Жылуға қатысты әрбір шағым жедел шешілуге тиіс - Жеңіс Қасымбек
Аппараттық кеңесте онлайн режимде барлық қалалар мен аудандардың әкімдері жылу берілгені туралы баяндады.
«Шағымдар көп. ПИК жұмысын бақылау керек. Қалалар мен аудандардың әкімдіктері әрбір жағдай бойынша жұмыс істеуі тиіс», - деді Жеңіс Қасымбек.
Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов жылыту жағдайына күн сайын мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның мәлімдеуінше, бүгінгі таңда 4545 тұрғын үй мен 1084 әлеуметтік сала нысандары жылуға қосылған.
Қарағанды, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск қалаларында және облыстың барлық тоғыз ауданында жылу берілді.
Балқаш пен Приозерск қалаларында жылу беру маусымы 10 қазаннан басталады деп жоспарланған.
Қарағанды әкімінің ақпаратына сай, қала бойынша жергілікті проблемаларға байланысты 11 үй жылусыз қалып отыр. ПИК ақауларды жоюмен айналысып жатыр.
Шаханда жылу беруге жаңа қазандық дайын.
Шахтинск әкімі Әскербек Халтонов қазандықтарды жағу жүргізілгенін және 10 қазанға дейін тұтынушыларға жылу берілетінін хабарлады.
Орталықтандырылған жылумен 70 тұрғын үйді және 10 әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысанды қамтамасыз ету жоспарлануда.