Жыл сайын еңбек нарығына 300 мың жас маман келеді – Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев еңбек нарығы мен ЖОО мен колледж түлектерінің біліктілігі мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізде жастардың жұмыссыздығы мәселесі айтарлықтай өткір емес, өйткені 90-шы жылдары демография бәсеңдеді. Түрлі проблемалар, дағдарыстар болды, балалар аз дүниеге келді. Бірақ 2000 жылдардан бастап жағдай өзгерді, қазір де бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Мысалы, таяу жылдары бізде жыл сайын еңбек нарығына 300-350 мың жас шығып отырады. Әрі қарай да бұл көрсеткіш өседі. Яғни, бұл қысымды алдағы 20-30 жылда үнемі сезінетін боламыз. 2003 жылы 247 мың бала туса, өткен жылы 446 мың бала дүниеге келген. Қазірдің өзінде екі есе көп туады, 20 жылдан кейін олар еңбек нарығына шығады. Тиісінше, алдағы жылдары балалардың, жастардың еңбек нарығына шығуын болжап, оларды тиісті жұмыспен қамтуымыз қажет», - деді Мәулен Әшімбаев Сенаттың бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, Сенат төрағасы мәселенің екінші бөлігі жастардың біліктілігінде жатқанын баса айтты.

«ЭЫДҰ елдерінің, Дүниежүзілік банктің, басқа ұйымдардың мамандарының зерттеулері бар. Мектепті айтпағанда, ЖОО мен колледж түлектерінің біліктілігі айтарлықтай төмен екенін, ашығын айтсақ, ЭЫДҰ елдерінің түлектерімен бәсекеге қабілетсіз екенін көріп отырмыз. Жоғары оқу орнын бітірген жастар одан әрі білікті жұмыс орындарына орналаса алмайды. Сосын қайда барады? Базарға, құрылысқа, өзін-өзі қамтуға кетеді. Бәрінен бұрын жастардың сапалы жұмыс орындарына баруы үшін түлектеріміздің және жастардың біліктілігін арттыруымыз керек. Тиісті еңбек саясаты мен білім беру саясатын жоспарлап, іске асыру кезінде жастардың өз бетінше жұмыс істемей, сапалы жұмыс орындарын алуы үшін жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің біліктілігін арттыруымыз керек», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Сенатта «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспары талқыланып жатыр.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры компаниялар тобындағы өндіріс жұмысшыларының жалақысы артады.

Сонымен бірге, Қазақстанда 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады.


Соңғы жаңалықтар