топқа жататын 945 үй жеке топқа бөлінді. Оның ішінде 605 үй қатты отынмен жылытылады. Карантин енгізілуіне байланысты ТЖД үйге профилактикалық жұмыстар жүргізу тәсілдерін қайта қарастырып жатыр», - дейді ол.

Сонымен қатар, ол былтыр жылу беру кезеңінде Алматы қаласының жеке тұрғын үй секторында 260 өрт болғанын, салдарынан 113 үй мен 30 адам зардап шеккенін жеткізді.

«Тамыз айынан бастап ТЖД, Тұрғын үй саясаты басқармасы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы, аудандық әкімдіктердің әлеуметтік сала бөлімдерімен бірге еріктілерді тарта отырып, 227 рейд жүргізілді, рейд барысында 20 мыңнан астам үйді аралап шықты. Бұл ретте, ең алдымен, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының (көпбалалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған және мобильді емес) үйлер қамтылды»,– деді спикер.

Оның айтуынша, жылу беру кезеңінде өрттен және көміртегі тотығынан адамдардың қайтыс болу фактілерін азайту мақсатында кешенді шаралар қолға алынған.


Соңғы жаңалықтар