Жыл сайын жүрек-қан тамыр аурулары салдарынан 40 мың адам көз жұмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл сайын елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан 40 мың адам қайтыс болады. Бұл туралы Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасы 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған 17 жаһандық Тұрақты дамудың мақсаттарына қол жеткізу бойынша міндеттемелерді қабылдады. Тұрақты дамудың мақсаттары қабылданған сәттен бастап мемлекетімізде оларды іске асыруда оңтайлы нәтиже байқалды. Алайда, денсаулық сақтау саласындағы Тұрақты даму мақсаттарын құрайтын 14 индикатордың жетеуі тиісті деңгейде орындалмады», - деді А. Әлназарова Сенаттағы Үкімет сағатында денсаулық сақтау мәселесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, соның арасындағы маңызды көрсеткіштер қатарында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы, 30-дан 70 жасқа дейінгі жас тобындаға адамдардың жұқпалы емес аурулардан өлімін азайту, денсаулық сақтау қызметімен халықты жаппай қамту мәселесі бар.

Қазақстанда қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-деңгейі жоғары екеніне тоқталған сенатор: «Жүрек-қан тамыр аурулары салдарынан адамдар мүгедек болып жатады. Елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам осы індеттен қайтыс болады», - деді.

Өз кезегінде «University Medical Center» корпоративтік қоры» басқармасының төрағасы Юрий Пя әлем елдерінде жыл сайын жүрек-қан тамыр ауруларынан 19 млн-ға жуық адам қайтыс болатынын айтты. Елімізде де осы ауру кеңінен таралып отыр.


Соңғы жаңалықтар