Жылу жүйесі жөндеуге келмей жатқан үйлер бар - Олег Крук

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук Екібастұздағы үйлердің жертөлесіне түгел жылу берілгенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда бүкіл үйлердің жылу торабына, жертөлесіне жылу берілді. Ауқымды жұмыс істелді. Ғимараттар арасындағы желілер мен жылу тораптары қалпына келтірілді. Қазір пәтерлер арасына жылу тасымалдайтын магистраль құбыр мен жылу батареяларын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Өкінішке қарай, кейбір үйлердің пәтер иелері кооперативтері желіден су ағызған кезде дұрыс істемеген. Соның салдарынан аталған үйлерде жылу батареялары мен пәтерлер арасындағы магистраль құбырларды көптеп ауыстыруға тура келіп отыр. Өйткені, желі қатып қалған», - деді әкімдік өкілі.

Сондай-ақ, ол жылу жүйесі жөндеуге келмей жатқан үйлерді атады.

«Әсіресе, Сәтбаев 8, Мәшһүр Жүсіп 52, Әуезов 47, 46, 46-А, Шешенбеков 19-А мекенжайындағы үйлерде проблема бар. Штаб жетекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары жөндеу қызметінің жұмысын қайта үйлестірген болатын. Енді әр үйге бір-бір кәсіпорын бекітілді. Ол кәсіпорындардың бірінші басшылары бекітілген үйдегі ақауды жою жұмыстарының басы-қасында жүр – қатқан желіні жібітіп жатыр. Бұл басшылар бүкіл ақау жойылғанша осы істің басында болады», - деді Олег Крук өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Еске салайық, 27 қарашада Екібастұз жылу электр орталығында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды.

Кейін жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Екібастұз қаласының оқушылары онлайн оқуға көшірілді.

28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

30 қарашада Екібастұзға Премьер-Министр Әлихан Смайылов барып, кінәлілер жауапқа тартылатынын айтты.

Апат себебі ретінде жылу желілерінің тозуы, жылу орталығы басшылығының немқұрайлылығы мен инвестициялардың жеткіліксіздігі аталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қалалық жылу желілеріндегі апаттың салдарын жою жөніндегі жұмыстар аяқталғанша Екібастұзда болатыны хабарланды.

Бүгін Роман Скляр телефон арқылы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қалалық жылу желілеріндегі апаттың зардаптарын жою барысы туралы баяндады.


Соңғы жаңалықтар