Жылу электр орталығының жабдықтары әбден тозды - «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Бас директоры

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жылу және электр энергиясының өндіретін басты кәсіпорын «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС басшылығы тарифтің көтерілуінің негізгі себептерін атады. Бас директор Сабырғали Ыдырысовтың айтуынша, бұл уақытылы әрі қажетті қадам, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қарағанды Энергоцентр» ЖШС – Қарағанды облысында жылу және электр энергиясын негізгі өндірушісі. Кәсіпорынның қызметі Қарағанды қаласын уақытылы және үздіксіз жылумен және электр қуатымен жабдықтауды қамтамасыз етуге бағытталған. Іс жүзінде бар электр қуаты – 570 МВт, ал жылу қуаты – 1 314,6 Гкал/сағ. Кәсіпорын құрылымында екі жылу электр орталығы бар – ЖЭО-1 және ЖЭО-3.

Компанияның бас директоры Сабырғали Ыдырысов кәсіпорын жабдықтарының жай-күйі, кадрлардың жетіспеушілігі және электр энергиясын өндіру тарифінің көтерілуінің негізгі себептері туралы айтып берді.

- Сабырғали Мұхаметқалиұлы, тарифтің көтерілуіне не себеп болып отыр?

- Электр энергиясын өндіру тарифінің өсуі энергия өндірушілер үшін өткір мәселе. Тарифтің өсуіне тікелей әсер ететін негізгі себептерді атайтын болсақ, бұл станса жабдықтарының тозуы, жалақыны индекстеу, ЖЭК үшін жыл сайынғы үстемеақының өсуі, көмірдің қымбаттауы өсуі.

- Бұл қадам қаншалықты қажет болды?

- Жылу электр орталықтары жабдықтарының жарамдылығы тарифті қалыптастыруға тікелей байланысты. Электр энергиясын өндіру тарифін ұлғайту – бұл уақтылы қадам. ЖЭО-1 және ЖЭО-3 стансалары жабдықтарының тозығы әбден жеткеніне назар аударғым келеді. ЖЭО-1 1960 жылдан бастап, ал ЖЭО-3 1977 жылдан бастап жұмыс істейді. Алты жыл ішінде қолданыстағы тарифтен инвестициялық құрауыш алынып тасталды. Бұл бізді өндіріске қаражат салу мүмкіндігінен айырды. Осы уақыт ішінде қала дамыды, тұрғын үй секторының құрылысы өсті, энергияны көп қажет ететін жаңа кәсіпорындар пайда болды. Тиісінше, энергияны тұтыну артты. Тарифтің өсуіне байланысты кәсіпорында стансаларды қайта құру, жаңғырту және кеңейту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін инвестициялық шығын пайда болады.

Тарифтің өсуінің тағы бір себебі энергетиктер жалақысының төмен деңгейін индекстеу қажеттілігі. Бүгінгі таңда қарапайым энергетиктердің жалақысы өте төмен, еңбек жағдайлары ауыр және зиянды. ЖЭО-да кадрлардың тұрақтамауы жоғары деңгейде, жоғары бейінді білімі бар жастар стансаға жұмысқа баруға асықпайды. Кадрлар «ескіреді», жастар кәсіпорында ұсталмайды. Мұның басты себебі – төлемнің төмендігі. Статистикалық деректерге сәйкес, 2020 жылы энергетиктердің орташа жалақысы кеншілерге қарағанда 45,9%-ға және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлеріне қарағанда 21%-ға аз. Тығырықтан шығудың жолы өңірдегі энергетиктердің жалақысын орташа деңгейге дейін жоспарлы индекстеу. Лайықты жалақы кәсіби кадрларды ынталандырады. Жаңа тариф ЖЭО-1 және ЖЭО-3 жұмыскерлері жалақысының өсуін ескеретіні маңызды.

Үшінші себеп – ЖЭК (жаңартылатын энергия көздері) үшін жыл сайын өсіп келе жатқан үстемақыға байланысты. Заң бойынша, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) өндіретін электр энергиясының шығындары барлық энергия өндіруші кәсіпорындар арасында тепе-тең бөлінеді. Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы (ЖЭК ҚЕО) электр энергиясын өндіру көлемін едәуір ұлғайтты және тиісінше энергия өндіруші ұйымдардың олардан сатып алу көлемі ұлғайды. Мәселен, 2021 жылы өсім 2020 жылмен салыстырғанда 68%-ды құрады, бұл электр энергиясын өндіруге арналған тарифтің жаңа деңгейінде көрініс тапты.

- Қаражат негізінен қандай мақсаттарға бағытталады?

- Кәсіпорынның бірінші кезектегі міндеттері – жұмыс істеп тұрған генерациялайтын қуатты стансаларды қалпына келтіру, жаңғырту және кейіннен кеңейту, жұмыс істеп тұрған күл үйіндісі мәселелерін шешу және ЖЭО-3 жаңа күл үйіндісін салу. Стансалардың жұмыс режимін жақсарту үшін жазғы уақытта градирняларға (жылу айналымындағы суды суытатын өндірістік қондырғы) толық ауқымды жөндеу жүргізіледі. Жылыту кезеңінде стансалардың жұмысын жақсарту және желілік су беру температурасын арттыру үшін негізгі және ең жоғары қазандықтарды жөндеу және қайта құру жоспарланған. Қазандық жабдықтарының сенімділігін арттыру үшін біз қызу беттерінің тозу дәрежесін төмендетуге бағытталған шараларды жүзеге асырамыз. Бұдан басқа, 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін кәсіпорын қолданыстағы күл үйіндісінің бөгеттерін өсіруге және 2021 жылдан бастап жаңа күл үйіндісін салуға қаражат бөледі. Күл-шлак қалдықтарын жинауға арналған бос сыйымдылық болмаған жағдайда ЖЭО-3 толық тоқтау қаупі, экологиялық апат, сондай-ақ Қарағанды өңірі үшін өте жағымсыз әлеуметтік салдарлар – жылыту кезеңінде жылу энергиясын берудің және қала мен өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен жабдықтаудың болмауы туындайды.

- Халықтың белгілі бір топтары үшін, бизнес өкілдері және қандай да бір басқа құрылымдар үшін қандай да бір жеңілдік бола ма?

- Заңнамаға сәйкес, энергия өндірушілер үшін электр энергиясын өндіруге бірыңғай тариф белгіленеді, ол тұтынушылардың барлық топтары үшін қолданылады. «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС Қарағанды қаласы және Қарағанды облысы үшін энергия өндіруші кәсіпорын болып табылады. Тұтынушылар үшін тариф электр энергиясын өндіру тарифінен, оны беру тарифінен және өткізу үстемесінен құралады. Тұтынушы үшін соңғы тариф туралы сұраққа біз жауап бере алмаймыз.

Бүгінгі күні Қарағанды облысы бойынша электр энергиясын өндірудің қолданыстағы тарифі ҚҚС-сыз 7,91 теңге/кВт/с. Бекітілген тариф деңгейі ҚР Энергетика министрлігінің бұйрығы шыққаннан кейін ғана белгілі болады.


Соңғы жаңалықтар