Жыл соңына дейін бүкіл республика бойынша электр энергиясына сараланған тарифтер енгізіледі

None
None
АСТАНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  -Ағымдағы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде электр энергиясына сараланған тарифтер енгізіледі.

 Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрағаның айтуынша, өткен жылы қабылданған «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес, былтырдан бастап бірқатар өңірлерде электр энергиясының тұтыну көлемі бойынша сараланған тарифтер енгізілген. «Бүгінгі күні электр энергиясына сараланған тарифтер Алматы  мен Астана қалаларында, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарында енгізілген. Ағымдағы жылдың соңына дейін бұндай тарифтерді енгізу республикамыздың барлық өңірін қамтитын болады. Жалпы осы әдісті енгізудің тиімділігі мол. Мәселен, сараланған тарифтерді енгізу арқылы тұтынушылар Алматы қаласында жылына шамамен 240 млн. теңгені, ал Астана қаласында  43 млн. теңгені үнемдейтін болады», деді Агенттік төрағасы.

Оның айтуынша, энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тәулік белдемдері бойынша және электр энергиясын тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді қолдану міндеттеледі. Бұл ретте электр энергиясына күндізгі және түнгі тарифтерді қолдану өткен жылдан бастап  қамтылған.  Соның нәтижесінде, күндізгі және түнгі тарифтерді белсенді пайдаланған Алматы қаласында жарты жылдың ішінде 110 млн. теңгенің қаражаты үнемделген.

Соңғы жаңалықтар