Жылу электр станцияларына айыппұл салатын заң жобасы Мәжіліске енгізілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Электр станциялары мен қазандықтарда отын қорының жеткіліксіздігінен төтенше жағдай туындаса немесе істен шығу болса, мекеме басшылығына 345 мыңнан – 6,9 млн теңгеге дейін айыппұл салынады. Бұл туралы Мәжілістің қарауына берілген «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттардың талқылауына ұсынылған құжатта Әкімшілік кодекске «Күзгі-қысқы жағдайларда жылу электр станциялары мен қазандықтардың отын қорының бекітілген нормативтерін сақтамауы» туралы 300-2 бабы енгізілетіні көрсетілген. Оған сәйкес

«Электр станциясы мен қазандықтың төмендетілген параметрлердегі жұмысы салдарынан аварияларға немесе өзге де төтенше жағдайларға әкеп соққан жылу электр станциялары мен қазандықтардың отын қорының бекітілген нормативтерін сақтамауы: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 (1 АЕК – 3450 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 500, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Электр станциясы мен қазандықтың негізгі жабдықтарының тоқтауына әкеп соққан жылу электр станциялары мен қазандықтардың отын қорының бекітілген нормативтерін сақтамауы: шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 1 000, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 2 000 АЕК көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», - делінген жаңа бапта.

Құжаттың түсіндірмесінде көрсетілгендей, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне мұндай өзгеріс отын тапшылығынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында енгізіліп отыр.

«Бұл – энергия өндіруші ұйымдарда электр станцияларының тоқтап қалуына немесе төмендетілген параметрлерде жұмыс істеуіне әкеп соқтыратын отын тапшылығынан туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ұсынылады», - деп түсіндірме берілген енгізілгелі отырған бапқа.

Айта кетейік, қолданыстағы заңнамада мұндай бағыттағы құқықбұзушылық әрекеттеріне жол берген бизнес субъектілерін жауапкершілікке тартатын норма жоқ.


Соңғы жаңалықтар