«Жылдың үздік спортшысы» атағына кім лайық

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті Ұлттық спорт жүлдесі - 2018 үміткерлеріне дауыс беру басталғанын хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жанкүйерлер 19 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Қазақстан ҰОК ресми сайты Olympic.kz арқылы биыл үлкен жетістікке жеткен спортшы мен бапкерге дауыс бере алады.

Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың бастамасымен Спорт  жүлдесі биыл төртінші рет өз иесін табады. Жылдағы дәстүр бойынша, жүлде жеңімпаздарын жанкүйерлер анықтайды. 

«2018 жыл отандық атлеттер үшін ірі жарыстарға толы болды. Халықаралық турнирлерден бөлек, биылғы басты бәсеке - қысқы Олимпиада ойындары мен жазғы Азия ойындары және жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасы өтті. Біздің спортшылар толағай табыстарымен қуантып, өз нәтижелерімен таң қалдырды. Ағымдағы жыл еліміздегі олимпиадалық отбасы мүшелерін біріктірген Ұлттық Олимпиада комитеті үшін де маңызды. Дәстүрден айнымай, жыл қорытындысын Ұлттық Спорттық Жүлдені салтанатты табыстау рәсімінде жариялаймыз. Жүлде жеңімпаздарын анықтауды жанкүйерлерге тапсырдық», - дейді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Данияр Абулгазин.

Дауыс беру тоғыз номинация бойынша жүзеге асады. ҰОК сайтының арнайы парақшасында үміткерлердің 2018 жылғы жетістігі туралы толық мәліметтер көрсетіледі.

Жеңімпаздар төмендегі аталымдар бойынша анықталады:

1.    «Жазғы спорт түрі бойынша үздік спортшы»

2.    «Қысқы спорт түрі бойынша үздік спортшы»

3.    «Үздік жас спортшы»

4.    «Жазғы спорт түрі бойынша үздік бапкер»

5.    «Қысқы спорт түрі бойынша үздік бапкер»

6.    «Олимпиадалық спорт түрі бойынша үздік ұлттық спорттық федерация»

7.    «Үздік спорттық аймақ» (облыстар мен респбуликалық маңызы бар қалалардағы және Астанадағы дене шынықтыру және спорт басқармасы)

8.    «Жыл таңдауы»

9.    «Жылдың үздік командасы»

Қазақстан ҰОК екі айға жуық уақыт ішінде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық федерациялардан өтінім қабылдап, спорт дирекциясы үміткерлердің тізімін жасақтады.

Байқау 2018 жылдың 4 желтоқсан күні Ұлттық Спорт жүлдесін салтанатты түрде табыстау рәсімінде қорытындыланады. Жүлденің телевизиялық нұсқасын «Qazaqstan» және «Qazsport»арналары көрсетеді.

 

Соңғы жаңалықтар