Жылыой дәрігерлері вакцина алған жұмысшылардан ПТР анықтамасын заңсыз талап еткен

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында жұмысшылардан ПТР анықтамасы негізсіз талап етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, нормативтік құқықтық актілердің заңдылығы үнемі қадағалауға алынып отыр.

Мәселен, биылғы 25 қаңтарда Жылыой ауданының бас санитария дәрігері карантинді күшейту жөніндегі қаулыға қол қойған.

Аталған қаулының талаптарына сәйкес, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинаның бар-жоғына қарамастан басқа өңірлерден Атырау облысына вахтаға келетін адамдар тұрғылықты мекенжайы бойынша ПТР тестілеуден өтуі тиіс.

Оның қорытындысы берілген күннен бастап 5 тәулікке жарамды болған.

«Алайда талаптың бұл бөлігі еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына қайшы келетіні анықталды. Аталған қаулыға сай вахтаға келген жұмысшылардың вакциналау туралы құжаты болса, онда ПТР тестілеуден өтуі қажет емес. Соған қарамастан, аудан аумағындағы барлық ұйымның медицина қызметкерлері Жылыой аудандық бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысын басшылыққа алып, қауіпті індетке қарсы вакциналау құжатына қоса COVID-19 инфекциясын жұқтырмағанын растайтын ПТР анықтамасын негізсіз талап еткен. ПТР-тест әдісімен тексерілу үшін зертханалық шығынды жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен төлеп отырғаны анықталып, заңды тұлғалардың құқығы бұзылған», -деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Жылыой ауданы прокуратурасының наразылығы негізінде аудандық санитар дәрігердің ПТР әдісімен тестілеу туралы қаулысы жойылып, 282 кәсіпорын мен ондағы жұмысшылардың құқығы қорғалды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мемлекеттік сатып алу заңының талабын бұзған аурухана директорына айыппұл салынғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар