Жылдан-жылға көз аурулары көбейіп барады – офтальмолог-хирург

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Көз ауруларының саны жылдан жылға көбейіп барады. 2050 жылға қарай әлем жұртының жартысы алыстан көру қабілетін жоғалтады, ал бір млрд-қа жуық адам соқыр болып қалуы мүмкін. Бұл – мамандардың болжамы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикасына сүйенсек, көз ауруларының 80 % алдын алуға және емдеп жазуға болады. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі көз аурулары, оның алдын алу, емдеу жолдары жайында Петропавлдағы медициналық орталықтардың бірінің офтальмолог-хирургі Әмина Мәдиеваны әңгімеге тартқан еді.

- Көз аурулары жылдан жылға көбейіп келеді, оған басты себеп не?

- Ия, көз аурулары көбейіп келеді. Алыстан көрмейтіндер, глаукома, катарактамен келетін пациенттер саны ұлғайды. Жасына байланысты көз торында өзгерістері бар сырқаттар келеді. Көз торы патологиясы бар науқастардың саны артты.

Адамдардың тұрмыс салтының өзгеруі, заманауи техниканың дамуы әсер етіп жатыр. Өміріміздің басым бөлігі – компьютер мен гаджеттердің алдында өтеді. Бірақ көз ауруларының пайда болуына басқа да факторлардың әсер ететінін ұмытпайық.

Олар, мысалы, тұқымқуалаушылық, түрлі жарақаттар, басқа аурулардың, мәселен, қант диабетінің әсері, зоб, бүйрек аурулары да көзге әсер етеді. Шала туған нәрестелерде туа бітті миопия, аралас астигматизм, глаукома жиі кездеседі.

Миопия дегеніміз - көздің алыстан көрмеуі, жалпы бұл ауру балалар арасында өте жиі кездеседі. Миопия әдетте, ата-анадан тұқым қуалаушылық жолмен беріледі немесе баланың көзі соған бейім болып тууы мүмкін.

Уақыт өте келе көзге дұрыс күтім жасалмаса миопия дамиды және баланың жасы өскен сайын көру қабілеті кеми бермек.

- Миопияны емдеудің бір жолы – лазерлік түзету. Мұндай ота Петропавлда жасалады ма?

- Лазерлік корркеция көздің көру қабілетін қалпына келтіреді. Петропавлда, өкінішке орай, мұндай ота әлі жасалмайды. Бірақ біздің орталықта көзін жарақаттап алғандарға немесе көзіне бөгде зат түскен адамдарға ота арқылы көмек беріледі.

Бұдан басқа факоэмульсификация, катарактаны ультрадыбыстық факоэмульсификация, көз жанарын импланттау, глаукоманы емдеуге қатысты барлық, соның ішінде жоғары технологиялық оталар, көзішілік қысымды қалпына келтіру сияқты көптеген ота жасалады.

Офтальмология жақсы дамып келеді, біз қазір көз торына компьютерлік томография жасаймыз. Сондай-ақ макулодистрофияға диагностика жасалынады, бұрын оны дер кезінде анықтамағандықтан көздің көру қасиеті нашарлайтын, тіпті, соқыр болып қалатын.

- Көз ауруы асқынып кетпеуі үшін қай кезде офтальмолог дәрігерге көрінген жөн?

- Офтальмолог дәрігерге көру нашарлағанда ғана емес, жарыққа қарағанда көз алдында түрлі-түсті шеңберлер пайда болғанда, түнде көру төмендегенде, көз қызарса, қатты қышыса, ішіне құм түскендей ауырса, жас тоқтамай аға берсе де міндетті түрде көріну керек.

Көз аурулары көп, сондықтан асқындырмай, алдын алу үшін маманға жиі көрінуді әдетке айнадырған жөн. Мәселен, өңір тұрғындарында глаукома, алыстан көрмеу сияқты көз аурулары жиі кездеседі. Пациенттер дәрігерге уақытында қаралмайды.

Миопия енді басталып келе жатқанда көз тамшылары арқылы көздің өткірлігін қайтаруға болады.

- Көзілдірік пен линзаның артықшылығы мен кемшілігі неде? Линзаны ұзақ уақыт пайдалану зиян дегенді де естіп қаламыз.

- Көзілдірік тағу да, линзаны кию де зиян емес. Бірақ оны дұрыс таңдай білу керек. Сондай-ақ дәрігердің кеңесінен кейін ғана қолданған жөн. Өйтпеген жағдайда «амблиопия» - «жалқау көз» дамуы мүмкін.

Сондай-ақ, кей мамандық иелері үшін көзілдірік кию ыңғайсыз болуы мүмкін. Ондай жағдайда контактілі линзаға басымдық береді. Линзаны жарамдылық мерзімінен артық пайдалану, тазалықты сақтамау - көздің көруін төмендетуі мүмкін.

Көзілдірік тағатындар үшін де бірнеше кемшілік бар, қыста суықтан жылы жерге кіргенді әйнектің булануы немесе көз аумағын шектеуі де ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.

- Қос жанарымыз жақсы көруі үшін, жаңағыдай аурулардың алдын алу үшін не істеген жөн?

- Компьютер алдында жұмыс істесеңіз, әр жарты сағат сайын көзді демалдырыңыз, орныңыздан тұрып жүріп келіңіз, терезеге қараңыз. Жұмыс орнындағы жарықтың дұрыс болуы да маңызды. Тым көмескі немесе тым жарық болса, көздің нашарлауына әкеліп соғады. Жұмыс үстеліндегі шамның жарығы сол жақтан түскені дұрыс.

Кітап, газет-журнал оқығанда, іс тіккенде 30-35 см, теледидарды 2,5-3 метр қашықтықта көру маңызды. Ішімдік ішу мен темекі тарту да сіздің денсаулығыңызға, әсіресе, көзіңіздің көру деңгейіне әсер етеді.

Құрамында А, С, Е дәрумені бар тағамдарды көп тұтынған жөн. А витамині сәбізде, сары түсті болгар бұрышында, авокадо мен өрікте көп. С дәрумені итмұрында, қарақатта, болгар бұрышында, Е – түрлі жаңғақтарда, өсімдік майында бар.

Оларды пайдалану көздің көруін жақсартады, көзге түсетін салмақтың зардабын азайтуға көмектеседі.

- Рахмет!


Кейіпкердің жеке фотосы


Соңғы жаңалықтар