Жылаған бүлдіршінді көргенде өз қызым елестеп кетті - Түркістанда өрттен адамдарды құтқарған полицей

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласындағы қонақ үйде болған өртте 5 жасар қыз бен 2 түрік азаматын құтқарып қалған полиция майоры Қанат Рақышев өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайтынын айтады. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген тәртіп сақшысының айтуынша, оның орнында болған кез келген азамат осылай әрекет етер еді.

Түркістан облыстық полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Қанат Рақышев оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Оның сөзінше, сол күні қызмет барысымен қаладағы нысандарды аралап, тексеріп жүрген.


«Түркістанға күзетілуі тиіс басшылар келе жатыр деген соң біз қаланың ішін қарап жүрген едік. Сол кезде қонақ үй жақтан түтін шыққанын байқадық. Оқиға орнына барсақ, өрт енді басталған екен. Әлі өрт сөндірушілер де келмепті. Жанымда әріптестерім ЖПҚ бастығы Ұлықбек Мылтықов пен оның орынбасары Бақытқали Кенжебаев, жүргізуші Қайрат Әлекешовтар бар болатын. Мен бірден қонақ үйге кіріп, ішінде ешкім қалмады ма деп қарап жүрдім. Қарасам, сол қабатта асхана бар екен. Асхананың маңайы жанып жатыр. Ал, дәлізде екі түрік азаматы жүр. Қолдарында шабадандары бар. Жүріңіздер десем, олар қорқып жүрмей қойды. Тұрып қалған. Себебі, өрт ол кезде өрши түскен еді. Олар түрікше сөйлеп жатыр, мен қазақша түсіндіріп жатырмын, болмайды. Содан қонақ үйдің ішіндегі өрт күшейіп, перделер жанып, құлап жатыр. Терезелер сынып кеткен. Ал, сыртқа шығатын жер біреу-ақ. Мен жүгіріп барып, шетелдіктердің біреуін қолынан ұстаймын да, екіншісін сүйреп кеттім. Төмен түсетін тепкішектің қасына келгенде жалын күшейген, оттың жанынан басымызды еңкейтіп өттік. Арғы жағынан өрт сөндірушілер келеді. Түрік азаматтарын алып шыққанымыз сол еді, біз шыққан аумақта жарылыс болды»,- дейді Қанат Рақышев.
Полиция майорының сөзінше, төтенше жағдай кезінде санаулы секундтардың өзі маңызды болып кетеді. Ал, жарылыс болғанда қатты толқыннан отты өшіріп жүрген жігіттер 5-6 метр жерге дейін ұшып кеткен. Біреулерінің беті күйіп, түрлі дене жарақатын алған. Олардың қызметі кез келген марапатқа лайық. Тәртіп сақшысы өрт кезінде әріптесі Ермек Өсербаевтың да адамдарды құтқару үшін ғимаратқа кіріп, жарылыс болған кезде ішінде қалып қойғанын айтады. Кейіннен әупірімдеп жүріп, сыртқа әрең шыққан.
«Сыртқа шықсақ адамдар жиналып қалған екен, шулап жатыр. Айтуларынша, қонақүйдің ішінде кішкентай бала қалып кеткен. Оны естіп бір өрт сөндіруші екеуміз ғимараттың ішіне жүгіріп кірдік. Екеуміз есіктерді теуіп ашып, қарай бастадық. Ол құлыптаулы тұрған бір есікті ашқанда ішінен жылап тұрған кішкентай қыз шықты. Ол жігіт қызды маған берді де, өзі басқа есіктерді қарауға кіріп кетті. Жанып жатқан отқа қарамастан, басын қатерге тігіп кетті. Ғимараттың іші қара түтін, түк көрінбейді. Мен қызды алып түсіп бара жатқанда аяғым тайып, құлап қалдым. Өйткені дәліздердің барлығына су шашылып, еден тайғанақ болып кеткен. Қолымдағы қызды барынша жұбатып, жылама деп айттым. Анаң қайда деп сұрасам, құрылыс алаңына кеткен деп қояды. Қыздарын бөлмеге қалдырып, есігінің сыртынан құлыптап кеткен екен. Сыртқа алып шыққанда қарасам, бір әйел ішке кіремін деп жылап тұр екен. Оны бірақ өрт сөндірушілер мен полицейлер жіберместен ұстап тұр. Қызды дереу сол кісілерге табыстадым. Бүлдіршін қатты қорқып қалған. Оны кейін ауруханаға алып кетті деп естідім», - дейді полицей.
Күтпеген жерде қиын сәттерді бастан өткерген Қанат Рақышев өрт сөндірушілердің көзсіз батырлығына риза болғанын айтады. Себебі, адамдарды аман алып қалу үшін басын қатерге тігу кез келгеннің қолынан келе бермейді.
«Сыртқа шықққанда қатты жалыннан өрт сөндірушілердің күйіп қалғанын көрдім. Біреуінің беті күйген де, терісі сыпырылып түсіп қалыпты. Жедел жәрдем көлігінің ішінде айғайлап жатыр. Қазір ойлап тұрсам, олардың жұмысы нағыз ерлік екен. Оттың ішіне кіріп, өз өмірін қауіпке тігу деген нағыз батырлық қой. Өмір мен өлімнің арасында жүреді деп айтсам да болады. Ал, өзіме келетін болсам бастапқы кезде адам баласымыз ғой, бізде де қорқыныш болды. Бірақ ішке кіргенде бір нәрсе ойлауға уақыт болмайды, әр секунд маңызды рөл ойнайды. Әсіресе, кішкентай қыз іште қалып кетті дегенді естігенде, өзімнің қызымды ойладым. Сол жылап тұрғандай болып елестеп кетті. Оның орнында менің қызым болса, не болар еді деген ой келді. Өйткені, менің де үш ұлдан кейін туған бес жасар қызым бар. Оны қатты жақсы көремін»,- дейді Қанат Рақышев.
2006 жылдан бері ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген полиция майоры - Алматы облысының тумасы. Қызмет бабымен қазір Түркістан облысында еңбек етіп жүр. Бүгінде үш ұл мен бір қыздың әкесі патрульдік полиция батальонында мінсіз қызмет етуде. Оған күні кеше оттың ортасында қалып, аман қалған түрік азаматтары да ризашылығын білдірді.
Еске сала кетейік, Түркістан қаласындағы Саттарханов көшесінде орналасқан «ROYAL GRAND HOTEL» қонақүйінің аумағында жарылыс болды. Мәлім болғандай, қонақүйдің артқы жағында газ цистернасын толтыру барысында газ тасымалдайтын автокөлік жарылған.
«Қазіргі таңдағы ақпарат бойынша, қаза болғандар жоқ», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов.
Оқиға салдарынан жапа шеккен 11 адамға медициналық көмек көрсетілді.









Соңғы жаңалықтар