Жыл соңына дейін астанада 28 мың жұмыс орны ашылады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл соңына дейін астанада 28 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Биылғы жарты жылда атқарылыған жұмыстардың нәтижесін баяндаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл соңына дейін 28 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 17 мың тұрақты, 11 мың уақытша жұмыс орындары болады. 1 шілдедегі жағдай бойынша 12,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бүгінде «Enbek.kz» порталында 7 мыңнан астам бос жұмыс орны тіркелді», - деді Азамат Байтасов.

Сондай-ақ, орталық жыл басынан бері жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар азаматтар туралы да деректермен бөлісті. Оған сәйкес, биыл 7 арнайы жұмыс орны ашылған.

«Халықты жұмыспен қамту орталығының маңызды бағыттарының бірі - халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, оларды жұмыспен қамту және қоғамдық өмірге тарту. Ағымдағы жылдың басынан қызметке орналасуға 454 мүмкіндігі шектеулі азамат өтініш білдірді. Оның 450-не жұмыс берілді. Атап айтқанда, тұрақты жұмыс орындарына – 174, қоғамдық жұмыстарға – 255, жастар практикасы бойынша – 5, әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша – 3, күміс жас бағдарламасымен – 1 адам жұмысқа тұрды. Ал, кәсіптік оқыту курстарына мүмкіндігі шектеулі 7 адам жолданды», – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры.

Азамат Байтасовтың дерегінше, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жұмыс орындарын құру кезінде арнайы жабдықтарды сатып алу үшін мемлекет субсидия бөледі. Мәселен, есту қабілетінде ақуы бар азаматтар қызмет ететін бір жұмыс орнына - 1 004 250 теңге, ал тірек-қимыл аппараты бұзылған елордалықтар еңбек ететін бір кәсіпорынға - 765 000 теңге бөлінеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін биылғы бес айда 5 мыңнан астам елордалықтың жұмыспен қамтылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар