Жылу және электр энергетикасы саласындағы қызметтер орталықтандырыла ма

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жылу және электр энергетикасы саласындағы қызметтер орталықтандырыла ма? Сенат депутаттарының бұл сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жылу және электр энергетикасы саласындағы функцияларды орталықтандыруға қатысты «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтерді Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекітеді. Бұл бірінші кезекте электр энергетикасы кешенін тіршілікті қамтамасыз етудің аса маңызды жүйесі ретінде басқару бірлігін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты. «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті (бұдан әрі – ТМРК) атынан табиғи монополиялар субъектілері қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау және газбен жабдықтау салаларында тарифтерді қалыптастыру, белгілеу және бекіту жолымен де жүзеге асырады», - деді Әлихан Смайылов жауабында.

Оның атап өтуінше, осы құзыретті жүзеге асыру кезінде ТМРК үй шаруашылықтары мен кәсіпорындардың тіршілікті қамтамасыз етудің негізгі қызметтеріне қол жеткізу кезінде тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері (оның ішінде ЖЭО) мүдделерінің теңгерімін сақтау қажеттілігін басшылыққа алады.

«Энергетика саласының ерекшелігі – электр энергиясының құны тауарлар мен қызметтердің басқа түрлерінің құнына айтарлықтай әсер етеді. Жылу және электр энергиясына арналған тарифтерді бекіту жөніндегі функцияларды бір мемлекеттік органда орталықтандыру кезінде тарифтік саясат пен саланы дамыту арасында мүдделер қақтығысының туындауы мүмкін. Бұл ретте өңірлерді дамытудың әлеуметтік-экономикалық факторларын да ескеру қажет. Осыған байланысты аталған тарифтерді бекіту бойынша функцияларды бір мемлекеттік органға беру мәселесі орынсыз болып табылады», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар