Жыл соңына дейін Алматы қаласын қаржы орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасы қабылдануы керек - ҚР Ұлттық Банкі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың желтоқсанына қарай 2020 жылға дейінгі Алматы қаласын қаржы орталығы ретінде дамыту тұжырымдамасы қабылдануы керек. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов осылай мәлім етті.

«Құжатты дайындауға барлық мемлекеттік органдар қатысып жатыр. Бұнымен қоса, жұмысқа Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің, Азия Даму банкінің сарапшылары, Дүниежүзілік банк пен Ислам даму банкінің өкілдері де атсалысуда. Бұдан бөлек, бұл бағыттағы жұмысқа қаржы орталықтарын дамыту саласындағы, жаһандық қаржы орталықтары мен исламдық қаржыландыру саласының жетекші консультанттары да қатысады», - деді ҰБ төрағасы.

Оның айтуынша, аталған жұмыс бойынша бүгінгі таңда алдын ала қадамдар қаралған.

«2004 жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылды. Дегенмен, Лондон, Гонконг, Сингапур мен Дубай секілді үлкен қаржы орталықтарының дамуын зерделей отырып, олардың тәжірибесін, өңірлік қаржы орталығын Қазақстанда дамытуды қарастыруымыз керек. Ал бұл тәжірибеге сүйенсек, бізде экономиканың бәсекеге қабілеттілігінің деңгейі жоғары болуы керек», - дей келе ҰБ басшысы жаһандық есепке сәйкес, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдердің елулігінде екенін жеткізді.

«Бұдан бөлек, тиісті бизнес-орта қалыптасуы шарт. Бұл ретте біз үшін «Doing Business» бизнесті жүргізу көрсеткішін жақсарта түсу қажет», - деді Қ.Келімбетов.

Оның сөзіне қарағанда, Сингапур мен Гонконг секілді жаһандық қаржы орталықтары «Doing Business» рейтингісінде 1-2-ші орындарда тұрса, Лондон орталығы 10-шы, Дубай 23-ші орында.

«Сондықтан біз әлемдік озық стандарттарға жақындауымыз керек», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар