Жылына 43 млрд теңгеден астам әлеуметтік инвестиция – ERG Қазақстан қызметінің қорытындылары мен жоспары қандай

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Eurasian Resources Group (ERG) 2022 жылғы қызмет нәтижелерімен бөлісті. Атап айтқанда, компания өткен жылы ел бюджетіне 410 млрд 387 млн теңге салық төледі. Әлеуметтік инвестиция көлемі 43 млрд 884 млн теңгеге жетті. Осы орайда ERG Қазақстанда қандай жұмыс жүргізіп, бүгінде қандай маңызды жобаларды жүзеге асырып жатқаны жайлы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ERG Қазақстан үшін 2022 жыл жаңа сын-қатерлер кезеңі болды

Логистикалық және жөндеу мүмкіндіктерін тұсаған геосаяси ахуалға қарамастан Топ кәсіпорындары жұмысын жалғастырып, барлық стейкхолдерлер алдындағы міндеттемелерін орындап шықты.

«Геосаяси ахуал салдарынан біз шұғыл жаңа сату нарықтарын іздеуге мәжбүр болдық. Қосалқы бөлшектерді сатып алу зор қындықтар тудырды. Дегенмен, біз бірде-бір жабдықтың тоқтауына жол бермей, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырдық»,- деді ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевич.

Нәтижесінде 2022 жылы Топ кәсіпорындары 1 млн 707 мың тонна ферроқорытпа, 10 млн 594 мың тонна темір кені шикізатын, 1 млн 338 мың тонна сазтопырақ, 249 мың тонна алюминий, 29 млн 876 мың тонна көмір және 17 778 млн кВт/сағат электр энергиясын өндірді.

«Өткен жылдың ерекше күрделі болғанына қарамастан, тек темір кені шикізатынан өзге барлық өнім өндірісінде негізінен өсім бар. Негізгі көрсеткіштер 2021 жыл межесінде қалды немесе өсті», - деп атап өтеді компаниядан.

Алдын ала деректерге сәйкес, ERG 2022 жылы Қазақстандағы өндірісті дамыту мен жаңғыртуға 380 млрд теңгеден астам инвестиция құйды.

Жұмысшылардың жалақысын көтеру, әлеуметтік жобалар

Атап өтерлігі, өткен жылы Ақтөбе мен Ақсу ферроқорытпа зауыттары, «Дөң» тау-кен байыту комбинаты, Ақсу электр станциясы мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ «Шығыс» кенішінің санитариялық қорғау аймақтары шекарасына автоматты мониторинг қондырғылары орнатылды. Көгалдандыру бағдарламасы аясында былтыр ERG кәсіпорындары орналасқан өңірлерде 100 мыңнан астам түп ағаш көшеті отырғызылды.

Өтен жылы Топ кәсіпорындарында еңбекақы көлемі ұлғайтылып, жұмысшы мамандықтар бойынша айлық кемінде 30 пайызға өсті. Топ бұл мақсатқа қосымша 70 млрд теңге жұмсап отыр. ERG 2022 жылы еліміздің бюджетіне 410 млрд 387 млн теңге салық төледі. Ал 2021 жылы 299 млрд 373 млн теңге төлеген болатын.

2022 жылы Топ қайырымдылық пен әлеуметтік бағдарламаларға 43 млрд 884 млн теңге бөлді. Бұл сома 2021 жылымен салыстырғанда 65 пайызға артық. ERG өңір әкімдіктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасу тәжірибесін одан ары жалғастырып, «Қазақстан халқына» қорына 30 млрд теңге бөлген еді.

Бұған қоса, компания өзінің мынадай білім беру жобаларын да жалғастырды:

- ERG mektepke және ERG колледждерге – кәсіби техникалық және орта білім беруді дамыту, инженерлік білім мен цифрлық технологиялардың танымалдығын арттыру;

- Мектеп оқушыларына арналған Momentum кәсіпкерлік мектептері,

- Студенттер кәсіпкерлігінің экожүйесі – студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту және тағы басқалалары.

Мұнан бөлек, компания Ақтөбе, Павлодар, Рудный, Екібастұз және Қарағанды қалаларында Astana Opera мемлекеттік опера және балет театрының гастрольдік қойылымдарын ұйымдастырды. Осы қалаларда тұрып жатқан 4 мыңнан астам ересектер мен балалар кештен рухани азық алып, көзайым болды.

Компания бүгінде қандай маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр

Ферроқорытпа дивизионында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» атындағы шахтаның құрылысын жалғастырып, қойыртпақ қалдықтарын өңдейтін ERG Green фабрикасының құрылысы аяқталуға жақын. Ақтөбе мен Ақсу ферроқорытпа зауыттарында ERG-дің Экологиялық стратегиясы аясындағы жобалары ілкімді іске асырылып жатыр. Мамандар қазір Хромтау маңында жел электр станциясы мен Ақтөбеде феррогазбен жұмыс істейтін электр станцияның құрылысын қолға алған.

Темір кені дивизионында тау-кен өңдеу өндірісі жаңғыртылып, Қашар карьерін қайта құру, «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ы мен «Қашар кені» АҚ теміржолдарының инфрақұрылымы жаңартылып жатыр. Қалдық қоймаларын дамыту және қолдау бағдарламасы аясындағы істі жоспарлау жұмыстары жүргізілуде.

Энергетика дивизионында «ЕЭК» АҚ Ақсу электр станциясының энергоблоктары мен Рудный жылу электр орталығын қайта құру бағдарламасы жалғасып, «3-Энергоорталық» АҚ алаңында бу-газ қондырғысы салынып жатыр. «ЕЭК» АҚ №3 күл үйіндісіндегі 2-ші секция мен отын беру трактіндегі екінші желі жобалары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасын тапты. ERG-дің Экологиялық стратегиясы аясында «Қазақстан алюминийі» АҚ жылу электр орталығында № 2, 5, 7 қазандық агрегаттарындағы күл қармаушы 3 қондырғы кезең-кезеңімен жаңартылып, қайта құрылуда. Теңдессіз жоба аясында сүзгіні батареялы эмульгатордан жеңдікке алмастырып, құрамында шаң мен газ бар қоспаларды қармап қалу тиімділігі мен жұмыс сапасын арттыру көзделген. Ауқымды істің тиімділігі – технологиялық газды еуропалық стандарттарға сай тазартуға жол ашады.

Көмір дивизионда арнаулы кокс шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. «Шұбаркөл көмір» АҚ-ында залалсыздандыратын электр станциясын салудың техникалық-экономикалық негідемесі әзірленіп жатыр.

Ал, алюминий дивизионында ERG-дің экологиялық стратегиясы аясында Павлодар алюминий зауытындағы №4 пен №5 күйжентектеу пештеріндегі сүзгілер алмастырылуда.

Tugan Qala бастамалы бюджеттендіру жобасы да кеңіп, ауқымын ұлғайтып келеді. 2022 жылы ол 5 елді мекенді (Хромтау, Ақсу, Рудный қалалары мен Октябрьский және Қашар кенттері) қамтыды. Тұрғындардан келіп түскен 43 идея қаржыландырылатын болды. Жалпы саны 12 мың 717 тұрғын дауыс берген байқауда осы бастамалар жеңіске жеткен.

«Осы жолдағы әр қадам біздің миссиямыз бен құндылықтарымыз – өзіміз атқаратын істе үздік болып, бізге сенім артқандардың гүлденуін қамтамасыз ету мақсатынан туған», - деді Александр Машкевич.

Соңғы жаңалықтар