Жыл сайын 20 мың әйелге қолдау көрсетеміз – Ералы Тоғжанов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл сайын 20 мың әйелге көмек пен қолдау көрсетіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін елордада жаңадан ашылған «Бақытты отбасы» әйелдерге арналған орталықтың жұмысымен таныстық. Орталық басшылығы мен қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Бүгінде 1700-ге жуық әйел кәсіп меңгеріп, оның 800-і еңбекпен қамтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз халықтың кірісін көбейтуге арналған бағдарламаны әзірледік. Соның аясында жыл сайын 20 мың әйелге көмек, қолдау көрсететін боламыз», - деді Ералы Тоғжанов елордада әйелдерді қолдауға арналған орталықтың ашылу салтанатында.

Оның айтуынша, қазіргі қоғамда әйел затының рөлі жыл санап артып келеді.

«Елімізде әр ана бірнеше бала тәрбиелеп отыр. Бұған дейін айтқанымдай, ел тәуелсіздігінің тірегі – ана. Тәуелсіздігімізді сақтап, келесі ұрпаққа аманат ету - біздің міндетіміз. Бұл жолда ана сүтімен берілетін қасиет пен тәрбиенің рөлі ерекше», - дейді ол.

Сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары шара барысында салт-дәстүрді сақтап, қолөнер, тігінмен айналысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген әйелдерге алғыс хат тапсырды.

Айта кетейік, бүгін Нұр-Сұлтанда әйелдерді қолдауға арналған «Бақытты отбасы» орталығы ашылды.


Соңғы жаңалықтар