Жылына орта есеппен 500-600 баладан онкологиялық дерт анықталады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде балаларға арналған онкогематологиялық көмек жетілдіріліп, 2024 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Вячеслав Дудник мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Соңғы 5 жыл ішінде гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантаттау бойынша 335 балаға көмек көрсетілді. Оның ішінде 49 бала аталған медициналық көмекті биыл алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біздің министрлік онкологиялық аурулармен күреске арналған 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарды әзірледі. Оның ішінде балаларға арналған онкологиялық ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру қарастырылған. Сонымен қатар дәрі-дәрмекпен қамту және сала мамандарының біліктілігін жетілдіру міндеті бар. Одан бөлек, балаларға арналған онкогематологиялық ұлттық орталық құру жоспарланған», - деді Вячеслав Дудник ОКҚ-де өткен брифингіде.

Сондай-ақ вице-министр балаларға арналған онкогематологиялық көмек бойынша 2024 жылға дейінгі жол картасының бекітілгенін айтты.

«Жылына орта есеппен 500-600 баладан онкологиялық дерт анықталады. Оның 41%-ы жедел лейкемия, 14%-ы орталық жүйке жүйесінің ісігі мен 9%-ы жұмсақ тіндердің саркомалары және басқа да аурулар кездеседі. Балалар арасында 1-2 сатыдағы онкология дертінің анықталуы 38%-ды құрайды. Жас мөлшеріне келсек, 33%-ы 3 жастан 10 жасқа дейінгі балалар. Онкологиялық және гематологиялық аурулары бар жылпы саны 3833 бала бақылауда», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар