Жылда 100 мыңнан астам бала әке не ана тәрбиесінен айырылуда

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Облыс орталықтарында халық сайлаған билер болуы керек. Бұл туралы бүгін  республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде  ҚР Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қоғамда қалыптасып қалған даудың барлығы сотта шешіледі деген сана парадигмасын өзгертудің 4 жолын көріп тырмыз. Біріншіден - үгіт-насихат жүргізіп, жұртқа дауды шешудегі балама әдістерін  үйрету. «Ел ішінде дау көбейсе, ел шетінде жау көбейеді» айдарымен Алматыда, Шымкентте, Ақтауда, Атырауда зиялы қауыммен кездесулер өтті. Бұл бастама өте жақсы қолдау тапты, әлі де жалғастырамыз», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Қоғамдық даму министрлігімен бірігіп, медиацияны дамытудағы мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын тиімді ету  жұмыстары басталды. Одан бөлек Кәсіподақ федерациясымен жасалған меморандум аясында өңірлерде татуласу кабинеттері ашылып, насихат жұмыстары жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа татуласу рәсімдері туралы мәліметтер кеңінен жарық көруде. Сөйтіп, халық дауды сотсыз шешуге бағытталуда.  

«Екіншіден, татуласу орталықтарын ашып, тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсету. Татуласу орталығы тек дау шешу ордасы болып қана тұрмай, халықтың санасына оң әсерін тигізетін, соттасудың өзі ұят, табиғатымызға жат қылық екенін насихаттайтын, ұлттық идеологиямызды нығайтатын қоғам ордасы болуы тиіс», - деді С.Сүлеймен.

Үшіншіден ол билер институтын қайта жаңғырту, оны дау шешудегі балама әдіс ретінде қолдануды ұсынды.                                                                                                  

«Біздің заңдарымыздағы әділеттілік , адалдық принциптері, татуласу тәсілдері билер институтынан бастау алғанын әрдайым мақтанышпен айтамыз. Елбасымыз жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының да негізгі - ұлттық санаға, ұлттық болмысқа оралу. Айтылып отырған өзара татуласу, ауыл үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де осы рухани жаңғырудың бір тармағы. Осы орайда ауылда, ауданда, қалада, облыс орталықтарында халық сайлаған билер болуы керек.  Олар «би» атауына, оның қасиетті мәніне сай болып, халыққа қызмет етпей ме? Сөйтіп, билер институты балама әдіс болып, адамдар арасындағы және отбасылық дауларды шешер еді.  Сіздер, біздер болып, әкімдермен бірігіп, билер институтын қайта жаңғыртсақ»,-  деді ол.

Төртіншіден, төраға кеңесшісі заңнамаға даулардың кейбір санаттары бойынша сотқа дейінгі міндетті медиацияны енгізу қажеттігін баса айтты.

«Отбасылық, еңбек саласындағы, серіктестер арасындағы дауларды сотсыз шешудің жылдам әрі тиімді екені белгілі.  Ал бізде бұл істер сотта қаралғандардың басым көпшілігін құрайды. Аталған даулар халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді.  Бізде ажырасу оңай шаруаға айналған. Елімізде әрбір 3-ші отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір үшінші неке бұзылуда. Сонда, орта есеппен әр отбасында 2 бала деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке немесе ана тәрбиесінен айырылуда. Сондықтан аталған даулар бойынша сотқа дейінгі міндетті медиацияны заңнамаға енгізсек адамдардың құқықтарын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады, қоғамдағы даукестік деңгейін төмендетеді. Заңнамаларға жоба дайын, көп ұзамай өзгеріс Парламентке  беріледі»,-  деді Сағатбек Сүлеймен.

Соңғы жаңалықтар