Жыл соңына дейін елорданың Алматы ауданында 10 қоғамдық кеңістік абаттандырылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл ауданымызда абаттандыру жұмыстары жүргізілетін қоғамдық кеңістіктер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласы Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің ауданымызда 20 мыңнан астам жарықтандыру көздері орналастырылған. Оның ішінде 2022 жылы біз 9 мыңға жуық жаңа үлгідегі жарықдиодты шамдарды ауыстырдық. Сонымен қатар, 4,5 мыңға жуық шамдар шағын алаптар мен аудандарда ауыстырылған болатын. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, біздің аудынымызда 344 көше орналасқан болса, оның 315 біздің ауданмен қызмет көрсетіледі. Қалған 29 көше бүгінгі күні теңгерімге тапсырылып жатыр. 2023 жылғы жоспарға келетін болсақ, біз 1,5 мыңға жуық жарықдиодты шамдарды ауыстырамыз деп отырмыз. Қорытындылай келе, жылдың соңында біздің ауданымыздың 95 пайызы жарықдиодты шамдармен қамтамасыз етілетін болады», - деді аудан әкімі.

Мақсат Саматұлының мәліметінше, былтыр аудан аумағындағы 8 қоғамдық кеңістікке абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

«2022 жылы ауданымыз бойынша 8 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биыл абаттандыру жұмыстары жүргізілетін осындай объектілер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ең үлкен жоба – ол Қ.Сәтпаев көшесін толық абаттандыру. Қазір бұл мәселені тұрғындармен талқылап жатырмыз. Яғни, бұл аумақтарды қалай өзгертеміз, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай жасау, балаларға арналған ойын алаңдарын қайда орналастыру керек деген сұрақтарды пысықтау үстіндеміз», - деді Мақсат Саматұлы.

Оның айтуынша, мұндай жұмыстар биыл Абылай хан даңғылы бойында да жүргізілмек.


Соңғы жаңалықтар