Жылқы жылы қазаққа жайлы жыл болады - депутат А.Смайыл

None
None
АСТАНА. 30 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақтың наным-сенімі бойынша алдағы жылқы жылы жайлы жылдарға жатады. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл осылай айтты.

«Қазақтың наным-сенімі бойынша ауыр жылдарға қоян жылы жатады ғой. Оның ақ қоян жылы дейді. Тарихқа үңілсек, сол қоян жылдары жұт көп болған. Сосын халқымыз мешін жылынан сақтанған.. Ал жайлы жылдардың ішінде осы жылан мен жылқы жылы көбірек аталады. Неге жылан жылы десем, ол салқынқандыларға жатады. Сондықтан ол жылдары бәрі салқын ақылмен байыпталады, қарбалас болмайды. Соның арқасында асығыс шешімдер қабылданбайды. Жылқы жылы болса, ол өзі таза әрі пәк жануар ғой. Адамның бойында ізгілік пен имандылық көбейеді деп есептелген. Жылқы жылы берекеге толы болған деседі. Өйткені оның сүті, қымызы, еті қандай! Қазақта байлықтың өлшемі жылқы болған ғой. Сол себепті жылқы жылы байлыққа, дәулетке жетелейді деген ырым бар. Халқымызда жылқы туралы көп айтылады. «Қазақ жылқы мінезді халық» дейді, себебі жылқы бауырмал, иесіне де, үйіріне де адал. Сосын жылқы кекшіл мал емес. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген сөз жайдан-жай айтылмаған», - дейді халық қалаулысы. Депутаттың айтуынша, қазіргі жастар осыны көп біле бермейді. «Бұл мәселені де депутаттық сауал ретінде көтеріп, мектептерде міндетті емес пән ретінде енгізген жөн деп ойлаймын. Сабаққа белді ғалымдарды шақырып, алдағы жылдың қасиеті туралы айтып жатса, артық болмас еді. Себебі оның өзі - дәстүр», - деп атап көрсетті А.Смайыл.

Соңғы жаңалықтар