Жылу электр орталықтарын жөндеуге 90 млрд теңге жетпей тұр – министрлік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі жылу электр орталықтарының қызметін талдау жұмысы аяқталды, оның нәтижесі келесі айда жарияланады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екібастұзда болған апаттан кейін комиссия құрылды. Комиссия тапсырмасына сәйкес бүкіл жылу электр орталықтарының жағдайына талдау жасалды. Талдау негізінен қаржының жұмсалуы және жөндеу жұмыстарына қатысты болды. Жалпы еліміздегі жылу электр орталықтарын жөндеуге 180 млрд теңге қаржы талап етілсе, соның ішінде 90 млрд теңге жетпей тұр. Қалған қаржыны біреу салуы керек қой. Электр энергиясы туралы заңға сәйкес жетпеген қаржыны тұтынушы төлейді немесе бюджет қаржысынан өтеледі. Ал бюджеттен жеке меншік иесіне қаржы бөлінбейді», – деді Жандос Нұрмағанбетов Парламент Сенаты қаржы және бюджет комитетінің отырысында.

Оның айтуынша, егер ЖЭО иелеріне қалған ақшаны сал десе, олар құйылған қаржының пайда әкелмейтіндігін алға тартады.

«Мәселе күрделі. Бір жолы - тарифті көтеру, яғни алдағы 5-7 жыл бойы бірте-бірте өсіру. Сонда меншік иесінің де жұмыс істеуге ниеті болады. Сонымен қатар біз ЖЭО иелеріне ашық бдюжет талабын қойып отырмыз. Кез келген адам қаржының қайда және қанша көлемде жұмсалып жатқанын біле алу мүмкіндігі. Жұмсалған қаржы ашық көрсетілсе, артық сұрақ туындамайды. Бүгінде ЖЭО-на талдау жұмысын аяқтадық, көп ақпарат жиналды. Оның нәтижесін келесі айта жариялаймыз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, биыл қаңтарда Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздегі жылу электр орталықтары желісі алдағы 2-3 жыл ішінде қайта жаңартылады деген еді.


Соңғы жаңалықтар