Жыл соңына дейін Көкшетауда 18 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат-Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы бірқатар өндірістік нысандарды аралап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы қалалық саябақта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде демеушілер салған ашық аспан астындағы «Оpen air» кешенінде болды. Аталмыш дала жаттығуы кешенін «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС салып берген.

«Біздің бұл алаңды салудағы басты мақсатымыз, жастардың есірткісіз, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау. Бұл спорт снарядтарына жастар арасында сұраныс жоғары. Сондықтан, алдағы уақытта Васильковский шағын ауданы мен №4 орта мектептің ауласына орнату жоспарда бар. Бұл мектепте зауыт директоры Асен Жақсылықов білім алды», дейді «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС қаржылық директоры Аслан Құрманғалиев.

Сонымен қатар, «Технодом» қазақстандық сауда желісі мен «Қазақстанның халық банкі» АҚ филиалының демеушілігімен орталық саябаққа спорт жəне балалар алаңы салынған.

Мəлік Мырзалин «Сарыарқа» шағын ауданында жаңадан салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Қала басшысы Ермек Маржықпаевтың айтуынша, қазіргі кезде «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары үшін төрт тоғыз қабатты жəне жалдамалы алты бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса, əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арналған 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды.

«Жалпы, ағымдағы жылы Көкшетауда 132 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін барлығы 180 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілмек. Қазіргі кезде қалада көпқабатты 34 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның 18-ін ағымдағы жылдың соңына дейін тапсыру көзделген», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Көкшетау жылу» коммуналдық кəсіпорында болып, жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Қала басшылығына жылу беру маусымын ерте бастауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар